Инвесторлар үшін ҚМГ акциялары несімен тартымды?

2354

Таяуда қарапайым қазақстандықтардан бастап кәсіпқой инвесторларға дейін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) IPO-сы арқылы отандық мұнай-газ өнеркәсібіне инвестиция сала алады.  

Инвесторлар үшін ҚМГ акциялары несімен тартымды? Фото: KMG

Ұлттық компания акцияларының 90,42%-ына ие "Самұрық-Қазына" қоры ҚМГ-нің 30 505 974-ке дейінгі жай акциясын немесе компанияның жарияланған акцияларының жалпы санының 5 %-ына дейінгі мөлшерін сатуға ұсынып отыр. Осы орайда, бір жай акцияның бағасы 8406 теңге болып белгіленді.

Бұл ұсыныстың инвесторларды неге қызықтырып отырғанын қарастыруды ұсынамыз.

№1 себеп: Мүмкіндіктер терезесі

Бірінші кезекте, инвесторлардың бағалы қағаздарға қызығушылығын тудырып отырған жайт – саланың өзінің келешегінің зор екендігі. Айталық, биыл компанияның IPO-ға шығуының қолайлы факторларының ішінде мұнай бағасының жоғары болуы және компания өнімдеріне сұраныстың артуы бар. Қазақстан әлемнің мұнай өндіретін аса ірі жиырма елінің қатарына кіреді, ал оның географиялық орны өнімді Еуропа нарықтарына, сондай-ақ Қытай және өзге де Азия елдерінің  қарқынды өсіп келе жатқан нарықтарына жеткізу тұрғысынан стратегиялық артықшылықтарды береді.

№2 себеп: Өсу потенциалы  

Эмитенттің өзінің тартымдылығын да атап өтуге болады. Қалай дегенмен, ҚМГ – Қазақстандағы тұрақты қаржылық, өндірістік көрсеткіштерге ие және әртараптандырылған активтер қоржыны бар жетекші мұнай-газ компаниясы. Сондықтан ҚМГ акцияларын ұзақ мерзімді инвестициялау құралы ретінде қарастыратын инвесторлар үшін бұл – компания жетістіктерінің қаржылай табысын бөлісу мүмкіндігі. ҚМГ портфелінде мұнай-газ-химияны және геологиялық барлауды қамтитын жаңа жобалар бар, олар болашақта компания кірісінің өсуіне, соның нәтижесінде акциялар құнының жоғарылауына әсер етуі мүмкін.  

 

№ 3 себеп: Жағымды дивидендтер тарихы

IPO-дан кейін ҚМГ акцияларын ұстаушылар үшін, алдағы үш жылға, мұнай бағасы қолайлы болған жағдайда, дивидендтердің минималды мөлшері белгіленетін болады. Осыған байланысты, ҚМГ дивидендтер тарихына көз жүгірту маңызды. Ол компанияның дивидендтер бойынша төлемдерінің көлемі 2019 жылы 82 млрд теңгені, ал 2020 жылы 50 млрд теңгені құрағанын көрсетеді. Өз кезегінде, биылғы жылдың 20 маусымында ҚМГ "Самұрық-Қазына" АҚ-ның және ҚР Ұлттық банкінің шешіміне сәйкес, өзінің 2021 жылғы акциялары бойынша жалпы сомасы 200 млрд теңге дивиденд төлеген.  

Сарапшылар да өз болжамдарымен бөлісті. "UD Capital" АҚ басқарма департаментінің директоры Дамир Сейсебаевтің айтуынша, ҚМГ акциялары әртүрлі санаттағы инвесторларды қызықтырып отыр. "Алып-сатуға ниетті инвесторлар, мәселен, мұнай бағасының динамикасына байланысты ойнай алады, ол үшін акциялардың қайталама нарықтағы өтімділігі жеткілікті болуы шарт. Ұзақ мерзімді инвесторларды компанияның құны қалай өсетіні, күтілетін кірістің талап етілетін шамадан қаншалықты жоғары болатыны қызықтырады", – деп атап өтті сарапшы. Бұл орайда, оның айтуынша, компанияның еркін ақша ағымын ұзақ мерзімді перспективада түрлендіру қабілеті компанияның көлемді қалай арттыратынына байланысты болмақ, оның ішінде жаңа жобалары есебінен.

Дамир Сейсебаев акциялардың инвестициялық құрал ретінде тәуекелдер тұрғысынан ерекшеліктерін де еске салды.

"Мен акциялардың инвесторларды тек ұзақ мерзімді перспективадағы дивиденд ретінде ғана қызықтырып отырғанына күмәндімін. Жекелеген кезеңдерде бәлкім солай да шығар. Компанияның пайдасы көп жағдайда мұнай бағасына тәуелді, ал ол – өте құбылмалы. Дивидендтер тұрғысынан тартымды болу үшін, компания дивиденд мөлшерін жылдан жылға арттыруы керек және ол тұрақты болуға тиіс", – деп атап өтті сарапшы.

Өз кезегінде экономист Алмас Чукин қазіргі сәтте "ҚазМұнайГаз" акциялары инвесторлардың қызығушылығын дәл осы кірістер мен тәуекелдердің арақатынасы тұрғысынан қызықтыруы мүмкін деп санайды.

"Қазір ҚМГ-де жағдай жаман емес және мұны тек бағаларға қатысты айтып тұрған жоқпын. Қарызы ақылға қонарлық 10 млрд-қа дейін төмендеді, Қашаған пайдалануға берілді, Қазтрансгаз (бүгінде – Қазақгаз) топтан жеке компания етіп шығарылды және Ромпетролдің өзі аздап табыс әкелуде. Бірінші санаттың (1P) қорлары 16 жылға жетеді. Портфелінде өте тиімді бірқатар жобалар бар: Исатай, Абай, Жеңіс, Әл-Фараби, Құрманғазы, Қаламқас теңіз, Торғай және Хазар. Келер жылы ТШО екінші кезегі іске қосылады, оның 20%-ы – ҚМГ-нің үлесінде", - деп бөлісті сарапшы.

Бұл ретте, ол қорлар бойынша болжамның одан да жақсырақ екенін атап өтті: 1Р санаты бойынша "дәлелденген қорлар" 3,5 млрд баррельді, ал 2Р санаты бойынша "дәлелденген плюс ықтимал" – 5 млрд-қа жуық баррельді құрайды.

"Егер жердегі қорлардың баррелі үшін жоқ дегенде 5 доллардан алса, 20-25 млрд доллар шығады, бұл қорларды мұндай ақшаға қазірдің өзінде-ақ сатуға болады. Бірақ одан да маңыздысы, ҚМГ-де ұлттық компания ретінде Қазақстанның кез келген көмірсутегі кен орындарын алуға басым құқығы бар. Яғни, кен орындарын сатып алуға компаниядан шығын шықпайды", – деп түсіндірді Алмас Чукин.

Компанияның өз міндеттемелерін валютадағы 6%-дық орташа құнымен біркелкі графикпен 30 жылға ұзартқаны да маңызды.

"Бүгінгі күнге бұл жақсы көрсеткіш", – деп санайды сарапшы.

Сол сияқты, ол бұл IPO-ны еліміз үшін жақсы шешім екенін, оның ішінде компанияның өзін де оңалтып, оны басқаруды барынша нарыққа сай тәсілдер арқылы жақсарта алатын шешім деп қабылдап отырғанын жеткізді. Бұл ретте, сарапшы аталмыш инвестициялық құралдың тәуекелдерін түсіне отырып, акцияларды сатып алу туралы шешімді әркім өзі қабылдауға тиіс екенін баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу