IPO-ға шыққаннан кейін қандай жобалар "ҚазМұнайГаз"-дың табысын арттыруға мүмкіндік береді?

1770

IPO аясында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ акцияларын сатып алуға өтінімдерді қабылдау жалғасып жатыр.  

IPO-ға шыққаннан кейін қандай жобалар "ҚазМұнайГаз"-дың табысын арттыруға мүмкіндік береді? Фото: Максим Морозов

Әлеуетті инвесторларды қызықтыратын мәселенің бірі – эмитенттің таяу жылдары кірісін арттыруға қатысты перспективалары. "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев бүкіл Қазақстан бойынша өтіп жатқан инвесторлармен кездесулерінің бірінде атап өткендей, ҚМГ – экономика және қор нарығы тұрғысынан еліміздегі аса ірі компаниялардың бірі. "Былтыр мұнай мен газ конденсатын өндіру 21,7 млн тонна шамасында болды, бұл Қазақстандағы барлық өндірудің 25 %-ға жуығын құрады. Бұл "ҚазМұнайГаздың" бірлескен кәсіпорындар мен қауымдастырылған компаниялардағы үлесін қамтитын жиынтық нәтиже".

Д. Қарабаевтың айтуынша, ҚМГ-нің мұнай өндіру бойынша негізгі активтеріне "Өзенмұнайгаз" АҚ (жылына 5,3 млн тонна) және "Ембімұнайгаз" АҚ (жылына 2,5 млн тонна) жатады. "ҚазМұнайГаз"-дың бұл компанияларға қатысу үлесі жүз пайыз. Бұдан бөлек, ірі активтерінің арасында, қатысу үлесі 50% болса да, спикер "Маңғыстаумұнайгаз"-ды атап өтті. Оның айтуынша, аталмыш компания жылына 6 млн тоннаға жуық мұнай өндіреді.

IPO-ға шыққаннан кейін компанияның табысын арттыруға мұнай өндіруші алып жобалар да көмектеседі, оларда да ҚМГ-нің қатысу үлестері бар – Теңіз (үлесі 20 %), Қарашығанақ (үлесі 10 %) және Қашаған (үлесі 16,88 %). "IPO Проспектіне енгізген қаржылық есептілікте біздің Қашағандағы үлесіміз 8,44 % деп көрсетілген, бірақ 9 айға жасалған есептілікте біз жобадағы сатып алған екінші 8,44%-ды да көрсеттік. Яғни, қазір біздің Қашағанға қатысу үлесіміз 16,88% ", – деп түсіндірді Дәурен Қарабаев. 2022 жылғы қыркүйекте "ҚазМұнайГаз" "Самұрық-Қазына" қорынан "ҚМГ Қашаған Б.В." компаниясындағы 50% үлесін сатып алғаны белгілі. Бұл "ҚазМұнайГаз"-дың соңғы жылдары жасаған ең ірі мәміленің бірі. Қашаған жобасындағы үлесін көбейтуі нәтижесінде Ұлттық компанияның шоғырландырылған  өндіру көлемі, EBITDA, таза табыс және активтер көрсеткіштері жақсарады.

Бұдан бөлек, ҚМГ еліміздің ішкі нарыққа да, экспорт нарықтарына да шығатын барлық  мұнай құбыры жобаларында ұсынылған. Тасымалдау сегментінде компанияның  "ҚазТрансОйл"-да 90 %, "Каспий құбыр консорциумында" (КҚК) 20,75 %, сондай-ақ Қазақстан-Қытай Құбыры мен "Мұнайтас" компаниясында 50 %-дан үлестері бар. Компанияның мұнай-газ секторы бойынша көш басындағы орнын Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарына 100%-дық, ал Шымкент мұнай өңдеу зауытына 50%-дық қатысу үлестері есебінен қол жеткізілген өңдеу қуаттылығы да қамтамасыз етеді.

Биыл "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының құрылғанына 20 жыл толды.

"Осы уақыт ішінде компания M&A мәмілелері (бірігу және қосып алу), сондай-ақ бұрыннан бар және жаңа жобаларға инвестиция салу сияқты маңызды сатып алуы есебінен өсті. Сондықтан егер 2002 жылғы  "ҚазМұнайГазды" бүгінгі нәтижемен салыстырсақ, барлық негізгі көрсеткіштерінің бірнеше есеге артқанын көруге болады: өндіру, тасымалдау, өңдеу көлемдерінен бастап, активтері мен пайдасының көбейгеніне дейін", – деп түйіндеді сөзін Дәурен Қарабаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу