Иран Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің бас хатшысы Әли Лариджани Тегеранның Вашингтонмен келіссөзді қайта бастағысы келетіні туралы хабарды жоққа шығарды. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Лариджани X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады. Шенеунік The Wall Street Journal газетіне шыққан материалды негізге алған. Ол "Вашингтонмен келіссөздерді қайта бастау үшін қадамдар жасалып жатыр, бұл ұсыныс Оман арқылы жеткізілді" деген мәлімдемені теріске шығарды.
"Біз АҚШ-пен келіссөз жүргізбейміз", – деді Иран Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің бас хатшысы.
Бұдан бөлек Лариджани АҚШ президентінің Иранға қатысты мәлімдемелеріне де пікір білдірді.
"Енді Трамп америкалық сарбаздар қатарында болған шығынға алаңдап отыр. Ол өзі ойлап тапқан "Алдымен Америка" ұранын "Алдымен Израиль" дегенге айналдырды. Израильдің мүдделері үшін америкалық әскерилерді құрбан етті", – деді Әли Лариджани.
Сондай-ақ Таяу Шығыста орналасқан америкалық базаларға қатысты да тоқталды. Оның сөзінше, Иран өңірдегі елдерге шабуыл жасауды мақсат етіп отырған жоқ. Десек те, Лариджани бұл мемлекеттегі базалар Тегеранға қарсы қолданылған жағдайда, қарымта жауап болатынын айтты.
Айта кету керек, бұған дейін Иранның уақытша жоғарғы көсемі тағайындалғанын жазғанбыз. Дональд Трамп Ирандағы әскери іс-қимыл қанша уақытқа созылатынын айтты.