Иран ақыры кемелерге Ормуз бұғазынан өтуді ақылы етті

Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Багаи айтты.

Иран ақыры кемелерге Ормуз бұғазынан өтуді ақылы етті Фото: ЖИ

Десе де, Тегеран мұның тек "навигациялық қызметтер" үшін алынатынын мәлім етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Ормуз бұғазы, Парсы шығанағы және Оман теңізінде навигациялық көмек және қоршаған ортаны қорғау шараларын қоса алғанда көрсетілетін қызметтер белгілі бір алым жинауды талап етеді, – деді Багаи апта сайын өтетін брифингте. 

Оның сөзінше, Иран алымдар алуға тырыспайды, бірақ бұғазды басқару мәселесі – жағалаудағы мемлекеттердің құзырында. Багаи сонымен қатар кемелердің Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өтуі үшін хаттама бойынша жұмыс істеп жатқанын және тиісті тетікті құру бойынша консультациялар жүргізіп жатқанын хабарлады.

Иран СІМ өкілі Тегеран мен Маскат бұғазды еркін сауда және қауіпсіз кеме қатынасы үшін пайдалануды қолдайтынын айтты. Бұл ретте акваторияны бақылауды күшейтудің себебі "бұғазды Иранға қарсы әскери агрессия үшін пайдалану" болды. 

Тегеранның мәлімдемелері Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазы кеме қатынасы басқармасы (PGSA) БАӘ мен Оман талап ететін сулардың бір бөлігін қамтитын реттеуші аймақтың картасын жариялағаннан кейін бірнеше күн өткен соң жасалды. Жарияланған ережелерге сәйкес, Иран белгілеген аймақ арқылы транзитпен өтетін кемелер алдын ала рұқсат алуы тиіс. 

Жауап ретінде Бахрейн, Кувейт, Қатар, Сауд Арабиясы және БАӘ Халықаралық теңіз ұйымына бірлескен хат жолдаған. Онда кеме компанияларын PGSA-мен байланыс орнатпауға және Иран ұсынған бағыттарды пайдаланбауға шақырған. 

Жаза кетейік, Ормуз бұғазы – әлемдегі ең маңызды энергия ресурстарын жеткізу жолдарының бірі. Ол арқылы әлі де жер-жаһандағы мұнай мен газ саудасының шамамен бестен бір бөлігі өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу