Осы орайда, inbusiness.kz сайтының тілшісі журналист, ирантанушы Қуанышбек Қариді әңгімеге тартып, бірнеше сұраққа жауап алған еді.
Ирандағы қазақтарды көшіріп алуға болады
– Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың әлі де өршу қаупі қашанда бар. Сіріңкені тұтатса, қайтадан өрши түседі. Бірақ, соңғы жағдайда екі жақ та әскери потенциалын шамалап қалса керек. Сондықтан, бүгін-ертең тұтанбаса да, бірсігүндері тұтануы әбден мүмкін, – деп сөз бастады ол.
Кейіпкерімізге "Осы жағдайды пайдаланып, Ирандағы қазақтарды елге көшіріп алу мүмкіндігі бар ма?" деп көптің көкейінде жүрген сауалды қойдық.
– Мұнымен нақты айналысатын құзырлы мекемелер бар. Алып келу ниеті бір басқа, алып келу ұсынысына "иә" не "жоқ" деп жауап беретін тараптың қандай ұстанымда екенін білмейміз. Яғни, біз "көшірейік" дегенімізбен, олар келмеуі мүмкін. Бірақ, көшкісі келетіндерді осы жағдайды пайдаланып алып келуге болатын шығар. Бірақ, бәрі бірдей көшіп келеді деп айта алмаймын. Өйткені, ол жерде нақты соғыс қимылдары болған жоқ. Иә, қазақтар тұратын провинцияның аспанында зымырандар ұшып жүрсе де, сол қалаға келіп жарылып, адам шығыны болатындай жағдай тіркелмеді, – деп нақтылай түсті ол.
Иран Таяу Шығыс аймағы үшін біраз шиеленістің алдын алды
Сарапшыға бағытталған келесі сұрақ "Қос ел арасындағы қақтығыстың Қазақстанға әсері қаншалықты?" дегенге саяды. Оның сөзінше, ешкімге санкцияның астында қалған ел керек емес.
– Иранда мейлінше, қазақша айтқанда бәтуалы мемлекеттің орнағаны керек. Қазақстанға санкциядағы Иран керек пе? Жоқ! Тыныш Иран керек пе? Керек! Тұрақтылықты қамтамасыз ететін Иран керек пе? Керек! Сондықтан, саясаты тұрақты және ымырашыл бағыттағы Иран керек сияқты. Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, жалпы Кавказ, Орталық Азия аймағы үшін солай. Ал санкция астындағы, үнемі Батыстың, басқаның теріс қырындағы қазіргі Иранның болуы Кавказ, Орталық Азия мемлекеттерінің олармен жеткілікті деңгейде байланыс орнатуына кедергі туындатып отыр. Сондықтан, бұл мәселені кеңінен қарастырған жөн сияқты. Иран бір қауіптің бетін қайтарды. Оны айту керек. Ол өзі үшін ғана емес, Таяу Шығыс аймағы үшін біраз шиеленістің алдын алды деп ойлаймын. Өйткені, "Израиль ұрды, Америка ұрды" деп, оларға қарымта қайтарып, жеңбесе де, "жеңілген күреске тоймайды" деп қайта-қайта жұдырықтасып "рингке" шыға берудің пайдасы жоқ еді. Бұл аймақта тұрақсыздық туындатып, күрделі жағдай қалыптастыруы мүмкін еді. Сондықтан, орта жолдан қайтып, мәмілеге келгені дұрыс болды. Бұл аймақ елдерінің бәрі үшін тиімді, – дейді журналист.
Иран мен Израильді ешқандай мемлекет татуластыра алмайды
Тақырыптағы пікірдің авторы – Қуанышбек Қари. Ол екі жақ тек өзінің мүддесі үшін қақтығыстарды тоқтатуға мәжбүр болғанын еске салады. Әрі қақтығыстың неден басталғанына тоқталып өтті.
– Израиль өзінің ішкі алауыздығын, Үкіметтің ішіндегі тартысты деңгейін басу үшін сыртқы ортақ дұшпан Иранға шабуылға кірісті. "Ішкі бірлікті нығайтамын" деген бір пиғыл болған сияқты. Оған жетті ме, жетпеді ме, оны алдағы уақытта көрсетеді. Израиль Премьерінің үстінен іс қозғалып жатыр, алдағы аптада соты бар. Израиль Иранмен соғысуға мәжбүр болды, бірақ сол Үкімет күткендей ішкі саясат үшін қажеттілікті өтеді ме, жоқ па, ол белгісіз.
Соғысты Израиль бастағандықтан, Иран өзін "лайықты деңгейде жауап бердім" деп ойлайды. Ал мәмілеге бармайды, бірақ соғысты тоқтатуға мәжбүр. Себебі, Иранның техникалық мүмкіндігі Израильден едәуір төмен. Бірақ, қарулар саны, атап айтқанда балистикалық зымырандар саны көп екені байқалып қалды. Иран осыған малданып, көп адам шығыны болса да, материалдық шығынға батса да, өзін жеңімпаз танып отыр. "Соғысты орта жолдан тоқтата білдік" деп, әрі соғысты тоқтатуға деген ұсынысты қабылдағанының өзін батылдық ретінде жоғары бағалап отыр. Сондықтан екі жақ бітімге келуге мәжбүр.
Шындап айтқанда, бұл бітімге келуге екі жақты да бейімдеп отырған – Америка. Мысалы, олар Израильге берген уәдесін орындап, соғыс жағдайында көмектескенін бұлдап, енді соғысты тоқтату талабын қойып отырса, Иранға бір ғана операциямен қоқан-лоққы жасап, соғыс қимылына бара алатынын көрсетті. Яғни, алдағы уақытта осындай қақтығыс болса, "байқа!" деген ескерту жасады. Сондықтан, осы арқылы бір жаққа Америка уәдесін орындады, екінші жаққа өз әлеуетін байқатты, – дейді ирантанушы бізге берген пікірінде.
Иран ядролық бағдарламаны дамытуға соңғы 20 жылда қатты күш салды
Негізінен, Американың Иранға бағытталған түнгі жорығы ауыр, сирек қаруды бірінші рет қолдануымен есте қалғандай. Журналист Қуанышбек Қари онда АҚШ-тың жер астына бункерге қатысты қолданатын қаруды қолданғанын айтады. Оның 60 метрге дейін дендеп ене алатыны жайлы деректер бар. Десе де, АҚШ бомбалаған Иранның уран байыту зауыты 80-90 метр тереңдікте делінеді. Оған нақты жеткені не жетпегені туралы дерек жоқ, тиісінше дау көп.
– Трамптың өзі "елеулі түрде залал келтірілді, тіпті қызды-қызымен Иранның ядролық бағдарламасын жоқ қылдық" дегенге дейін барды. Кейбіреулер оны жоққа шығарды. Оның ішінде Американың БАҚ өкілдері де бар. Дегенмен барлау орындары келтірілген шығындар туралы мәліметтің шет-жағасын шығарды. Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі бомба түскен Форду уран байыту зауытының зардап шеккенін мойындады. Бірақ, қаншалықты зардап шеккенін ешқандай тарап нақты айтып тұрған жоқ. Иран енді "ядролық бағдарламаны бейбіт мақсатта пайдаланамыз" деп соңғы 20 жылда дамытуға қатты күш салды, – деді ол.
Израиль осы соғыста Иранның әскери генералдарының көзін жойды
Ядролық бағдарлама жұмыстары үшін Иранға Ресей көп көмектескен. Тіпті, аяқсыз қалған Бушер атом электр станциясын салып берген, кадрлармен де көмектесіп, Иран мамандарын оқытып, ғылыми жұмысын қорғап, осы салаға дайындап берген болатын.
– Ресейді бұрынғы Совет одағының ядролық бағдарламасының ізбасары деуге болады. Ол әлемдегі алып державалардың бірі болды, ядролық арсеналға ие болды. Соның бір жұқанасы Иранға да тиген сияқты. Израиль осы соғыста бірінші кезекте Иранның әскери генералдарының көзін жойды, екінші кезекте Иранның ядролық физик мамандарын, ядролық жарылыс бойынша ғылыми жұмыс қорғаған адамдардың көзін жойды. Иран қанша жерден "ядролық бағдарламаны бейбіт мақсатта пайдаланамыз" дегенімен, Израиль нақты шабуыл жасап, 16-17 адамның көзін құртты. Олардың жасы 37 мен 64-ті қамтиды. Бұл 100 адамнан іріктеліп алынған 17 физик еді. Израиль бұған дейін де бір-бірлеп бірнеше физиктің көзін жойып, Иранда терракт жасаған жайы бар. Иран ядролық бағдарламасын бұдан әрі де жасырын ұстауға тырысады. Иран Парламенті бұған дейін әріптестік орнатып келген халықаралық атом агенттігімен байланысты кейінге қалдыру туралы заң қабылдады. Байланысты тоқтату емес, көп жерде солай хабарлануда. Яғни, байланысты кейінге қалдыру, шегеру. Демек, байланыс жанданады деген сөз, – деп сөзін жалғады Қуанышбек Қари.
Американың, Батыстың оңтайлы тұстарын Иран өзіне пайдаланып жатыр
Кейіпкеріміз Иран соғыс кезінде өз әдетінше қоқан-лоққы немесе айбат шегу құралын пайдаланғанын айтып отыр. Мысалы, Иран мәжілісі осы 12 күндік соғыс кезінде Ормуз бұғазын бұғаттау жөнінде де дауыс берген. Мұнан әлем елдері қатты қауіптенді, Америка да "оны жабатын болса, өзін-өзі өлтіргені" деп мәлімдеме жасады. Сол секілді, МАГАТЭ халықаралық атом агенттігімен байланысты тоқтату туралы заң да осы айбат шегу құралының бірі сияқты. Мұны Қуанышбек Қари ашық айтуда.
– Осы соғыстан кейін Иран бәрібір атом агенттігімен атом бағдарламасына байланысты бітімге, мәмілеге келеді, келіссөз жалғасады. Сол кезде қарсы тарап үшін бір шарт МАГАТЭ болады. Иран ол кезде өз шартын өткізіп барып, қарсы тараптың МАГАТЭ-мен әріптестік орнату шартына келісетін шығар. Жалпы, соғыста болған Американың, Батыстың оңтайлы тұстарын Иран өзіне пайдаланып жатыр. Соның бірі – МАГАТЭ-мен байланысты кейінге ысыру. Бұл атынан байқалып тұрғандай, Иран МАГАТЭ-мен байланысты мүлдем тоқтатып тастады деп айта алмаймыз. Сондықтан, өзіне тиімді уақытта қайтадан ынтымақтастықты орнатып, әріптес бола алады. Иранның қолында ядролық бағдарлама тұр. Оны өз күшімен әрі Ресейдің көмегімен уранды 60 пайыз деңгейге дейін байыта алатын мүмкіндікке ие екені айтылады. Мұның өзі – бейтарап айтқанда жетістік. Бірақ, елдің террористік, радикал көзқарастағы адамдарға жақын екенін ескергенде, Иранның бейбіт мақсаттағы бағдарламаға да ие болуы Батыстың көзқарасы бойынша қауіпті саналады. Иран қоғамында, басқару жүйесінде радикал көзқарастағы адамдар жеткілікті, басымдыққа ие болмаса да, осы жүйені орнатқан, дамытқан белгілі топтар осылар. Және Иранның ядролық бағдарламасы солардың қолына түссе, Батыс үшін қауіп болып саналады, – деп қорытынды жасады ол.
Бұған дейін "Таяу Шығыстағы текетірес: Иран мен Израиль шиеленісі қашан тоқтайды?" деген тақырыпта сараптамалық мақала жариялаған едік.