Иран бидайдың қарымын немен қайтармақ?

2422

Қазақстаннан Иранға 16,2 млн доллардың бидайы экспортталды.

Иран бидайдың қарымын немен қайтармақ?

Моджтаб Дамирчилу: Иран Қазақстанмен заманауи қарсылық пен қауіптерге қарсы әрекет жасауға қатысты өз тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Астана мен Теһран тек экономика саласында ғана емес, сондай-ақ өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де ынтымақтастық жасауды жоспарлап отыр. Осы аптада Иран президенті, доктор Хасан Рухани Астанаға сапармен келеді. Осы сапар қарсаңында Иран Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Моджтаб Дамирчилу abctv.kz-ке сұхбат берді.

 - Моджтаб мырза, Иран президентінің Астанаға сапары барысында қандай мәселелер талқыланбақ?

- Иран президенті доктор Хасан Руханидің Қазақстанға ресми сапары қолда бар байланыстарды одан әрі кеңейту мақсатында Орта Азия елдерін аралау сапары барысында іске аспақ. Қазақстан туралы айтар болсақ, онда екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға және белсенді ынтымақтастыққа көшуге деген әлеуеті зор. Сондықтан сапар барысында экономика, инвестиция, кеден, мәдениет және туристік салаға қатысты бірқатар құжатқа қол қойылады.

- Қазақстан мен Иранның қазіргі ынтымақтастық деңгейіне қандай баға бересіз?

 - Қазақстан мен Иранның өзара қатынасы екіжақты, аймақтық және халықаралық деңгейде дамып келеді. Ынтымақтастықтың кең қанат жаюына мүмкіндіктер көп деп есептейміз. Бұған жоғары деңгейдегі және жоғары лауазымды тұлғалардың сапарлары септігін тигізді. Бұл – барлық саладағы қарым-қатынасты қарқынды дамытудың куәсі. Қазақстан – Түркіменстан – Иран темір жол құрылысының аяқталуы, теңіз және әуе көлігінде инфрақұрылымның салынуын ескере отырып, экономикалық байланыс одан әрі дами түседі деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта Қазақстанда 100 иран компаниясы жемісті жұмыс істеп жатыр. Олар сауда, пайдалы қазбалар, ауыл шаруашылығы, жол құрылысы мен мал шаруашылығы саласында еңбек етеді.

- Иранда санкцияны алып тастағаннан кейінгі жағдай қалай өрбіді?

- Иранға қойылған санкцияны алып тастағаннан кейін көптеген елмен жаңа және бұрынғы қатынасты қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Алайда, шындығын айтар болсақ, Иранға қойылған санкция бізбен сауда жасайтын елдерге кері әсерін тигізді. Бірақ, Иран санкция қойылған кездің өзінде көптеген елмен өзара қарым-қатынасын жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз мүлдем оқшауланып қалдық деп айта алмаймын. Әрине, сакцияның алынуы барлығына тиімді болды. Ашық және кеңінен ынтымақтастық жасауға бөгет болған кедергілерден құтылдық. Соңғы кезде Теһранға әр елден ресми сапармен жоғары лауазымды тұлғалар мен делегациялар келіп жатыр.

- Иранның ең басты экспортқа шығаратын тауары – мұнай. Сапасы жоғары болғандықтан, иран мұнайы әлемдік нарықта үнемі жоғары бағаланғаны белгілі. Иран мұнайын Еуропаға жөнелту қайта қолға алынды ма?

- Иә, санкция алынғаннан кейін Иран мұнайды еуропа елдеріне экспортқа шығара бастады. Ал еуропа елдері біздің мұнайды сатып алуға деген ойлары бар екенін білдірді, өйткені, өзіңіз айтып кеткендей, оның сапасы өте жоғары. Ол жеңіл және әлемдік нарықтағы бағасы өте жоғары. Бүгінгі күні иран мұнайын сатып алушылар қатарында "Total" (Франция), "CEPSA" (Испания), "Shell" (Ұлыбритания-Голландия), "Hellenic" (Грекия), "Lotos" (Польша) және бірқатар италиялық компания бар. Жақында бұл қатарға Венгрия қосылды.

- Иранда біздің бидай сұранысқа ие екені белгілі. Осы жылы иранның Амирабад портына қанша бидай экспортталды?

- Қазақстаннан жалпы 16,2 млн доллардың бидайы экспортталды, оның 13,3 млн доллары арпа мен жемшөпке жіберілетін бидайдан түсті.

- Иран президенті жыл соңында Орта Азия елдері арасында тек Қазақстанға сапарламақ. Иранның Орта Азия елдеріне қатысты қазіргі саясаты қандай?

- Иран – Орта Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігін ресми түрде мойындап, осы елдерде өз елшілігін ашқан алғашқы елдердің бірі. Орта Азия – Иранның көршісі және бұл елдің халқы біздің достарымыз.

Тәуелсіздік жылдары Иран ортақ тарих, мәдениет пен дінді тірек ете отырып, Орта Азия елдерімен экономика, саясат және мәдениет саласында байланысты кеңейтті. Өйткені, бұл елдердегі тұрақтылық пен қауіпсіздік біз үшін өте маңызды. Осы кездегі Орта Азияға қатысты біздің саясатымыз саяси сенімділікті, экономикалық қарым-қатынасты кеңейтуге және мәдени байланысты нығайтуға негізделіп, екі жақты, сондай-ақ аймақтық және халықаралық форматта іске асқан еді. Егер нақты Қазақстанға тоқталар болсақ, онда сіздің ел Теһранның сыртқы саясатында маңызды орын алады. Иран Қазақтанды сенімді аймақтық серіктес деп есептейді. Дипломатиялық қарым-қатынас жасағанымызға 25 жыл болады. Осы жылдар ішінде ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 105 құжатқа қол қойылды. Еске сала кетсем, 2014 жылы Иранның президенті доктор Рухани Орта Азияға жасаған алғашқы сапарын дәл Астанадан бастаған болатын. Осы жылдың сәуір айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Теһранға ресми сапармен барды. Жоғары лауазымды ресми тұлғалардың өзара кездесуі және әртүрлі деңгейде кеңес жүргізуі саяси сенім мен одан әрі қарым-қатынасты дамытуды тереңдете түсетіні сөзсіз. Руханидің Астанаға екінші сапары барысында екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамыту мақсатында бұрынғы уағдаластықты жалғастыруға өзара тиімді келісімдер жасалады деп ойлаймыз. Қазақстан мен Иран екіжақты қарым-қатынастан басқа, БҰҰ, ИМҰ, ЭЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық және діни ұйымдар аясында өзара ынтымақтастық жасап отыр. Иран Қазақстанның қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелікке ұсынылуына қолдау білдірді. Иран мен Қазақстанның ынтымақтастығы Орта Азия елдерінің тұрақтылығы мен бейбітшілігін нығайту мен сақтауға көмек болады деп ойлаймыз. Иран Қазақстанмен қазіргі қауіптерге қарсы әрекет ету саласына қатысты өз тәжірибесімен бөліседі.

- Теһран мен Астана Сирия, Палестина және Ирактағы жағдайды шешу үшін кездесу өткізетін орын болады деген пікірлер айтылып жүр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

- Иә, соңғы жылдары Таяу Шығыстағы жағдай ушығып тұр. Негізгі қиындық – бұл мұсылман мемлекеттеріне, сондай-ақ одан тысқары жатқан елдерге қауіп төндіретін лаңкестік және экстремистік топтардың әрекеті болып отыр. Сол себепті біздің ұстанымыз бір. Тек өзара әрекет ете отырып қана лаңкестікке қарсы тұра аламыз. Қазіргі уақытта Иран Таяу Шығыстағы мәселені шешуге және лаңкестікпен күресуде барлық күшті салып, көп шығынға батып жатыр. Бірақ, тағы да қайталап айтамын, барлық елдің өзара тығыз әрекетінсіз бұл мәселені шешу қиын болады. Таяу Шығыс елдері арасында байланыс орнатып, бұл мәселені соғыс жасамай-ақ шешуге болатынын көріп отырмыз. Иран байланыс орнатуды қолдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу