Иран Еуропаға ашылған қақпа ма?

2486

Қазақстан Ресейді айналып өтетін транзиттік жол құруда Иранның мүмкіндігін пайдаланбақ. 

Иран Еуропаға ашылған қақпа ма?

19 маусымда Қазақстан Президенті Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл елге Президент Ибрахим Раисидің арнайы шақыруымен келді. Олар алдымен шағын құрамда кездесу өткізді. Кейін кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Иран – Каспий жағасындағы жақын көршіміз, сенімді серіктесіміз. Жан-жақты байланысымыз қарқынды дамып келе жатыр. Сауда-экономикалық ынтымақтастық кедергілерге қарамастан, байланыс жылдан-жылға нығайып келеді. Биылғы бірінші тоқсанда сауда-саттық 50 пайызға артты. Ендігі мақсат – осы қарқынды тоқтатпай, барынша көбейту.

Сапар барысында ел Президенті Иран азаматтарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқсат берілетінін айтты. Бұл түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ іскер топ өкілдерінің байланысын жандандырады. Барыс-келіске тың серпін беріп, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Иран кәсіпкерлері осы жеңілдікті кеңінен қолданбақ ниетте.

Экономикалық зерттеулер институтының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың қаңтар-сәуірінде 253,2 млн долларды құрады. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 43,3 пайызға жоғары. Төрт айда Қазақстанның Иран бағытындағы экспорты 44 пайызға өсіп, 175,7 млн долларды құрады. Экспорттың өсуі бидай, пек және пек коксы, зығыр тұқымы, өңделмеген алюминий секілді тауарларды жеткізу көлемінің артуымен байланысты. Сонымен қатар арпа, рапс тұқымы, рапс майы секілді тауарлардың экспорттық жеткізілімі төмендеген.

Ираннан келетін импорттың көлемі де өскен (+41,7 пайыз, 77,6 млн доллар). Импорттың өсуі бұрыш, баклажан, стирол полимерлері, қоюландырылған және құрғақ сүт пен кілегей, сирек металдардың кендері мен концентраттары, пластмассадан жасалған тақталар мен табақтар, топырақты сұрыптауға және майдалауға арналған жабдықтар, жылтыратылмаған керамикалық плиткалар секілді тауарларды жеткізу көлемінің ұлғаюымен негізделіп отыр. Сондай-ақ пісте, кептірілген жүзім, алма, картоп секілді тауарлардың импорттық жеткізілімі төмендеген.

Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси Қазақстаннан Иран арқылы Түркияға баратын алғашқы контейнерлік пойызды жөнелту рәсіміне қатысты. Павлодардан шыққан жүк пойызы Түрікменстан аумағы арқылы өтіп, бірнеше күннен кейін Тегеранға келді. Рәсім барысында мемлекеттер басшылары пойыздың ары қарай Түркияға жөнелтілуіне белгі берді. KTZ Express компаниясы ұйымдастырған пилоттық контейнерлік пойыздың құрамында әрқайсысының салмағы 20 фут болатын 48 тіркеме бар. Пойыз 12 күнде 6 336 шақырым жолды басып өтеді. Жүкті ауыстырып тиеуді қажет етпейтін жаңа трансұлттық қатынастың іске қосылуы балама бағдарларды әртараптандыруға және Қазақстан аумағы арқылы өтетін контейнерлік жүк тасымалын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сарапшы Айбар Олжаевтың пікірінше, Қазақстан тарапы Иранмен және Түрікменстанмен дұрыс келісу арқылы құрлықтан оңтүстік дәліз ашпақ.

"Бұған дейін біз Ресейді Еуропаға шығатын есік деп санап, бар күшімізді солтүстік дәлізге салдық. Енді сол есіктің жабылып қалғанын көріп отырмыз. Егер ұтымды қимылдай алсақ, Түрікменстан-Иран-Түркия оңтүстік дәлізі арқылы құрлықпен бір транзиттік жол, Әзербайжан-Түркия-Еуропа Транскаспий теңіз дәлізін аша аламыз. Қазір Қытайдың да Ресей арқылы өтетін транзитіне балама іздеп отырғанын, "Бір белдеу, бір жол" жобасын одан әрі дамытуға мүдделі екенін ескерсек, Қытай бізге қолдау білдіретіні анық. Жалпы Қазақстан үшін көп нәрсенің бұдан былай Ресейге емес, Қытайға байланыс­ты екенін Президенттің Петербургтегі месседжінен байқадық. Біз оңтүстік дәліз арқылы толық солтүстік дәлізді ауыстыра алмаймыз. Бірақ екеуін теңестірсек те, біз үшін үлкен жетістік болады. Бұл ретте Ресей бізбен санаса бастап, халықаралық саудамызға түрлі себеппен кедергі келтіруін қоятын еді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қазіргі бағытымыз – логистикалық диверсификация. Дәл қазір ол экономикалық пайда әкелмесе де, бас­тысы тәуекелдерді азайтатын болады", – дейді Айбар Олжаев

Қазақстан мен Иран арасында қол қойылған құжаттардың қатарында темір жол тасымалын бірлесе ұйымдастыру және Қазақстаннан келетін жүктердің тарифіне жеңілдік беру қарастырылған. Демек бұл дәліз де тұрақты және ұзақ мерзімді болады деуге толық негіз бар.

"Сапар барысында мұнай саласында да әріптестік туралы құжаттарға қол қойылды. Соның ішінде "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен Иран ұлттық мұнай компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумды атап өтуге болады. Екі жақ қарсы болмаса, меморандумды нақты келісімшартқа айналдыру қиын емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иранға жасаған сапарындағы негізгі мәселе де дәл осы мұнай экспортына қатысты болғанын түсіндік", – дейді сарапшы.

Жалпы Иран Қазақстан экономикасына 200 млн доллардан астам инвестиция салуға дайын. Бұл туралы Тегеран қаласында "KAZAKH INVEST" ұлттық компаниясы Қазақстанның Ирандағы Елшілігі, сондай-ақ Иран сауда-өнеркәсіп, тау-кен және ауылшаруашылық палатасы ұйымдастырған инвестициялық бизнес-форумда мәлім болды. 

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың инвестициялық және сауда-экономикалық көрсеткіштері бүгінде одан әрі дамуда үлкен әлеуетке ие. Пандемия мен санкцияларға байланысты өзара сауда көлемі айтарлықтай төмендеді. Бірақ 2021 жылдан бастап оң динамика байқалады. 2022 жылғы қаңтар-сәуірде тауар айналымы 2020 жылғы көрсеткіштерден асып түсті ($238 млн) және оның одан әрі ұлғаюы күтілуде.

Форум барысында ирандық кәсіпкерлер Қазақстанның инвестициялық және сауда әлеуетімен танысып, іскерлік байланыстар орнатты. Иран компаниялары ауыл шаруашылығы индустриясында, тау-кен өнеркәсібі кешені саласындағы жобаларда, мұнай және газ-химия салаларында ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.

Екіжақты ынтымақтастықты тереңдету алаңында шамамен 150 ирандық және қазақстандық бизнесмендер болып, $200 млн астам сомаға 12 құжатқа қол қойды, атап айтқанда, түсті металдар мен полиэтилен өнімдері саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаласты. Қазақстандық бидай мен басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын Иран аумағы арқылы транзиттеу туралы Меморандумға қол қойылды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитеттің төрағасы Ардақ Зебешевтің айтуынша, дипломатиялық қатынастар орнатылған күннен бастап Қазақстан экономикасына 140 миллион доллардан астам Иран инвестициясы тартылды. Бұл ретте, тікелей шетелдік инвестиция бойынша 2021 жылғы көрсеткіштер (26,2 млн доллар) "пандемиялық" 2020 жылдан (4,3 млн доллар) әлдеқайда жоғары.

"Қазақстан Орталық Азия өңірінде бизнес жүргізу үшін ең жақсы орын болып қала береді, ал тікелей шетелдік инвестициялар біздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарымызды толықтырып, дамытуды жалғастыруда. Үкімет Қазақстанның орасан зор табиғи байлығын пайдалану және озық технологиялар мен мол тәжірибенің арқасында жергілікті әлеуетті дамыту үшін ірі әлемдік компаниялармен белсенді ынтымақтастық жасайды. Бірлескен жобаларды іске асыруға қолдау ретінде Қазақстан ирандық компанияларға еркін экономикалық және индустриялық аймақтардағы алаңдарды ұсынуға дайын. Сондай-ақ Қазақстан-Түрікменстан-Иран-Түркия жаңа бағыты бойынша іске қосылған жүк пойызы жаңа логистикалық шешіммен ерекшеленеді. Бұл бағыт жүк жөнелтушілер үшін, ең алдымен, жеткізу мерзімімен тартымды. Каспий теңізі арқылы өтетін балама маршрутпен салыстырғанда, пойыз небәрі 12 күнде 6300 км-ден астам қашықтықты жүріп өтеді. Оның үстіне Қазақстан Иран азаматтары үшін 14 күн мерзімге визасыз режим енгізуде", – дейді Ардақ Зебешев.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу