Иран Қытайдан кемелерге қарсы зымыран сатып алуға жақын

110

Әлемдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тегеран Қытайдан дыбыстан жылдам ұшатын кемелерге қарсы зымырандарды сатып алу жөніндегі келісімге жақындап қалған.

Иран Қытайдан кемелерге қарсы зымыран сатып алуға жақын Фото: life.ru

Кей сарапшылардың пікірінше, Бейжің Иранда батысшыл биліктің орнауын қаламайды және қазіргі режимнің сақталғанын құп көреді.

Reuters агенттігінің келіссөздер барысынан хабардар 6 дереккөзге сүйеніп жазуынша, Иран Қытайдың CM-302 кемеге қарсы қанатты зымырандарын сатып алу туралы мәмілені аяқтауға жақын. Алайда жеткізу мерзімі әзірге нақтыланбаған.

CM-302 – дыбыстан жылдам ұшатын, шамамен 290 шақырымға дейін соққы бере алатын зымыран. Сарапшылардың айтуынша, ол нысанаға төмен әрі жоғары траекториямен ұшып, әуе қорғаныс жүйелерін айналып өте алады. Бұл Иранның әскери-теңіз әлеуетін айтарлықтай күшейтіп, аймақтағы АҚШ күштеріне қосымша қауіп төндіруі мүмкін.

Келіссөздер кемінде 2 жыл бұрын басталып, Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік қақтығыстан кейін жеделдей түскен. Өткен жазда Иранның жоғары әскери делегациясы Қытайға барып, талқылаулардың соңғы кезеңін өткізген. Делегация құрамында қорғаныс министрінің орынбасары Масуд Ораеи болғаны айтылады.

Израильдің Ұлттық қауіпсіздік зерттеулері институтының аға сарапшысы Дэнни Цитриновичтің пікірінше, егер Иран кемелерге қарсы дыбыстан жылдам соққы беру мүмкіндігіне ие болса, бұл аймақтағы күштер теңгерімін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Оның айтуынша, мұндай зымырандарды атып түсіру өте қиын.

Ал Қытай Сыртқы істер министрлігі ықтимал мәміле жөніндегі ақпаратты растаған жоқ.

АҚШ күштері аймаққа шоғырлануда

Ықтимал келісім Қытай мен Иран арасындағы әскери ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл жағдай АҚШ-тың Иранның зымыран және ядролық бағдарламаларын шектеу әрекеттерін күрделендіруі мүмкін.

Қазіргі уақытта АҚШ әскери-теңіз күштері Таяу Шығыста белсенді әрекет етуде. Аймақта USS Abraham Lincoln бастаған соққы тобы бар. Сонымен қатар, USS Gerald R. Ford ұшақтасығышы мен оны сүйемелдеуші кемелер де Иран маңына бағыт алған. Бұл кемелердің әрқайсысы мыңдаған әскери қызметкер мен ондаған ұшақты тасымалдай алады.

Сарапшылардың пікірінше, Бейжің Таяу Шығыстағы ықпалын күшейтуге мүдделі және АҚШ үстемдік етіп келген аймақта өз рөлін арттыруға дайын.

Әлсіреген арсенал

Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының аға зерттеушісі Питер Веземанның айтуынша, CM-302 зымырандарын сатып алу Иранның соңғы қақтығыстардан кейін әлсіреген әскери әлеуетін айтарлықтай күшейтуі мүмкін.

Қытайдың мемлекеттік "Қытай аэроғарыш ғылымы және өнеркәсіп корпорациясы" бұл зымыранды заманауи кемеге қарсы тиімді қару ретінде сипаттайды. Оны кемелерге, ұшақтарға немесе жерүсті жылжымалы платформаларға орнатуға болады. Сондай-ақ, құрлықтағы нысандарға соққы беру мүмкіндігі бар.

Кей деректерге қарағанда, Иран Қытайдың "жер-әуе" зымыран кешендері мен баллистикалық зымырандарға қарсы қорғаныс жүйелерін сатып алу мәселесін де талқылап жатыр.

Сарапшылардың бағалауынша, аталған мәміле жүзеге асқан жағдайда, бұл Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалға елеулі ықпал етуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу