Иран әскері АҚШ Ормуз бұғазындағы елдің порттарын бұғаттауды жалғастырған жағдайда, Қызыл теңіз бен Парсы шығанағы арқылы кеме қатынасын толық жабуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Бұл туралы елдің жоғары әскери басшылығының өкілі, генерал Әли Абдоллахи айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Жағдай ушықса, Иранның қарулы күштері Парсы шығанағы, Оман шығанағы және Қызыл теңіз арқылы өтетін кез келген экспорт пен импортты тоқтатуы ықтимал. Сонымен қатар Иранның одақтасы саналатын йемендік хуситтер Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы кеме қатынасын бұғаттауы мүмкін екені де белгілі болды. Бұл бұғаз Қызыл теңіз бен Аден шығанағын жалғап тұр.
Иран бойынша соғыс аясындағы екі апталық бітім 22 сәуірге дейін жалғасады. АҚШ пен Иран арасындағы алғашқы келіссөздер 12 сәуірде Пәкістан астанасында өтті, бірақ айтарлықтай нәтиже бермеді. Белгілі болғандай, Тегеран ядролық қарудан бас тартуға қатысты түпкілікті шешімін ашып айтпаған.
Кейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп Ормуз бұғазы арқылы Иран порттарына блокада енгізілгенін айтты. Бұл шектеу 13 сәуірден бастап күшіне енді. Бұрын бұғаз арқылы жаһандық мұнай мен сұйытылған газдың 25%-ға жуығы тасымалданған.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы 28 ақпанда басталған болатын.
Айта кету керек, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың Иранға қару жібермеуге уәде бергенін мәлімдегенін жазғанбыз.