Иран билігі елді жайлаған құрғақшылық жалғасқан жағдайда 10 миллионнан астам тұрғыны бар Тегеран қаласы жуырда өмір сүруге жарамсыз болуы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты АЗЕРТАДЖ басылымына сілтеме жасап.
Иран президенті Масуд Пезешкианның айтуынша, желтоқсан айына дейін жаңбыр жаумаған жағдайда, үкімет Тегеранда суды нормалап беруге мәжбүр болмақ.
"Біз суды нормалауды енгізсек те, жаңбыр жаумаса, мүлде су болмайды. Онда Тегеран тұрғындарын көшіруге тура келеді", – деді Пезешкиан.
Ел үкіметі бұл дағдарысты түрлі факторлармен түсіндіріп отыр. Олардың қатарында бұған дейінгі үкіметтердің саясаты, климаттың өзгеруі және судың шамадан тыс пайдаланылуы бар.
Өткен аптада Иран су зерттеу институтының басшысы Мохаммадреза Кавианпур былтыр елдегі жауын-шашын мөлшері соңғы 57 жылдық орташа көрсеткіштен 40% төмен болғанын айтты. Сонымен қатар құрғақшылық желтоқсанның соңына дейін жалғасады деген болжам айтылды.
Тегеран қала сыртындағы өзендерден келетін суды жинайтын бес су қоймасына толықтай тәуелді. Бірақ та, бұл өзендердің су ағыны күрт азайған. Тегеран аймақтық су компаниясының басшысы Бехзад Парса өткен аптада су деңгейі өткен жылға қарағанда 43%-ға төмендегенін, ал Амир-Кабир бөгетінде небары 14 миллион текше метр су қалғанын жеткізді. Бұл жалпы сыйымдылықтың 8%-ына ғана тең. Оның сөзінше, бұрын Тегеранның су қоймалары шамамен 500 миллион текше метр су сыйдыра алатын болса, қазір бұл көрсеткіш 250 миллионға әрең жетеді. Қазіргі тұтыну деңгейі сақталған жағдайда су қоры екі апта ішінде толық таусылуы мүмкін.
Дағдарыс Тегераннан тыс жерлерде де байқалып отыр. Елде 19 ірі бөгет іс жүзінде кеуіп қалған. 4 миллион тұрғыны бар елдің екінші ірі қаласы Машхадта су қоры 3%-дан төмендеген.
Билік су тапшылығының ушығуына климаттың өзгеруі әсер етті деген пікірде. Иран үкіметі қалған су қорларын сақтау үшін уақытша шаралар қабылдап жатыр.