Жаңа жыл келуіне небәрі 3 күн қалғанда Иран халқы билікке қарсы ереуілге шыққанын білеміз. Міне, содан бері 3 аптадай уақыт өтті, алайда көшеге шыққан халық пен билік бір мәмілеге келе алар емес. Енді алдағы уақытта қандай оқиғалар болуы мүмкін? Осының жай-жапсарын саясаттанушы Жанат Момынқұловпен бірге талқылап көрдік.
Саяси дағдарыстың салдары
Сонымен, қазір Иран қалаларының түгелінде толқулар өтіп жатыр. Жаңа жыл алдында бұл елдегі инфляция деңгейі 42 пайыздан асып, иран риалы долларға шаққанда 1,42 миллионға дейін құнсызданып, антирекорд орнатты. Жалпы, Иран кейінгі бірнеше жылда саяси тұрғыдан да, экономикалық жағынан да дағдарып жатқанын аңғару қиын емес. Халыққа электр энергиясы үнемделіп беріледі, былтыр құрғақшылықты бастан өткерді. Жерінің асты бай ел осылайша кедейлікке ұшырады.
Десе де, ирандықтар биыл алғаш рет ереуілге шығып жатқан жоқ. Бұған дейін ірі толқулар болды, билік бәрін күшпен басты. Осы жолы да солай етуде. Саясаттанушы, халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловтың пікірінше, санкция шырмауында қалған Иранның қаржы-экономикалық, су-энергетикалық дағдарысы 2009, 2019, 2022 жылдары ірі толқуларға ұласқан еді, ал биылғы жағдай сол терең дағдарыстардың жалғасы іспетті.
– Израиль мен АҚШ-тың Таяу Шығыстағы былтырғы әскери-саяси әрекеттері Иранның экспансиялық позициясына және беделіне елеулі соққы болды. Егер бұрынғы ереуілдерге негізінен кедей жұмысшы таптары мұрындық болса, қазіргі шиеленістерде саудагерлер, жастар мен орта тап өкілдері белсенді қатысып отыр. Бұл Иран қоғамының әлеуметтік базасы нашарлап, наразылықтың құрылымы өзгергенін аңғартады, – дейді сарапшы.
Яғни, геосаяси қысымнан басталған экономикалық дағдарыс біртіндеп ішкі саяси дағдарысқа айналған. Саяси режим мен даму моделі тоқырауға ұшырады, ал теократиялық жүйенің батыспен және жаһандық тәртіппен тіл табыспай қақтығысуы басқару ресурстарының әлсіреуіне әкелді.
– Діншіл клерикалдардың саяси билігі ел ішінде де, аймақта да прагматизмнен гөрі идеологиялық қасаңдыққа сүйеніп отыр. Иран шииттік революция арқылы құрылған "ислам республикасы" ретінде Таяу Шығыста ұзақ жылдар бойы тым қымбат әрі тиімсіз аймақтық саясат жүргізді. Араб елдерінің едәуір бөлігі Иранды стратегиялық қарсылас ретінде қабылдайды. Иран халқы да елдің аймақтағы сыртқы және экономикалық саясатына наразылық білдіріп отыр.
Кейінгі айларда Израиль мен АҚШ-тың Иранға тікелей емес, бірақ жүйелі қысым көрсетуі, Иранның прокси құрылымдарының әлсіреуі және ақпараттық-саяси шабуылдардың күшеюі ішкі наразылықтың толастамауына ықпал етті. Дегенмен, бұл жерде мәселе халықтың демократияны талап етуінде емес, Иран халқы, ең алдымен, елдің үлкен даму әлеуетіне қарамастан қоғамның кедейленуіне, халықаралық оқшаулануға және басқару жүйесінің тиімсіздігіне қарсылық білдіріп отыр, – деп толықтырды Жанат Момынқұлов.
Қан жұтқандар көп
Ал Иран билігі қазір бұл факторларды мойындамай, жоққа шығарып әлек. Әдеттегідей ереуілдерге АҚШ пен Израиль билігін кінәлады. Елде интернетті өшірді, сондықтан толыққанды ақпарат алу қиын. Интернет тарататын құрылғыларды үкімет тәркілеп жатыр.
13 қаңтарда Reuters агенттігі көтерілістерде 2 мыңнан астам адам қаза тапқанын мәлімдеді. Билік өкілдері де бұл сандарды жоққа шығармады. Ал CNN телеарнасы Тегеранға жақын маңдағы мәйітханалар қара қапқа салынған мәйіттерге толғанын көрсетті. Ұсталғандар әлдеқашан 10 мыңнан асып кетті. Олардың басым бөлігі өлім жазасына кесілуі мүмкін. Бұл сандарды нақты дерек ретінде қабылдау қиын, жапа шеккендер әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін ескерген абзал.
– Интернеттің өшірілуі мен қатты күш қолдану – билік вертикалінің шайқала бастағанын сезінген режимнің радикалды қадамға барғанын көрсетеді. Ақпараттық оқшаулау арқылы көтерілістің мән-жайын сыртқы әлемнен жасыру, ал ішкі аудиторияға ереуілшілерді "шетел агенттері" ретінде көрсету – бұрыннан қолданылып келе жатқан әдіс. Бұл – режимнің қатты әлсірегенін емес, бірақ оның дағдарысты басқаруда күшке ғана сүйенуге мәжбүр болып отырғанын аңғартады.
Меніңше, Иранның қауіпсіздік құрылымдары толықтай билік жағында тұрған жағдайда режимнің тез арада құлауы екіталай. Алайда, қантөгіс уақытша наразылықты басқанымен, дағдарыстың түпкі себептерін жоя алмайды. Сондықтан шиеленіс белгілі бір кезеңнен кейін қайта күшеюі мүмкін. Биліктің қоғам алдындағы легитимділігі әлсірегенімен, саяси элита алдындағы заңдылығы өзгерген жоқ, – дейді сарапшы Ж.Момынқұлов.
АҚШ соғыс бастауы мүмкін бе?
Осы тұста Ирандағы халықты сыртқы елдер қолдап жатқанын айта кетейік. Бірақ әскери форматта емес, тек моральды түрде қолдау көрсетуде. Соның бірі – 1979 жылға дейін Иранда билік құрған Шах әулетінің мұрагері, қазір АҚШ-та тұратын Реза Пехлеви. Ол ереуілге шыққандарға маңызды нысандарды басып алуға кеңес беріп жатыр.
Ал Еуропа елдері әлдеқашан ирандық елшілерді, дипломаттарды шектеп үлгерді. Белсенді болып тұрғандардың алдыңғы қатарында АҚШ басшысы Дональд Трамп бар. Бірнеше мәлімдеме жасап, қажет болса Иранға қатаң шаралар қарастыратынын айтқан Ақ үй басшысының сөздері әзірге қорқытып-үркіту ғана секілді. Арагідік Иран билігі де оған қарсы үн қатумен шектеледі.
– Вашингтон Ирандағы дағдарысқа тікелей әскери түрде араласа қоймас. Трамптың соңғы мәлімдемелері – ең алдымен саяси және психологиялық қысым тетігі. АҚШ Иранға қарсы әскери операциядан гөрі санкциялар, дипломатиялық оқшаулау және ақпараттық қолдау арқылы ықпал етуді жөн көреді. Толыққанды соғыс сценарийі аймақ үшін де, АҚШ үшін де тым қауіпті. Сырттан агрессия болса, билік қоғамды өзінің маңайына топтастырады. Десе де АҚШ режимнің қатаң позициясын жұмсарту, режимнің сипаты мен форматын өзгерту бойынша Иранның саяси элитасымен келіссөз жүргізуі, әртүрлі қысымдар көрсетуі ықтимал, – деді Жанат Момынқұлов.
Иранның келешегі не болмақ?
Басты сұрақ – енді не болуы мүмкін? Халықаралық сарапшының сөзінше, бірнеше сценарийді қарастыруға болады.
Біріншісі, билік үшін қолайлы сценарий – күш қолдану арқылы наразылықты бірте-бірте басып, режимді сақтап қалу. Діни сипаты бар бұл терең саяси идеология оп-оңай жойылмайды.
Екіншісі, дағдарыстың күрделенуі – Трамптың моралдық қолдауымен наразылық толқындары жиілеп, элитаішілік бөліністер болады. Қазірге дейін мұндай жіктеліс болған жоқ. Бұл сценарий бойынша АҚШ тиімді кибер-әскери операция арқылы Иранның нақты әскери шенділеріне соққы жасап, режим билігіне ықпал етуді көздеуі мүмкін. Ирандағы реформаторлар Трамппен саяси режимнің қандай болатыны туралы келісуі ықтимал.
Үшіншісі және ең ықтимал сценарий – билік наразылықты біршама жаншып алған соң, сыртқы күштер қысымымен жабық мәмілеге келіп, шектеулі "саяси-экономикалық жеңілдіктер" бағытында "реформалар пакетін" жасап, оң өзгерістерді уәде ету арқылы уақыт ұтуға тырысады. Қазір елді басқарып отырған аятолла Хаменеидің орнына басқа діни лидер кандидатурасы нақтыланып, ашық айтыла бастайды.
– Қалай болғанда да, саяси өзгерістер болмайынша Иран бұрынғы қалпында қала алмайды. Сыртқы саясатта прагматикалық өзгеріске ауыспайынша, санкциялар сақтала береді. Демек, экономикалық құлдырау, жастар мен қоғам қысымының артуы және саяси сенімнің жоғалуы алдағы кезеңде тағы да кезекті ереуілдердің жиілеуіне алып келмек. Режим бірден құламаса да, Иран қоғамы үлкен бетбұрыс кезеңіне жақындап қалғанын айқын көрсетті. Иран қоғамы қантөгіс пен репрессияға қарамастан өз дауысы мен еркіндікке деген ұлттық ұмтылысын әлемге естіртті. Сондықтан бұл саяси режим болашақта қоғамның талабына қарай өзгеруі мүмкін немесе наразылыққа реакция ретінде бұдан да қатаң болып, тарихтың ағысымен легитимділігін толық жоғалтуы мүмкін, – деп түйіндеді сарапшы Жанат Момынқұлов.