Ирандағы оқиға Орталық Азияға сабақ бола ма?

420

Кейінгі уақытта Иран астанасы Тегеранда жаһан жұртына дабыл қаққан оқиға болғаны белгілі.

Ирандағы оқиға Орталық Азияға сабақ бола ма? Фото: canva.com

Елді құрғақшылық жайлап, алып шаһар сусыз қалудың алдында тұр. Дегенмен бұл жағдай араға жылдар салып Орталық Азия елдерінің де басына келуі мүмкін.

Сарапшылар Ирандағы жағдай "табиғаттың мінезі" немесе аймақтың географиялық ерекшелігі ғана емес, биліктің суға қатысты дұрыс саясат жүргізбегеніне және халықтың ысырапшылдығына да байланысты екенін мәлімдеп отыр. Ал әлдеқашан Аралының табаны көрінген, Каспийі тартылып жатқан Қазақстан секілді Орталық Азия елдеріне бұл сабақ болды ма?

Ең алдымен айта кетер жайт, Орталық Азия елдерінде су саясатына қатысты жекелеген ұстанымдар бар, алайда барлығының мүддесін ескерген ортақ көзқарас бар дей алмаймыз. Осы олқылық енді саяси мінберлерден айтыла бастады. Әсіресе, биыл Қазақстан тарапы бастаманы бірнеше рет халықаралық жиындарда қозғады.

Рас, Қазақстан кейінгі жылдары жылдары су ресурстарын басқару саласында кешенді және институционалдық реформаларды бастады. Үкімет 2030 жылға дейінгі саланы дамыту тұжырымдамасын, Су шаруашылығын дамыту кешенді жоспары және жаңа Су кодексін қамтитын кешенді құрды. Соның негізінде саланы басқарушы ведомство түрлі позитивті болжамдар жариялаған. Алайда мәселе үкіметтегілер ойлағандай жеңіл шешіле сала ма?

Су шаруашылығы саласының ғалымы Жұмахан Мұстафаевтың пайымдауынша, Қазақстанда су қауіпсіздігін сақтауға толық мүмкіндік әлі де бар.

– Елде су тапшылығының бары рас. Суды толық игеру адам қолынан келе бермейді, бірақ қауіпсіздігін сақтаудың жолдарын қарастыруға болады. Гидрология ғылымында әр 25, 75 жыл сайын табиғаттық айналым иіріміне өтіп, бірде су мол, ендігіде аз болып тұрады. Былтырдан бастап судың аз болатын кезеңіндеміз. 1960-2025 жыл аралығында орташа жылдық температура 2 градусқа өсті. Соның салдарынан, таудың басындағы мұздықтар еріп жатыр. Негізі, өзен суларының бәрі жауын-шашыннан пайда болатын. 1940 жылмен қазіргіні салыстырғанда жаңбырдың өзі 15 пайызға азайды, – дейді сарапшы.

Гидрологтың сөзіне сенсек, бұдан шығудың жолдары бар. Алдымен Солтүстік, Батыс Қазақстан өңірлеріндегі қарды атыздарға бөліп жинап, тазартылған артық қарларды үстіне төксе, ерте көктемде қар ерігенде жерге сіңіп кетеді. Осылайша жер ылғалданады. Бір ғана Сырдарияның бойындағы күрішті тамшылатып суғарып, түбінде ылғалды ұстап тұрсақ, Аралға су еркін барады екен.

Ал Жетісудағы Лепсі, Қараталдың бойына су қоймасын салып бөгемей, тасып кетпеуін қадағаласа, Балқашты тартылудан сақтап қалуға мүмкіндік бар. Кеңес дәуірінде Ертіс өзенінің жағасына үш су сақтағыш бөгет салып, ақыр соңында маңайы көгалсыз құрғап, өсімдік өспей, мал шөптен тарығып, шығынға ұшыратқан.

Яғни, табиғи процестер бұзылған. Бұған дейін осыған ұқсас мысалдарды көп естігенбіз. Қызылорда облысында бұрын қолдан Айтек су торабын қазғаннан кейін де көп өтпей аймақта жасыл желектің өсуі күрт азайғанын айтушылар бар.

Жалпы, елдегі ірі Каспий, Балқаш, Аралды сақтау көрші елдермен ортақ конвенция жасау арқылы ғана іске асатын секілді. Эколог Мэлс Елеусізов су тапшылығын болдырмас үшін өзен-көлдерді құрғатпай, мұздықтарды ерітпеу керегін айтады.

– Қазір тұщы су қоры азайды. 44 пайыз мұздықтар еріп, 4 пайыз жер шөлге айналды. Арал құрғады, Балқаштың хәлі мүшкіл, Каспий теңізі де тартылып барады. Көзге көрінбейтін тұздар, шаң-тозаң ауаны ластап, Гималайдың ұшар басынан табылып жатыр. Бүгінде ғаламдық жылыну күшейді. Іргедегі қытайлықтар су мәселесі туралы дүниежүзілік конвенцияға келіспей жатса да, өзімізбен су келісіміне қол қойдырып, бекітіп алуымыз керек. Қазақстан аумағындағы өзен-көлдерді, жерасты суларын зерттеп, мониторинг жасау керек. Елде тұщы су, ащы су, аяқсу қоры қанша уақытқа жетеді, қай жерде жаңа су көздері барын зерделейік. Әзірге елдегі су қорлары жөнінде нақты ақпарат анықталып, ғылыми зерделеу жасалмады, – дейді эколог.

Әрине, салалық ведомство құр қарап отырмағаны анық. Ірі жобалар қолға алынып жатқаны белгілі. Бірақ іс есепке емес, шынайы нәтижелерге құрылса деген тілек бар. Елдегі су қорлары жөнінде бірізді ақпарат жоғын бұған дейін де мамандар талай қайталады. Қазақстандағы 48 мың көл мен 85 мың өзеннің түгелі трансшекаралық. Сондықтан бүгіннен қамданбасақ, ертең алыс-жақын елдерге су үшін сұраншақ болуымыз ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу