Ирандағы соғыс хаосқа айналып барады

2012

АҚШ әуе күштерінің жауынгерлік ұшақтарын қателесіп, Кувейт әуе қорғаныс жүйесі атып түсірді. 

Ирандағы соғыс хаосқа айналып барады Фото: ЖИ

Британияның мәлімдеуінше, Иранға шабуыл және Иранның қарсы соққылары барған сайын "бейберекет әрі жауапсыз" сипат ала бастады.

"Иранның жоғарғы жетекшісі Әли Хаменейдің өлтірілуі Ислам Республикасын аймақтағы Американың одақтас елдеріне оңды-солды әскери және экономикалық соққылар жасауға итермеледі. Шынында да олардың тәсілі жауапсыз әрі бейбіт халық үшін барған сайын қауіпті бола түсуде", – деді парламентінде сөз сөйлеген Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.

Осы орайда Кувейтте бірнеше америкалық ұшақтар апатқа ұшырады. Иран армиясы Кувейттегі америкалық әуе базасына және Үнді мұхитындағы кемелерге соққы жасалғанын хабарлады. АҚШ болса, ұшақтарды Иран емес, Кувейттің әуе қорғаныс жүйесі шатастырып, атып түсірген деген мәлімет таратты.

"АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы жалғасып жатқан соғысы жағдайында Кувейтте бірнеше америкалық жойғыш ұшақ апатқа ұшырады. Барлық экипаж мүшелері катапульта жасап құтылып, аман қалды, олар ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Кувейттің Қорғаныс министрлігінің өкілі хабарлады: "Әскерилер тұрақты жағдайда, апаттың себебі тергеліп жатыр", – делінген мәлімдемеде. Кейін америкалық әскери күштер үш F-15E ұшағын қателесіп, одақтас Кувейт әскері атып құлатқанын хабарлады", – деп жазды "Deutsche Welle".

Өз кезегінде Иран әскери күштері елдің жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің АҚШ пен Израиль шабуылдары салдарынан өлтірілуіне байланысты кек алу үшін Кувейттегі "Әли ас-Салем" әуе базасына және Үнді мұхитындағы кемелерге соққы жасағанын жариялады.

"Әскери-теңіз және құрлықтағы зымыран бөлімшелері әртүрлі бекіністерден қимылдап, соңғы бірнеше сағат ішінде Кувейттегі Әли ас-Салем әуе базасына және Үнді мұхитының солтүстік бөлігіндегі жау кемелеріне соққылар жасады", – делінген Тегеран мәлімдемесінде.

Кувейттегі апаттар және қауіптер

Кувейт астанасында тағы бір оқиға болды. АҚШ елшілігіне жақын жерде жарылыс болып, әуелей түтін көтерілді, деп хабарлады Reuters куәгерлерге сілтеме жасап.

AFP агенттігінің мәліметінше, қою қара түтін сол күні Кувейттің солтүстігіндегі электр станциясы үстінен де көрінді. Кувейттегі Мина әл-Ахмади мұнай өңдеу зауыты өртке оранған. Ұлттық мұнай компаниясының дерегінше, екі жұмысшы жарақат алды, бірақ өндірістік қуаттар зардап шекпеді.

Сонымен бірге, Бахрейн Ішкі істер министрлігі тұтылған зымыран қалдықтары кемеге түсіп, өрт шыққанын хабарлады. Салдарынан бір жұмысшы қаза тауып, екі адам ауыр жарақат алды. Ел астанасы Манамаға жақын порт аймағындағы өрт сөндірілді.

АҚШ елшілігі Манамадағы азаматтарына қонақ үйлерден аулақ болуға шақырды, өйткені олар шабуыл нысанына айналуы мүмкін. Өйткені Иран америкалықтар тұрып жатыр деген күдік туса, ондай қонақ үйлерге соққы жасайтынын жария етті: "Америкалық әскерлердің қонақ үйлерге қашуы оларды нысанға айналудан қорғамайды", – деді Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мемлекеттік телеарнаға сұхбатында. The Washington Post газеті АҚШ Мемлекеттік департаментінің телеграммасын зерттей келе, Бахрейндегі қонақүйге Иран дронмен соққы жасағанын, салдарынан америкалық Қорғаныс министрлігінің екі қызметкері зардап шеккенін анықтады.

Иранның аймаққа шабуылдары

Иран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы 6 әскери нысанына соққы жасады, деп жазды The New York Times. Америкалық газет спутниктік суреттерді, видеолар мен АҚШ әскери қызметкерлерінің мәлімдемелерін талдап, Иранның Таяу Шығыстағы кемінде алты америкалық әскери нысанына соққы бергенін, кейбірін талқандағанын әшкереледі.

Мақалаға сәйкес, екі күн ішінде Бахрейн, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейттегі нысандарға шабуыл жасалды. Ең үлкен шығын Кувейттегі Арифджан базасында тіркелді, онда үш әскери қызметші қаза тауып, бес адам ауыр жарақат алды. Сондай-ақ, Әли ас-Салем әуе базасы да зардап шекті, ғимарат шатырлары құлады. Буэринг лагерінде дрон базаның шекарасына жетіп жарылды.

Бахрейн астанасы Манамада АҚШ Әскери-теңіз күштерінің бесінші флотының штабы соққыға ұшырады. Видеоматериалдар зымырандар мен дрондардың бірлескен шабуылын растайды. Спутниктік суреттер бірнеше ірі ғимараттардың айтарлықтай зақымданғанын көрсетті.

Иракта Эрбиль әуежайындағы америкалық база шабуылға душар болды. Төрт ғимараттың зақымданғаны, өрттердің таңға дейін жалғасқаны тіркелді.

Осыдан кейін тіпті америкалық сарапшылар да АҚШ-тың өзін өзі қорғауға қауқарлы екеніне шүбәланып отыр. Жер серігі БАӘ-де Джебел-Әли портындағы ғимараттан түтін бұрқ еткенін анықтады, бұл ғимаратты АҚШ Әскери-теңіз күштері демалыс аймағы ретінде пайдаланады. Иран осы нысандарға қанша зымыран ұшырғаны, қаншасы тұтылғаны белгісіз, бірақ бұл оқиғалар болашақ соққылардан әскери базалардың қорғана алатынына қатысты күмән тудырды.

АҚШ-тың әрекеті

Алайда бұл Вашингтонды тоқтатпайды. Трамп шабуылдардың "үлкен толқыны" алда келе жатқанына аңдатпа жасады, тіпті әуе соққыларынан кейін Американың Иранға әскер кіргізіп, жердегі әскери операцияны бастауы мүмкін екенін жоққа шығармады.

АҚШ президенті CNN арнасына сұхбатында америкалық әскери күштердің "Иранға күйрете жойқын соққы беріп жатқанын" мәлімдеді, бірақ "үлкен толқынның" әлі алда екенін ескертті және ирандықтарды көшеге шықпауға шақырды.

Дегенмен, АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Иранға қарсы науқанның шектеулі болатынын, мәңгілік соғысқа айналмайтынын, оның тек Иранның зымырандық және ядролық нысандарын жоюға бағытталғанын нақтылады.

Бұл соғыс ұзаған айын бүкіл әлемдік экономикаға зардап келтіруде. Дүйсенбі күні дрон соққылары мен аймақтық шабуылдар Сауд Арабиясының ірі мұнай өңдеу зауытының, сондай-ақ Израиль мен Ирактағы күрд мұнай-газ алаңдарының жұмысын тоқтатты, бұл мұнай бағасын күрт көтерді.

Әлемдік ақпарат агенттіктері осының алдында Ормуз бұғазының ашық екенін жазды. Бірақ жүк тиелген кемелер мен мұнай танкерлері оған кіруге батпай тұр. Өтіп кетпекші болған бір танкердің снаряд тиіп, тоқтап қалғаны туралы хабар тарады. Нақтылағанда, қара алтын тасымалдайтын "Афина Нова" кемесі Ормуз бұғазында тоқтап қалған, апатқа ұшырауы ықтимал, деп мәлім етті Reuters агенттігі.

Оның үстіне Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кез келген кемеге соққы беретінін мәлімдеді. Ислам революциясы сақшылары корпусындағы бригадалық генералы Ибрахим Джаббари "Тегеранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасын және Таяу Шығыстағы мұнай инфрақұрылымын өз бақылауына алатынын" ескертті. Мұны ол жаһандық экспортты тоқтату үшін істепті.

"Біз мұнай құбырларына да шабуыл жасаймыз және аймақтан бір тамшы мұнайдың сыртқа кетуіне жол бермейміз! Салдарынан алдағы күндері мұнай бағасы 200 долларға жетеді", – деді ол.

Себебі, Америкада электораттың көңіл-күйіне жанармай құю станцияларындағы бензин мен дизель бағасы қатты әсер етеді. Биылғы қарашада АҚШ-та Конгресс сайлауы өтеді. Тегеран соған ықпал еткісі келсе керек.

АҚШ болса, Иранның оңтүстігіндегі суларда бір де бір кеменің жоқ екенін хабарлады: "Екі күн бұрын Иран режимінің Оман шығанағында 11 кемесі болды, бүгін бірде-бірі жоқ. Иран режимі халықаралық кеме қатынасын онжылдықтар бойы қудалап, шабуыл жасап келді. Бұл дәуірі өтті. 80 жылдан астам кеме қатынасының еркіндігі АҚШ пен әлемнің экономикалық гүлденуіне негізі болды. Америкалық күштер оны қорғауды жалғастыра береді", – делінген АҚШ Орталық қолбасшылығының мәлімдемесінде.

Соғыс жалғасуда

"Кеше кешкісін америкалық B-1 бомбалаушылары Иранның терең тылына соққы жасап, Иранның баллистикалық зымыран әлеуетін әлсіретті. Президент айтқандай, біз олардың зымыранын жойып, зымыран өнеркәсібін жермен-жексен етеміз", – делінген АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) хабарламасында.

АҚШ Таяу Шығыстағы күшін арттырып жатыр және қосымша әскерлер тағы жеткізіледі, деді Қауіпсіздік қызметтерінің біріктірілген комитетінің төрағасы генерал Дэн Кейн. Ол қақтығыс күшейіп келе жатқандықтан әскерлерді орналастыру АҚШ-тың аймақтағы әскери қатысуын күшейту мақсатында жалғасатынын нықтады.

Сонымен қатар, әлгінде айтылғандай, жердегі операция да басталуы мүмкін. Президент Дональд Трамп "егер қажет болса" Иранға америкалық құрлық әскерлерін жіберу мүмкіндігін жоққа шығармады.

"Әскерлерімізді Иранда орналастыруға қатысты менде ешқандай алаңдаушылық жоқ. Басқа Президенттер қалай айтады: "Жоқ, біз ол елге әскер кіргізбейміз!" деп аттонын ала қашады. Жасырады. Мен олай айтпаймын. "Бәлкім, бұл да қажет болуы мүмкін", немесе "қажет болса солай істейміз!" деймін", – деді Трамп New York Post-қа сұхбатында.

Иран билігі болса, жаһандық №1 державаның өзіне қарсы шыққанына мойымай тұр немесе солай түр танытуға тырысады. Ислам революциясының сақшылары корпусы аймақтағы америкалық базаларға жаңа шабуылдар толқыны басталғанын жариялады. Бұл мәлімдедені ирандық мемлекеттік ақпарат құралдары таратты. Онда сондай-ақ енді "басқа типтегі" зымырандар ұшырылғаны көрсетілген, бірақ оның егжей-тегжейін нақтыламады.

Иранның шетелдік әскери операцияларын бақылап отыратын Қудс корпусы: "Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменейді өлтірген қаскүнемдер әлемнің еш жерінде бас сауғалап, аман қала алмайды, тіпті өз үйлерінде де қауіпсіз болмайды" деп жариялады.

"Біз әлем бойынша азаттық үшін күресіп жүргендерге мәлімдейміз: америкалық, израилдік әлемдік гегемония жойылмайынша біз күресті тоқтатпаймыз!", – делінген мәлімдемесінде.

Трамп осының алдында Иранға қарсы соққылар 4–5 аптаға созылатынын мәлімдеп еді. Енді Иранға шабуылдың бес аптадан әріге ұзайтынын нақтылады.

"Бастапқыда біз төрт-бес аптаға жоспарлағанбыз. Бірақ бұдан әлдеқайда ұзақ жұмыс істеу қажет көрінеді, біз солай жасаймыз. Бүгінде әлдекімдер айтып жатыр: "Президент бәрін өте тез жасағысы келеді, әйтпесе ол жалығып кетеді" деп. Ал, мен ешқашан жалықпаймын", – деді Трамп.

Америка алыста, қақтығыстың салдарын, зардабын аймақта АҚШ-қа серік болған елдер тартуда. Біріккен Араб Әмірліктері кеше ирандық 9 баллистикалық зымыранды, 6 қанатты зымыранды және 148 дронды тұтып алғанын мәлімдеді.

"Иран шабуылы басталғалы бері олар бізге 174 баллистикалық зымыран атқылады. Олардың 161-і жойылды, 13-і теңізге құлады. Жалпы, Ираннан бізге 689 дроны ұшырылды, олардың 645-і ұсталды, 44-і ел аумағына түсті", – деп хабарлады БАӘ Қорғаныс министрлігі. Министрлік 3 адамның қаза болғанын, 68 адамның жеңіл жарақат алғанын жеткізді.

Қатардың Қорғаныс министрлігі дүйсенбі күні өзінің әуе және әскери-теңіз күштері Ресейде жасалып, Иранға табысталған екі Су-24 бомбалаушысын атып түсіргенін жариялады. Хабарламада сондай-ақ бір күнде әуе және әскери-теңіз күштері Ираннан ұшырылған 7 баллистикалық зымыран мен 5 дронды тұтқаны көрсетілген.

Израиль әскери күштері "Арыстанның ақыруы" операциясы басталғалы Иранның инфрақұрылымына қатысы бар 600-ден астам нысанға соққы жасағанын мәлімдеді. Шамамен 2500 снаряд тасталған, қауіпсіздік органдарына қатысты 20-дан астам нысан, 150-ден астам баллистикалық зымыран және 200-ден астам ирандық әуе қорғанысы жүйелері зақымданған.

БҰҰ-ның әрекетсіздігі

Иранның Сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Израилдің соққыларын тоқтату үшін БҰҰ-дан әрекет етуін сұрады. Иран сыртқы саясат ведомствосының басшысы Аббас Арагчи БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутеррешке хат жолдап, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа елдердің сыртқы істер министрлерін АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әскери соққыларына байланысты әрекет етуге шақырды.

Хатта Арагчи шабуылдарды "халықаралық гуманитарлық құқықты айқын бұзушылық" деп бағалады. Ол Бас хатшыны, Қауіпсіздік кеңесін және басқа халықаралық органдарды "шұғыл, нақты және тиімді шаралар" қабылдауға үндеді, олардың жалғасуын тоқтатуды және кінәлілерді жауапқа тартуды қамтамасыз етуді сұрады.

БҰҰ томаға-тұйық жатыр. Өйткені басты демеушісі – АҚШ, Батыс елдері. Қожайыны қатарында Иран жоқ.

Оның үстіне БҰҰ құрамындағы МАГАТЭ "Ирандағы ядролық нысандардың зақымдануы туралы мәлімет жоқ" деп қол жайып отыр. Соның алдында Тегеранның өкілі Натанздағы уран байыту нысаны соққыға ұшырағанын хабарлаған еді.

Шетелде қашып жүрген, АҚШ-та пана тапқан шах ұрпағы, Иран ханзадасы Реза Пахлави Fox News арнасына сұхбат беріп, Иранға "мүмкіндігінше тезірек, режим құлағанға дейін немесе одан кейін дереу оралуға дайын" екеніне сендірді.

"Мен үшін өз азаматтарымның арасында болып, шешуші шайқаста бірге күресіп, бұл іске нүкте қою маңызды", – деді Пахлави.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу