Ирандағы жағдайға байланысты Қазақстанның бір саласында дағдарыс басталуы мүмкін

1152

Қазақстандық экспортты жан-жағынан қаптаған шектеу қаумалап алды.

Ирандағы жағдайға байланысты Қазақстанның бір саласында дағдарыс басталуы мүмкін Фото: ЖИ

Иранға экспорт – толған форс-мажор

Оңтүстік бағыттағы жағдай күрделене түсуде. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылына байланысты Қазақстанның осы көршісіне астық экспорты белгісіз мерзімге тоқтап қалды. Қазақстанның Астық одағының талдау комитетінің басшысы Евгений Карабановтың мәліметінше, жеткізілімдер қысқа мерзімді кезеңге доғарылды.

Алайда ұзақ мерзімді перспектива алпауыт державалардың қас-қабағына тәуелді. Бәрі АҚШ пен Израильдің әскери қимылдарын қанша уақытқа созатынына байланысты. Ескеретін жайт, кеше АҚШ Президенті Дональд Трамп АҚШ-тың Иранға соққылары 5 аптадан әлдеқайда ұзаққа жалғасатынын мәлімдеді.

"Біз Иранға астық сататын едік. 2024/25 маркетингтік жылы Қазақстан арпасының Иранға экспорты 1 млн 228,4 мың тоннаны құрады. Бірақ әскери қимылдар – барлық келісімшарттар үшін тікелей форс-мажорға айналды. Бүгінде жеткізілімнің бәрі тоқтады. Қалыптасқан ахуалға байланысты бұл бағыттағы экспорт көлемі тек төмендей береді", – деді Е.Карабанов "АПК Новости" агенттігінің журналисіне.

Алайда сарапшының нақтылауынша, Қазақстан бұл нарықты геосаяси шиеленіс басталғанға дейін жоғалта бастаған: оны РФ ығыстыруда.

"Өткен жылы Ресейде арпаның шығымдылығы төмен болды. Ақпан айынан бастап РФ-тан арпа экспорттауға іс жүзінде тыйым салынды. Біз осыны пайдаланып, Иранға арпаны молынан тасып келдік. Бірақ таяуда Ресейдің экспорты қайта жанданды, Иран нарығында ресейлік арпамен бәсекелесуге тура келуде", – деп түсіндірді Карабанов.

"KazGrain" ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы да жағдайдың дабыл қағарлық екенін жасырмады.

"Қазіргі кезде бұрын бекіткен келісімшарттардағы ескі міндеттемелерін аяқтап жатқан компанияларымыз бар. Содан бері ирандықтар қазақстандықтармен келісімшарттарға қол қоюды тыйды. Жөнелтілімдер әлі толық тоқтаған жоқ. Бірақ тоқтауы мүмкін деген қауіп бар", – деді қауымдастық өкілдері.

Балтық қақпаны және балама жол иллюзиясы

Қазақстан еуропалық бағыттан да айырылуы мүмкін: қазақстандық астықтың РФ арқылы Балтық порттарына транзитінің де тоқтау қаупі төнді. Сала бизнесінің өкілдері қазірден дабыл қағып, Үкіметтен балама маршруттер бойынша тарифтерді төмендетуді талап етіп жатыр.

Қазақстан Астық одағының басшысы Нұрлан Оспановтың дерегінше, еліміз жыл сайын Еуропаға 1-2 млн тоннаға дейін астық өнімін, соның ішінде қатты бидай, арпа және жасымық экспорттауға қауқарлы. Еуропа нарығы қазақстандық жеткізушілер үшін маңызды: ондағы клиенттер бай, төлем қабілеті жоғары. Басты мәселе – РФ аумағы арқылы транзитке тәуелділік болып тұр. Бұл экспорттаушыларымыз үшін қосымша сын-қатер.

Бүгінде ресейлік порттар арқылы тасымалдау ЕАЭО-ның бірыңғай тарифі бойынша жүзеге асырылады – бұл ең арзан тәсіл. Бірақ ол толыққанды қолжетімді болмай тұр: ресейлік порттардың бәрі ресейлік астықпен шектен тыс жүктелген. Қазақ астығына порт инфрақұрылымы тек солардан босай қалса ғана ұсынылады. 

"Қазақстандық жүктер РФ порттарында көбіне қалдық қағидаты бойынша өңделеді. Салдарынан, біз ол жаққа ірі кеме партияларын жинақтау мүмкіндігінен айрылдық. Бұдан бөлек, Балтық теңізінің порттары бар, дегенмен оларды пайдалансақ, шамамен екі есе қымбат халықаралық тарифтер қолданылады. Бұл қазақстандық экспорттаушылардың шығындарын едәуір арттырады", – дейді астық трейдерлері.

Ресейді айналып өтетін балама маршрут бар: Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) ел басшылығының өзі түрлі халықаралық және ішкі жиындарда ауызға алып жүр. Әйтсе де, мұнда да гәп бар екен.  

Белгілі болғандай, Әзербайжан мен Грузия арқылы Қара теңізге шығатын Транскаспий бағытының өне-бойы шектеуге толы болып шықты. Мысалы, Поти порты үлкен көлемдегі астықты қабылдап, қайта тиеуге қабілетсіз. Оның үстіне ТХКБ-ның жалпы көлік шығындары теңіз тарифтерінен шамамен екі есе жоғары.

Бұған қоса, сарапшылардың тұжырымдауынша, ТХКБ әлі күнге дейін ауыр жүктерге толыққанды қызмет ете алмайды, себебі, Грузияда терең су айлағы жоқ. Онсыз қазақстандық астық, көмір және кен-руда көздеген нарықтарына қажетті көлемде жете алмайды.

Сала өкілдерінің шағымдануынша, ресейлік порттарға толыққанды қолжетімділіктің болмауы және ТХКБ-ның толық жұмыс істемеуі салдарынан Қазақстанның Еуропаға астық экспорты қазірден шектеулерге тап болды. Экспорттаушылар Каспий арқылы инфрақұрылымды дамытуды жеделдетуді сұрайды.

Сонда Қазақстанның транзит-логистикалық егемендігі нығаяр еді. Әрі бұл логистиканы әртараптандыруға, сондай-ақ ертең не бүлдірерін болжап білуге болмайтын көршіге тәуелділікті азайтуға және негізгі халықаралық нарықтарға жеткізілім тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әйтпесе, монополиялық транзит – бұл мәңгілік саяси тәуекел.

Нарықты айлаққа айырбастау ұтымды ма?

РФ өз порттарына қолжетімділікті ұсынды: оған айырбас ретінде Қазақстаннан ресейлік астықтың алдына қойылған барлық тосқауылын жойып, Орталық Азия мен Қытайға бет қоятын ресейлік экспорт тасқынына қақпаны айқара ашып тастауды сұрап отыр.

"АПК Новости" хабарлауынша, қазақстандық астық өндірушілер бұл талап арқылы Ресей транзитті бұғаттағысы келеді деп қауіптенеді. Сондықтан олар қатаң ұстанымда: ресейлік порттарға қолжетімділіктен гөрі оңтүстік нарықтарымыз маңыздырақ. Бұл туралы Астанада өткен экспорт және логистика жөніндегі ірі кеңесте мәлімделді.

Астық одағының басшысы Нұрлан Оспанов мұндай айырбасты тиімсіз санайды: ресейлік астықты шідерлемей, еркін қоя берсек, ол біздің дәстүрлі оңтүстік нарықтарды толық игеріп, Қазақстанды Орталық Азиядан қуып шығады. Ал, қазақстандық экспорттаушылар нарықтық қолайсыз конъюнктура кесірінен ресейлік порттарды мүлде пайдаланбауы да мүмкін.

Мысалы, 3 жыл бұрын РФ қазақстандық астық үшін Қиыр Шығыс бағытын жауып тастаған болатын. Өткен жылдың соңында "РЖД" Қазақстанға Қиыр Шығысқа 100 мың тонна көлемінде квота беруге дайын екенін ресми түрде мәлімдеді. Алайда қазіргі кезде ол квотаның да қажет болмай қалғаны әшкереленуде: жапондық клиенттер ресейлік бұл порттар арқылы астық қабылдаудан бас тартыпты.

Сондықтан отандық астық бизнесі Үкіметтен стратегиялық капитуляцияға жол бермеуді сұрайды: кез келген мезетте бұғатталуы мүмкін порттық инфрақұрылымға қол жеткіземін деп жүріп, іргедегі өзіміз ен жайлаған оңтүстік нарықтарды алпауыт бақталасқа беріп қоюға болмас.

"Ресейліктер – біздің тікелей бәсекелесіміз. Қандай келісім болмасын, олар ары қарай да қазақстандық экспортты өз порттары арқылы тек қалдық қағидаты бойынша өткізетін болады", – дейді сала өкілдері.

Алайда ҚР Көлік министрлігінің өкілдері бұл пікірмен келіспеді. Олар 2025 жылдың қарашасында РФ мен ҚР көлік министрліктері транзиттік тасымалдар туралы келісімге қол қойғанын еске салды. Құжат қос елдің парламенттерінде ратификациялау кезеңдерінен өтуде. Ішкі мемлекеттік рәсімдердің қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Тәжірибе көрсеткендей, кейбір келісімдер тек 4-5 жыл өткен соң ғана ратификацияланады.

"Ресей тарапы, соның ішінде РЖД ("Ресей темір жолдары") осы келісім аясында біздің экспорттық жүктердің тасымалын қамтамасыз етуге дайын. 2 млн тоннаға дейін астық ресейлік, Балтық порттары арқылы өтті. Көрші сонша астығымызды Латвияға, Эстонияға және басқа елдерге жіберді ғой! Қайта тиеу бойынша проблема бар екені түсінікті. Біз бұл мәселені РФ көлік министрлігінің алдына қойдық. Олар назарға алды. Өз кезегінде ресейлік экспорт та біздің аумақ арқылы Орталық Азия елдеріне, Қытай бағытына үлкен көлемде өткізумізді қалайды", – деп мәлім етті ҚР Көлік министрлігі.

1-3 сәуірде Петерборда ірі логистикалық форум өтеді, сонда Қазақстан осы мәселе бойынша көрші елмен бір келісімге келуден үміттенеді. Ресей Беларусь арқылы транзитке 20% жеңілдік берді, ал, көлемге кепілдік болған жағдайда қосымша жеңілдіктерді де қарастыруы мүмкін. Таза борышы 4 триллион рубльден асып кетіп, қиын жағдайға киліккен "РЖД" енді икемділік танытуда екен. Сәуір айында Қазақстанмен арада индикативтік жоспарларға қол қою жоспарланып отыр.

Бұл туралы Көлік министрлігі ақпараттандырды. Дегенмен Нұрлан Оспанов ресейлік тарап мұндай схеманы бірнеше жылдан бері ұсынып келе жатқанын еске салды.

"Егер алдымызда олардың порттарын пайдалану немесе оңтүстік нарықтарымызды ресейлік жеткізушілерге беру деген таңдау тұрса, олардың порттарындағы квотадан бас тартқанымыз жөн. Өзіміздің негізгі экспорттық бағытымызды қолдан беруге болмайды. Оларға Орталық Азияға жол ашпауымыз керек. Егер бұл мәселеде қысым көрсетсе, алдымен төл бизнес қауымдастықтарымен ақылдасып, үдерісті созбалаңға, сөзбұйдаға салған, тежеген дұрыс. Себебі, ресейліктердің бергелі отырғаны – татымайтын нәрсе, алғалы отырғаны – орасан зор нарық", – деді Астық одағының басшысы.

ҚҚС – жаппай қырып-жою қаруы ма?

Әзірге Қазақстанның астық нарығында белгісіздік пен тоқырау үстемдік етуде. Бұл жөнінде Қазақстан Астық одағы ұсынған "23 ақпан – 1 наурыз аралығындағы Қазақстанның астық нарығындағы баға жағдайына апталық шолуында" жазылған.

"Салық кодексінің жаңа талаптарынан, соның ішінде ҚҚС-ті қайтарудағы қиғаш өзгерістерден туындаған нарықтағы белгісіздік пен стагнация жалғасуда. Бағалар көбіне номиналды сипатта. Көптеген экспорттаушылар үзіліс алып, астық сатып алуды жүзеге асырмай отыр", – деді Астық одағының өкілі Евгений Карабанов.

Трейдерлердің мәліметінше, жағдайды Қазақстан шенеуніктері де ушықтыруда – ҚҚС қайтарудың жаңа ережелері енгізіліп жатыр. Жаңа Салық кодексінің 484-бабында қарастырылған өзгерістерге сәйкес, экспорттаушы алдымен 16% ҚҚС төлейді, алайда есепке тек төленген салықтың 20%-ы қабылданады. Қалған 80%-ы бюджеттен қайтпайды.

Салдарынан, ҚҚС-тан қайтарылмай қалған 12,8%-ы өнім құнына қосылады. Егер мұның салмағын сатып алушыға жүктесе, қазақ астығы сыртқы нарықта бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Ол шығынын ішкі нарыққа артса, фермерлерден астық сатып алу бағасы төмендейді. Салалық қауымдастықтардың бағалауынша, мұндай жағдайда фермерлердің шығыны 120 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

Осылайша, сала жан-жақтан анталаған қысымның астында қалды: сырттан – транзиттік тәуелділік пен бақталастық қыспақ, іштен – салықтық жүктеме соққы беруде.

Соған қарамастан, сала жетістікке қол жеткізе алды. 2025 жылдың қыркүйегінен 19 ақпанға дейінгі аралықта жаңа астық экспорты шамамен 20%-ға өсіп, 6,4 млн тоннаға жетті, деп хабарлады "ҚТЖ" АҚ. Жаңа маркетингтік жылда, Өзбекстанға астық экспорты – 46%, Қырғызстанға – 1,7 есе, Ауғанстанға – 1,9 есе артқан. Сондықтан құндылығымызға айналған Орталық Азия нарығының тізгінін бақталасқа ұстатпай, қолда барды қаз-қалпында сақтай алудың өзі маңызды болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу