Алдымен түнде Израиль күтпеген жерден әуе дабылын қақты. Көп ұзамай Иранның мемлекеттік басылымдары Израиль аумағына зымырандар ұшырылып жатқанын хабарлады.
Израиль Қарулы күштері де (ЦАХАЛ) Иран аумағынан зымыран ұшырылғанын және олардың Израильге қарай бағыт алғанын мәлімдеген болатын.
Осылайша, барлық тұрғынға баспанаға жасырынуға және "ерекше бұйрық берілгенге дейін сол жерде қалуға" кеңес берілген.
BBC агенттігі ЦАХАЛ-ға сілтеме жасай отырып, Иранның екі қайтара жасаған шабуылында 100-ге жуық зымыран ұшырылғанын, 9 жерде снаряд жарылып, 21 адам жарақат алғанын жариялады. Дегенмен бұл сандар алдағы уақытта өзгеруі мүмкін.
ЦАХАЛ-дың араб тіліндегі баспасөз хатшысы Авихай Адраи Х желісінде "бірқатар ғимарат зақымданғанын, олардың кейбіріне әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің жарықшақтары тигенін" жазды.
The Times of Israel таратқан ақпаратқа сәйкес, тұрғындарға бомба паналарынан шығуға рұқсат берілгенімен, алысқа ұзамау керегі айтылған.
Зымырандардың бірі Тель-Авивтегі биік мұнаралы ғимаратқа түсіп, зақым келтірген. Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) шабуылдың нысанасы әскери орталықтар мен әуе базалары болғанын мәлімдеді.
Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац: "Иран бейбіт тұрғындарға арналған аумақтарды зымыранмен атқылауға батылы жетіп, барлық "қызыл сызықтан" асқанын айтты".
Axios агенттігіне сілтеме жасаған Израиль шенеунігінің айтуынша, Иранның баллистикалық зымырандарын тойтаруға АҚШ көмектескен.
Иран шабуыл жасамай тұрып, бірнеше минут бұрын Франция Президенті Эмманюэль Макрон мәлімдеме жасап үлгерген еді.
"Егер Иранның жауап әрекеті аясында Израиль шабуылға ұшыраса, Франция өзінің ықпалын ескере отырып, оны қорғау мен қорғаныс операцияларына қатысуға дайын", – деді ол.
Бірақ ол Францияның ЦАХАЛ-дың қандай да бір шабуыл операцияларына қатысу мүмкіндігін үзілді-кесілді жоққа шығарған.
Әзірге Израиль қалай жауап беретіні белгісіз. Әйтсе де Таяу Шығыста тағы бір соғыс өрті тұтанатын секілді.