Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи өлтірілді

2080

​Өткен түнде Iran International оппозициялық басылымы хабарлағандай, сенбі күні әуе соққыларының салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапты.

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи өлтірілді Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Израилдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяху да мәлімдеме жасап, әуе соққылары нәтижесінде "Хаменеидің өлтірілгенін білдіретін нышандар пайда болғанын" мәлімдеді.

Reuters осы мәселемен таныс, аты-жөні аталмаған израилдік шенеунікке сілтеме жасап: "Хаменеи қаза тапты, оның денесі табылды" деп жариялады. Оның сендіруінше, Хаменеи шынымен де қаза болған. Оның мүрдесі табылған. Сондай-ақ Хаменеидің өлгенін CNN телеарнасына екі израилдік шенеунік мәлімдепті. Олардың бірі Израилдің аятолланың мүрдесінің фотосуретін алғанын жеткізді.

Иран елді шамамен қырық жыл басқарған жоғарғы көшбасшының жойылғанын әзірге растаған жоқ. Али Хаменеи – 1989 жылдан бері Иранның жоғарғы көшбасшысы, елдегі ең жоғары саяси және діни тұлға. Ол 1939 жылы Мешхед қаласында дүниеге келген және 1979 жылғы Ислам революциясының негізгі қайраткерлерінің бірі. Сол революцияны Рухолла Хомейни басқарған еді. Жоғарғы көшбасшы болып сайланғанға дейін Хаменеи 1981–1989 жылдары Иран президенті қызметін атқарды.

АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News телеарнасына сұхбатында әуе соққыларынан Хаменеидің қаза тапқаны туралы хабарламаға түсініктеме берді.

"Біз бұл ақпарат шындыққа жанасады деп есептейміз. Барлық шешімдерді қабылдап келген Иранның жоғары лауазымды шенеуніктерінің басым бөлігі өмірден кетті", – деді Трамп.

28 ақпанда Израиль Ирандағы зымыран қондырғылары мен әуе қорғанысы жүйелеріне және басқасына соққы жасады. Шамамен 200 израилдік жойғыш ұшақ Израиль Әуе күштері тарихындағы ең ірі соққы операциясын жүзеге асырды.

Ақ үй хабарлағандай, Трамп АҚШ пен Израилдің Иранға жасаған түнгі соққыларын өзінің Мар-а-Лаго резиденциясында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі командасының мүшелерімен бірге бақылаған.

Iran International басылымына белгілі болғандай, сенбі күнгі әуе соққыларынан Иранның кемінде төрт биік лауазымды тұлғасы қаза тапты. Олардың қатарында: сыртқы барлау бөлімінің басшысы Джавад Пурхоссейн, қауіпсіздік бөлімінің басшысы Мохаммад-Реза Баджестани, терроризмге қарсы бөлімнің басшысы Али Хейрандиш, Израильмен соғыс мәселелері жөніндегі кеңесші Саид Эхья Хамиди бары хабарланды.

Иранның Ислам революциясының сақшылар корпусының (ИРСК) әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазын жауып тастады. Салдарынан жаһандық мұнай нарығының үштен бірі өтетін халықаралық дәліз бұғатталып қалды. Бұл бірнеше сағатта мұнай құнының 12 долларға күрт қымбаттауына соқтырды. Дәліздің жабылуы ұзаққа, бірнеше күнге созылса, қара алтын құны 120–150 долларға дейін шығандауы мүмкін деген болжамдар жарияланды.

Сенбі күнгі шабуылдар барысында Иранның жоғарғы көшбасшысының аға кеңесшісі Али Шамхани қаза тауыпты. Reuters мәліметінше, соққылар нәтижесінде ИРСК бірнеше қолбасшысы да мерт болған.

Иран Израильге және Парсы шығанағы елдеріне зымырандармен соққы берді. Бахрейн, БАӘ, Кувейт және Қатар зымырандарды тұтып алғанын хабарлады. Абу-Дабиде бір адам қаза тапты. Ирандық соққылар нәтижесінде Кувейт ауруханаларына 12 жараланған адам жеткізілген. Иранның өзінде де опат болғандар жетерлік.

Пентагон өз миссиясын "Эпикалық қаһар операциясы" деп атады, ал Израиль өз науқанына "Арыстанның ақыруы" деген атау беріп, оған қатысу үшін мыңдаған резервист-әскерилерді шақырды.

Иранның Тегеран, Тебриз, Кум, Карадж, Хоррамабад, Керманшах, Илам және басқа да қалалардан жарылыстар болып жатыр. Бұл ел тізе бүкпесе, АҚШ пен Израилдің оны кем дегенде 4 күн бойы бомбалауды жоспарлағанын америкалық басылымдар жариялады.

Израиль билігі бұл операция бірнеше ай бойы жоспарланғанын және Вашингтонмен үйлестіріліп жүргізілгенін мәлімдеді. Шамамен 200 израилдік жойғыш ұшақ "Израиль Әуе күштері тарихындағы ең ірі соққы операциясын" жүзеге асырып, сенбі күні батыс және орталық Ирандағы зымыран және зениттік жүйелерді нысанаға алды. Шамамен 500 нысанаға жүздеген авиабомба тасталған.

Израиль қарулы күштерінің өкілі мәлімдегендей, шабуылдардың мақсаты – Иранның әуе кеңістігінде Израилдің толық үстемдігін орнату, қарсы шабуылдау мүмкіндіктерінен айыру, соның ішінде Батыс Ирандағы ұшыру алаңдарына нұқсан келтіру болған.

Ирандық жартылай ресми ISNA ақпарат агенттігі әскери нысандарға жасалған шабуылдар кесірінен Ислам революциясының сақшылар корпусының мыңдаған әскери қызметкері қаза тапқанын немесе жараланғанын хабарлады.

АҚШ президенті Доналд Трамп Вашингтон "кең ауқымды әскери операция" бастағанын мәлімдеп, бұл іс-қимылды Иранның ядролық бағдарламасының және алыс қашыққа ұшатын зымыран бағдарламасының дамуын болдырмауға бағытталған қорғаныс шарасы ретінде сипаттады.

"Біздің мақсат – Америка халқын қорғау. Ол үшін ирандық режимнен төнген тікелей қауіпті жоямыз", – деді Трамп видеоүндеуінде.

Бірақ Ираннан қандай қауіп төнгенін нақтылап жатпады. Ол Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермейтінін қосты.

БАҚ сондай-ақ Али Хаменеидің, Иранның қорғаныс министрінің және ИРСК басшысының қаза тапқаны туралы хабарлады. Иран СІМ-і АҚШ пен Израиль соққыларынан кейін аятолланың және ел президентінің жантәсілім еткені туралы ақпаратты әзірге жоққа шығаруда.

БАҚ израилдік дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, АҚШ пен Израилдің Иранға жасаған әскери соққыларының нысанасы елдің жоғарғы көшбасшысы (көсемі) аятолла Али Хаменеи және Иран президенті Масуд Пезешкиан болғанын хабарлады. Спутниктік суреттер Тегеранда орналасқан Хаменеи резиденциясының толық қирағанын көрсетті. Баспасөзде аятолланың қаза тапқаны туралы мәлімдемелер пайда болды, себебі соққылардан кейін ол көпшілік алдында көрінбей кетті.

Reuters дереккөздің мәліметінше, операцияның қорытындылары әзірге түсініксіз. Ирандық Mehr агенттігі дереккөзіне сүйеніп, Масуд Пезешкиан соққылардан зардап шекпегенін, дегенмен президенттің үйі бомбаланып, жермен-жексен етілгенін мәлімдеді. Президент сарайы және Хаменеи резиденциясы орналасқан ауданға кемінде 7 зымыран жеткенін жергілікті Tasnim агенттігі жазады.

28 ақпан күні Израиль мен АҚШ қарулы күштері Тегеран мен Иранның басқа да бірқатар қалаларындағы әскери және әкімшілік нысандарға зымыран соққыларын жасады. Жауап ретінде Иран қарулы күштері Израилді, Парсы шығанағы мемлекеттерінде орналасқан АҚШ әскери базаларын шабуылдады.

The New York Times газеті спутниктік суреттерді жариялап, Саадбад сарайындағы Хаменеи резиденциясының толық қирап, үйіндіге айналғанын көрсетті. Суреттерде ғимарат орнында қалған, қара күлге көмілген ғимарат қаңқасы ғана көрінеді.

NBC News арнасының эфирінде бастапқыда Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи жоғарғы көшбасшының қаза тапқанын жоққа шығарды.

"Білуімше, иә, олар тірі. Сондай-ақ сот билігінің басшысы, парламент төрағасы, барлық жоғары лауазымды шенеуніктер және Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы да аман. Барлығы өз орындарында, біз бұл жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Тәртіп бар. Бәлкім, біз бірнеше қолбасшыдан айырылған шығармыз, бірақ бұл соншалықты үлкен проблема емес", – деді министр.

"Аль-Алам" телеарнасы тіпті Иранның жоғарғы көшбасшысының "бірнеше минуттан кейін халыққа үндеумен қайрылатынын" жария етті, алайда белгіленген мерзімде Хаменеи үндеу жасамапты.

Axios басылымы АҚШ соққылары Иранның зымыран бағдарламасы мен ұшыру қондырғыларын көздегенін, ал, Израиль соққылары – жоғары лауазымды ирандық шенеуніктерді өлтіруге және зымыран инфрақұрылымы нысандарын жоюға бағытталғанын жазды.

Операцияның басталуын АҚШ президенті Доналд Трамп Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясынан қорғаныс министрі Пит Хегсет және Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы генерал Дэн Кейнмен бірге басқарды. Америкалық көшбасшы Иранға қарсы науқанды "кең ауқымды әрі ұзаққа созылады" деп сипаттап, АҚШ әскери қызметкерлері арасында шығын болуы мүмкін екенін ескертті.

Жаңа басшы таңдалған ба?

Тегеранда биліктің ауысу туралы болжамдар Иранның ұлттық қауіпсіздік басшысы Али Лариджаниге назар аудартты.

"Иранның билеуші элитасындағы алдағы ықтимал ауыс-түйістер және Али Лариджанидің рөлінің артуы туралы батыстық БАҚ-та жазылған соңғы хабарлар Тегеранда жоққа шығару, терістеу және сақ пікір білдіру сияқты аралас реакция тудырды. Осы аптада New York Times ирандық шенеуніктерге сілтеп, Тегеранның АҚШ-пен немесе Израильмен соғыс жағдайына арналған іс-қимыл жоспарын әзірлегенін хабарлады. Бұл жоспар ел басшылығы, тіпті Иранның жоғарғы көшбасшысы Хаменеидің қаза табуы сценарийлерін де қамтиды", – деп жазды "Иран Интернешнл" шолушысы Мариям Синаи.

Есепке сәйкес, жоспар төтенше жағдайларда, мысалы, ел басшыларсыз қалғанда, Иран Ислам Республикасының қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге арналған. Резервтік құрылымға бірнеше жоғары лауазымды тұлғалар, соның ішінде қауіпсіздік қызметінің басшысы Лариджани, парламент спикері Мохаммед Багер Галибаф және бұрынғы президент Хасан Рухани енгізілген-мыс.

Баяндамада сондай-ақ Лариджанидің рөлінің кеңеюі сайып келгенде, іс басындағы президент Масуд Пезешкианның күнделікті басқарудағы ықпалының азаюына соқтырғаны көрсетілген. Лариджани бұл хабарламалардың ешқайсысына жария түрде түсініктеме бермеді.

Кезінде Конституцияны қорғау кеңесі Лариджаниді президенттік сайлауға қатысудан шеттеткен еді. Соған қарамастан, 2025 жылғы 13–25 маусымдағы Израильмен 12 күндік соғыстан соң Хаменеи оны Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы етіп тағайындады.

Таяуда Парламенттің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комиссиясының мүшесі Салар Велаятмадар қазіргі кезде Лариджанидің саясатты қалыптастыруда "шешуші рөл" атқаратынын мәлімдеді. Ирандық Eghtesad24 америкалық New York Times репортажында Лариджанидің "кризис-менеджер" ретінде аталғанына назар аудартты. Ол ядролық дипломатиядан бастап өңірлік стратегия мен әскери әрекеттерді жоспарлауға дейінгі түрлі салада қимылдайды. Басылым биліктегі бұл өзгерістерді "өңірдегі қауіптің күшеюіне бейімделу үшін Иранның саяси жүйесінің ішкі үйлестіру мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған айқын әрекеттері" деп атады.

Қалай болғанда, шабуылдардың жалғасып жатқаны байқалады. Кеше Иран гвардиясы "Ақиқат уәде 4" атты операцияның басталғанын мәлімдеді. Содан Парсы шығанағының кейбір өңірінде жарылыстар тіркелді. Иранның Революциялық гвардиясы аймақтық шабуылдар сериясын бастады, бұл бірқатар елдерді әуе қорғаныс жүйелерін іске қосуға мәжбүр етті. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Кувейтте, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Қатарда және Бахрейнде әуе дабылы сиреналары қосылған.

Қатарда үкімет өкілі France-Presse агенттігіне әуе қорғаныс жүйелері ирандық зымыранды тұтып алғанын, америкалық Patriot жүйелері снарядты жойғанын хабарлады. Қатар аумағында өңірдегі ең ірі америкалық әскери база – Әл-Удейд әуе базасы орналасқан. Ізінше Қатар ІІМ шабуыл нәтижесінде ешқандай зиян келмегенін мәлімдеді.

Бахрейн ұлттық байланыс орталығының мәлімдемесіне сәйкес, зымыран соққысының нысанасы АҚШ ӘТК Бесінші флоты орналасқан нысан болған. Алайда қосымша мәлімет берілмеді. Кувейт әскері өз әуе кеңістігіндегі зымырандарды залалсыздандырғанын мәлімдеді. Иордания әскері елге бағытталған 2 ирандық баллистикалық зымыранды атып түсіргенін жариялады.

Абу-Даби тұрғындары AFP агенттігіне қатты жарылыстарды естігендерін айтқан. БАӘ мемлекеттік ақпарат агенттігі Әмірліктер күштері ирандық зымырандарды құлатып түсіргеннен кейін бір адамның қаза тапқанын хабарлады. БАҚ ирандықтардың Бурдж-Халифа қонақүйіне соққы жасауға тырысқанын жазды. Дубайдағы Fairmont The Palm қонақүйінде қатты жарылыстар болып, өрт шыққан.

БАӘ шабуылды өз егемендігі мен халықаралық құқықты өрескел бұзу деп айыптап, жауап беру құқығын өзінде қалдыратынын мәлімдеді. Яғни, Иранға соққы жасауға дайын. AFP агенттігінің мәліметінше, жарылыстар Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта да болған.

АҚШ Орталық қолбасшылығы сенбі күні Иранның жүздеген зымыран және "Шахед" типті дрон шабуылдарын тойтарғанын мәлімдеп, америкалық әскери қызметкерлер арасында қаза тапқаны немесе жараланғаны туралы хабар түспегенін қосты. Орталық қолбасшылық америкалық нысандарға келтірілген залалдың аз болғанын және операциялардың барысына әсер етпегенін хабарлады.

"Қақтығыстың ушығуы Иранның қауіпсіздік күштері бүкіл ел бойынша наразылықтарды басып-жаншу мақсатында жүргізген операциядан кейін небәрі бірнеше апта өткен соң басталды. Шеруді қуып тарату кесірінен ондаған мың ирандық қаза тапты. Мұндай жаппай қырғын қазіргі әлем тарихындағы ең сұмдық оқиғалардың бірі ретінде кеңінен мойындалды. Ереуілдер толық тоқтаған жоқ, олар қоғамда терең ішкі наразылықтың күшеюі және ирандық билеуші элитаға сырттан жасалып жатқан теңдессіз қысым аясында өрістеді", – деп жазды журналист Негар Моджтахеди.

Қуғындағы шах мұрагері, АҚШ-та тұратын ирандық ханзада Реза Пехлеви ирандықтарды көшелерге қайта шығуға дайындалуға шақырып, қазіргі биліктің күйреу шегінде тұрғанын мәлімдеді және азаматтарды сабыр сақтап, қосымша нұсқауларды күтуге үндеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу