Ірі қара мал терісінің 81%-ы өңделмеген қалдық күйінде қалады

Жеке шағын шаруа қожалықтарында өндірілген терілердің сапасы төмен, экспорттаушылардың талаптарына сай келмейді.  

Ірі қара мал терісінің 81%-ы өңделмеген қалдық күйінде қалады Фото: egemen.kz

Бұл жайында Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz

Ведомство басшысының айтуынша, тері өңдеу саласында 9 кәсіпорын жұмыс істейді.

"2022 жылы ірі қара мал терісінің өндірісі 3,4 млн дананы құрады оның шамамен 14%-ы немесе 462 мың данасы өңделді, 5,2% немесе 179,5 мың дана – экспортталды, 81%, яғни 2,8 млн дана - өңделмеген қалдық күйінде қалды", – деп тізімдеді министр Сенат қабырғасында өткен жиында.

Ал ұсақ мал терісі бойынша жағдай бұдан да нашар. Оған мүлде сұраныс жоқ. Салдарынан өндірілген 7,9 млн дана тері ешкімнің қажетіне жарамаған, өңделмеген де, экспортталмаған да. Бұл ретте министр былғары шикізатының экспортын тежеуші факторларды атады. 

"Былғары шикізатының экспортын тежеуші фактор 1 тонна үшін 200 еуро экспорттық баж болды. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес үшін экспорттық баж толығымен алынып тасталды, ал ірі қара мал бойынша 100 еуроға дейін төмендетілді", – деді ведомство басшысы. 

Елімізде инвестициялық субсидиялар қағидаларына былғары шикізаты мен жүнді қайта өңдеу жөніндегі жаңа қуаттарды салуға және жаңғыртуға арналған инвестициялық салымдардың 25%-ын  өтеуді көздейтін жаңа паспорт енгізілмек. 

Осы орайда министр шикізат өңдеудің дамымау себебін атады. Айтуынша, оның жеке шаруа қожалықтарында, шағын шаруа қожалықтарында және фермерлік қожалықтарда өндірілгендігі екен. Яғни, сапа төмен және отандық кәсіпорындардың да, экспорттаушылардың да  талаптарына сәйкес келмейді. Терілер кесілген, зиянкестер бүлдірген және өзге де себептер. 

Бұл мәселенің шешімі ретінде министр терінің сапасы маңызды болмайтын өндірістерді дамытуды ұсынды. Оның ішінде желатин немесе азықтық қоспаларды өндіру бар. 

Осыған байланысты қазіргі уақытта республика бойынша мынадай жобаларды іске асыру жоспарлануда:
1) жалпы қуаты 12 мың тонналық ірі қара малдың терісін өңдеп желатин өндіретін 3 инвестициялық жоба;
2) 2,2 мың тонна көлемінде азықтық қоспаларды өндіру үшін ұсақ мал терісін өңдейтін 1 жоба.

"Алдын ала есептеулер бойынша аталған жобаларды іске асыру ірі қара малдың өңделген терісінің үлесін 85%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ұсақ мал терісін өңдеу үшін "Қазақинвестпен" бірлесіп малға азықтық қоспаларды дайындау жобаларына инвесторлар қарастырылуда", – деді Ербол Қарашөкеев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу