banner

Ірі кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп тұр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
16605

Павлодарлық кәсіпорындардың әкімшілік қызметкерлері ғана қашықтықтан жұмыс істеуде.  

Ірі кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп тұр

Елдегі төтенше жағдайға қарамастан, Павлодар өңіріндегі ірі кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Десе де, көптеген компаниялар әкімшілік қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс істеуге жіберді. Ал өндірістік цехтарда кідіріс жоқ.

Жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дезинфекциялық шаралар да күшейтілді. Дәлірек айтсақ, зауыттардың қызметкелері бірнеше рет пайдалануға болатын бетперделермен қамтылды. Ал Қазақстан электролиз зауыты адам температурасын автоматты түрде анықтайтын тепловизорлар орнатты. Жуық арада мұндай аппараттар Павлодар өңіріндегі ERG кәсіпорындарының бәріне қойылмақ.

Кәсіпорындар төтенше жағдайда жұмыс істеп қана қоймай, өндірістік рекордтарды жаңартуда. Мысалы, Екібастұздағы "Шығыс" кенішінің қызметкерлері циклді-толассыз аршыма кешенінен аршыма жынысын тасымалдау бойынша рекорд орнатты. Өндірістік жетістікке жұмыс уақытын жүйелі түрде оңтайландыру, технологиялық жолдарды дұрыс пайдалану, паркті жүк көтерілімдігі 136 тоннаны құрайтын үш "БелАЗ" көлігімен толығуы секілді факторлар оң әсер еткен.

"Павлодарэнерго" акционерлік қоғамы да қауіпсіздік шараларын күшейткен. Жылыту маусымы әлі аяқталған жоқ. Бірақ компания өкілдері қазірдің өзінде жылу құбырларының 68 бұзылу фактісін анықтаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 %-ға артық. Осыған қарап-ақ, облыс орталығындағы жылу желілерінің тозып жатқанын аңғаруға болады. "Павлодар жылу желілері" ЖШС-ның бөлім басшысы Павел Плетуховтың сөзінше, кемшіліктердің бәрі жедел түрде реттелген.

"Жылыту маусымы әлі аяқталмаса да, біз келесі маусымға дайындықты бастап кеттік. Биыл Павлодар қаласында 5 шақырымдық жылу желісі мен ыстық су құбырларын жөндеу жоспарланып отыр. Екі жылу магистралін күрделі жөндеуден өткізу кезінде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу бойынша келісімшарттарды бекітуге әзірлік жасалуда", – дейді Павел Плетухов.

Павлодарлық кәсіпорындар әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытқан жоқ. Мәселен, Ақсу ферроқорытпа зауыты қоғамдық көліктердің жүктемесін азайту мақсатында қосымша автобустар бөлді. Сондай-ақ, бұл зауытта да тепловизорлар орнатылған.

Еске сала кетейік, 13 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап Павлодар облысы карантинге жабылады. Сондықтан өңірдегі кәсіпорындардың жұмысында өзгерістер орын алуы да ықтимал.

Сoronavirus2020.kz сайтының ресми мәліметіне сүйенсек, 12 сәуір сағат 13.55-тегі жағдай бойынша Павлодар облысында коронавирус жұқтырған 9 адам тіркелді. Оның бірі емделіп шықты. Енді бірі көз жұмды. Қалғаны дәрігерлердің жеті бақылауында. Павлодар облысы бойынша 1 100-ден астам адам карантинге алынды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу