Ірі салық төлеуші компаниялардан түскен салық түсімдері 7,1%-ға азайды

3377

2020 жылы еліміздегі 50 ірі салық төлеуші компания 3,9 трлн теңге салық төлеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,3%-ға аз.

Ірі салық төлеуші компаниялардан түскен салық түсімдері 7,1%-ға азайды

Өткен жылы Қазақстанда пандемияға байланысты бизнес үшін енгізілген салықтық жеңілдіктерден жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) 1%-1,3% салық түспеген, әрі салық түсімдері 7,1%-ға азайған, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы. 

Әлемдегі мемлекеттер COVID-19-ға байланысты эпидемиологиялық жағдайдың одан әрі нашарлауына жол бермеу үшін шұғыл түрде қосымша шаралар қабылдады: халықтың жүріп-тұруын шектеу, кәсіпорындардағы жұмысшыларды қашықтан жұмыс істеуге көшіру, мұндай мүмкіндігі жоқ компаниялардың жұмысын тоқтату тұру сынды шектеу шаралары енгізілді.

Бұл шешімдер әлем экономикасына кері әсерін тигізді. Көптеген компания қиындықпен бет-бетпе келді. Шектеу шараларының енгізілуіне байланысты бірқатар мемлекет кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер енгізілетінін мәлімдеді. Оның арасында Қазақстан да бар.

Еліміз шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірқатар шара енгізді: бұл салықтық ынталандыру, арзан кредит пен оның төлеу мерзімін ұзарту, әкімшілік жүктемені азайту, бизнес-климатты жақсарту, бизнестегі мәселелерді жедел шешуге байланысты болды. 

Мысалы, шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілері еңбекақы төлеу қоры есебінен жарты жылға салық пен төлемдерден, сондай-ақ олар жыл соңына дейін әлеуметтік төлемдерден босатылды. Оның ішінде зейнетақы жарналары мен МӘМС бар. 

Бұл пандемия кезінде кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізді. Мұндай көмекті 700 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі алды. Finreview.info мәліметінше, бұл ЖІӨ-ге 1%-1,3% мөлшерінде салық түсімдерінің түспеуіне ықпал еткен.

2020 жылы Қазақстанда салық түсімдері 7,1%-ға азайған. Өткен жылы бюджетке 8,6 трлн теңгеге түскен. 

Еліміздегі 50 ірі салық төлеуші компания 3,9 трлн теңге (салықтардың 46%) төлеген. Бұл 2019 жылға қарағанда 32,3%-ға аз. 

2020 жылы мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысатын кәсіпорындар бюджетке түсетін салықтың негізгі бөлігін төлеген. Олар рейтинге 19-орындарда тұр. Жалпы тізімде 50 орын бар.

Олардың үлесіне 50 ірі салық төлеуші төлеген барлық төлемнің 59%-ы немесе 2,3 трлн теңге тиесілі. Өткен жылмен салыстырғанда аталған компаниялар төлеген салық көлемі 46,6%-ға төмендеді. Бұл рекордтық көрсеткіш болып саналады.

Мұнай секторынан кейін тізімде металлургия саласы тұр. Олардың салық түсімдеріндегі жалпы үлесі – 12,5% немесе 493,3 млрд теңге. 

Сонымен қатар рейтигте темекі секторы да бар. Тізімде 3 темекі компаниясы тұр. Олар 271,5 млрд теңгеге салық төлеген.

Үздік төрттікті кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласы қорытындылайды. Олар бюджетке 200,9 млрд теңге төлеген.

Сондай-ақ тізімде телекоммуникация, банк секторы, логистика, алкоголь өндірісі,инженерия салалары да бар.

Дәурен Ерболат