Ирригацияның игілігі

Қажет Андас Қажет Андас
2995

Ислам даму банкінің қаржыландыруымен Алматы және Түркістан облыстарында "Ирригация мен дренажды қалпына келтіру" жобаларын жүзеге асырылуда.

Ирригацияның игілігі

Аталмыш жоба арқылы екі өңірде 136,982 мың гектар суармалы жердің суландыру жүйесін жаңғырту көзделген. Оның ішінде 35,4 мың гектары Алматы облысына тиесілі.

"Ақсу ауданында – 11,548, Алакөл ауданында – 6,0, Көксу ауданында – 13600, Ескелді ауданында ,4,62 мың гектар жердің суландыру жүйесі жаңғыртылады. Қалпына келтірілетін ирригациялық жүйесінің жалпы ұзындығы 1376,5 шақырымды құрайды", – дейді Ислам даму банкі жобаларды жүзеге асыру тобының жетекшісі Бақытжан Кемелбеков.

Екі облыстағы суландыру жүйесін қаржыландырудың жалпы көлемі 53 млрд 23 млн теңгені құрайды. Оның ішінде 48 млрд 34 млн теңге Ислам даму банкінің қаржысы, ал 4 млрд 89 млн теңгесін "Қазсушар" мемлекеттік мекемесі бөліп отыр.

"Ислам даму банкі Алматы облысының суландыру жүйесін жаңғыртуға 14 млрд 976 млн теңге бөліп отыр. Бұл сома тек құрылыс жұмыстарына жұмсалмайды, "Қазсушар" мемлекеттік кәсіпорны осы қаржы есебімен жұмысты атқаруға керекті 89 дана мамандандырылған техника сатып алады. Ал Ислам даму банкінің қаржысы банк пен "Қазсушар" мемлекеттік кәсіпорнының келісіміне сәйкес 2020 жылдан бастап 15 жыл ішінде қалпына келтірілген су жүйесі арқылы су беру қызметінен түскен қаражаттан қайтарылады", – дейді "Қазсушар" мемлекттік кәсіпорны Алматы филиалы директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Марат Әбдуәлиев.

Осы жылдың сәуір айынан "Ескелді ауданының ирригация жүйесін қалпына келтіру" жұмысы басталды. Оған 1 млрд 524 млн теңге бөлініп, бүгінге дейін 732 млн теңгесі игеріліпті.

"Жалпы Ескелді ауданы бойынша 21119 гектар суармалы жер бар. Осы жоба аяқталғанда суармалы жердің аумағы тағы да 4269 гектарға артады", – дейді Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Ермек Әпеков.

Жоспар бойынша Ескелді ауданында 263 шақырымды құрайтын 6 канал жаңаланып, 280 гидротехникалық нысан, 9,5 шақырымға Семей қаласындағы "Олжас" ЖШС-нан әкелінген темір-бетонды каналдар жаңадан салынуы тиіс. Бұл жұмыстарды бас мердігер "Асатай" ЖШС атқаруда. Жұмыс мерзімі 18 айға есептелген. Жоспар келесі жылдың тамыз айында аяқталуы тиіс.

"Қазірге дейін 23 көпір салынып, жоспардың 10 пайызы ғана орындалды. Оған алажаздайғы егіншілік жұмысы қолбайлау болды. Есесіне, барлық каналдың 80 пайызын тазартып біттік. Міне, енді, егіс науқаны аяқталып, бар күшімізбен жұмысқа кірістік. Қазір 100-ге жуық адам, 35 техника тынымсыз жұмыс істеуде. Жұмысшылардың 80 пайызы жергілікті тұрғындар. Олар 80-150 мың теңге аралығында жалақы алады. Сондай-ақ, үш уақыт тамақ тегін беріледі" – дейді "Асатай" ЖШС Ескелді филиалының жетекшісі Кеңес Карбозов.

Ирригациялық жүйелерді жаңғырту өңірдегі шаруа қожалықтарының жұмысына көп жеңілдік әкелгенін көрдік.

"Қайта жаңғыртылған каналдар жұмысымызға серпін берді. Өткен жылдары жылына 1-2-ақ рет су жеткізілетін егістікті биыл 5-6 рет суғрып алдық. Былтыр соядан гектарына 1,5 тоннадан өнім алсақ, биыл гектар берекелілігін 2,5 тоннаға жеткіздік, қызылшадан 300-350 центнерден өнім алып келіп едік, биыл 500-600 центнерге жетті", – дейді "Дайыров шаруа қожалығының жетекшісі Болат Дайыров.

Айта кетерлігі, осы жылдың аяғына қарай Алматы облысындағы Ақсу, Көксу, Алакөл аудандарында жұмыс басталады.

Қажет Андас, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу