Испания чемпионатында "Астана" шабандозы 2-орынға ие болды

1474

Хаен қаласында тас жолдағы велоспорттан өткен Испания чемпионатында жекелей жарыс бойынша қазақстандық "Астана Про Тим" велоклубының шабандоздары жүлделі орындарға ие болды. Луис Леон Санчес күміс жүлдегер атанса, Горка Исагирре қола жүлде иеленді.

Испания чемпионатында "Астана" шабандозы 2-орынға ие болды

45.3 шақырымға созылған жекелей сайыста 1 сағат 3 минут және 32 секунд уақыт көрсеткішімен Пейо Бильбао Испания чемпионы атанды. Ал жеңімпазға 36 секунд уақыт ұтылған "Астана" шабандозы Луис Леон Санчес 2-орынға ие болса, мәреге Бильбаодан 1 минуттан кейін келген Горка Исагирре 3-нәтиже көрсетті. Елордалық велоклубтың тағы бір шабандозы Оскар Родригес финишке 5-болып (+3.15) келді.

"Таулы аймақта өткен осындай қиын жекелей сында жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын. Әрине, жарыс жолына жеңіске жетсем деген оймен шықтым. Бірақ, өзімді 100 пайыз тамаша сезіндім деп айта алмаймын. Испания чемпионатына "Критериум дю Дофине" жарысынан кейін келдім. Одан бөлек, жарыста құлағаннан кейін қайта қалпыма келіп үлгермедім. Ал бүгін ұлттық чемпионаттың жеңіс тұғырында тұрғаныма өте қуаныштымын. Пейо мықты шабандоз екенін көрсетті. Енді жексенбі күні өтетін топтық жарысқа дайындаламын", - деді Луис Леон Санчес.

Сонымен қатар "Астана" шабандоздары Италия чемпионатында да бақ сынады. Тас жолдағы веложарыстан өткен чемпионат Бассано дель Граппадан басталды. Сайыстың нәтижесі бойынша елордалық велоклубтың өкілі Мануэле Боаро жекелей жарыста 4-орынға ие болды. 38.8 шақырымдық жарыс жолын  47 минут 11 минут және 93 секунд уақытта жүріп өткен Мануэле Италияның жаңа чемпионы Филиппо Ганнеге 2 минут 12 секунд уақыт қана ұтылды.

"Жалпы бүгінгі жарысқа көңілім толады. Әрине, жүлделі орын иеленгім келді. Бірақ, 4-орын да жаман нәтиже емес. Бабым да күннен күнге жақсаруда. Сондықтан жексенбі күні өтетін топтық сайыста бүгінгіден де жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын", - деді "Астана" шабандозы Мануэле Боаро.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу