IT-бизнес мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қалды

24121

Жеке табыс салығы мен қосымша құн салығы мәселе туғызып жатыр.  

IT-бизнес мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қалды

Төтенше жағдайдың салдарынан еліміздің IT-нарығы қиын жағдайға тап болды. Осыған дейін жасалған келісімшарттар бұзылып, ақпараттық-коммуникациялық технологиямен байланысы бар экономиканың кейбір секторлары табысынан айрылды.

IT-бизнес өкілдерінің сөзінше, саланың қаржыландырылуы көңіл көншітпейді. Екінші деңгейлі банктер несие рәсімдеу үшін IT-бизнес өкілдерінен кепілзат сұрайды.

"Қосымша құн салығы мен мемлекеттік сатып алудан да мәселе туып жатыр. Тапсырыс берушілердің бүйрегі шетелдік IT-компанияларға бұрып тұрады. Осы жайт көңілге кірбің түсіреді. Біз жобалар бойынша жеке табыс салығы мен қосымша құн салығын төлеуге әзір болдық. Алайда келісімшарттардың бұзылуына байланысты дәл қазір бұл мүмкін емес. Салық жеңілдігінің мерзімі 1 маусымда аяқталады. Төтенше жағдайға байланысты енгізілген салық жеңілдігін жыл соңына дейін созуды сұраймыз", – деді Chocofamily Holding компаниясының негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов.

"TALAP" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, экономист  Рахым Ошақбаевтың мәлімдеуінше, бизнес өкілдері апта соңына дейін преференциялар  бойынша ұсыныс әзірлеп, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы ұлттық экономика министрлігіне жолдай алады.

"Ұлттық экономика министрлігі төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлерді қолдаудың кезекті кешенді шарасын жүзеге асырудың жоспарын түзіп жатыр. Қолдау шараларында IT-компаниялардың мүддесін ескеру көзделіп отыр. Себебі осыған дейінгі жеңілдіктерден IT-нарығының өкілдері тыс қалды", – деді Рахым Ошақбаев.

 Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу