Италиялық басылым: "Қайрат" атына лайық өнер көрсетті

268

Танымал италиялық басылым алматылық клубтың адуынды қарсылас екенін айтып, Дастан Сәтпаев жайлы да сөз қозғады.

Италиялық басылым: "Қайрат" атына лайық өнер көрсетті Фото: Қайрат ФК

La Gazzetta dello Sport "Қайрат" пен "Интер" арасындағы Чемпиондар лигасының 4-тур матчы туралы пікір білдіріп, алматылық клубтың табанды ойынын ерекше атап өтті.

"Миландықтар 4 ойында толық ұпай жинап, тек 1 гол ғана жіберді. Ол – бүгінгі кеште Арад соққан доп. Бразилиялық пен аргентиналық капитанның голдары “Интерге” тағы бір жеңіс сыйлады", – деп жазады басылым.

Материалда италиялық журналистер "Қайраттың" сапары мен ерлігіне кеңінен тоқталған:

"Алматы – жер шарының бір түкпіріндегі кішкентай нүкте. Қазақстан командасы шамамен 7 мың шақырымды еңсеріп, Миланға 8 сағатта жетті. “Сан-Сирода” құрбандыққа шалынатын команда секілді көрінгенімен, бәрі олай болмады. “Қайрат” қарсылық танытып, ұзақ уақыт бойы төтеп берді. Соңында ғана әлсіреді. Бірақ бұл жолы қазақстандық клуб “Интерге” біраз қиындық туғызды".

La Gazzetta dello Sport қазақстандық ойыншы Дастан Сәтпаевтың өнерін де ерекше атады:

"Алаңдағы ең жас ойыншы – 2008 жылы туған Дастан Сәтпаев. Ол допты тартып алып, қақпаға бағыттаған соққысы көлденең бағанадан қайтты. Бұл кездейсоқтық емес. “Челси” оны жазда 2,5 миллион еуроға сатып алуға ниет білдірген", – делінген мақалада.

Матч барысында Офри Арадтың голы "Қайратқа" тарихи тең есепті сыйлағанымен, соңында Карлос Аугустоның соққысы "Интерге" жеңіс әкелді.

"Қазақтар матч соңына дейін қауіпті ойын көрсетті. Төреші үш мәрте ысқырық шалған сәт “Интер” үшін де, төреші үшін де жеңілдік сәтіндей болды. Себебі ойын қауіпті арнаға түсіп бара жатқан еді. Дегенмен, ең бастысы “Интер” көшін жалғастырды", – деп түйіндейді италиялық басылым.

Сондай-ақ мақала соңында италиялықтар:

"Қазақ тілінде “Қайрат” сөзі “күш” немесе “ерлік” дегенді білдіреді. Расымен де, Уразбахтин жаттықтырған команда өз атына сай ойын көрсетті", – деп түйіндеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу