ITF United Arab Emirates: Анна Данилина жартылай финалда

1077

Дубайда өтіп жатқан, жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайтын ITF сериялы турнирдегі жұптық сайыста қазақстандық теннисші Анна Данилина Словакия өкілі Виктория Кузьмовамен бірге жартылай финалға шықты. 

ITF United Arab Emirates: Анна Данилина жартылай финалда

Турнирде бірінші нөмірмен өнер көрсетіп жатқан қазақстандық-словакиялық дуэт сейсенбі күні жұптық сайыста ресейлік Оксана Селехметьева/Анастасия Гасанова жұбын екі сетте 6:3, 7:5 есебімен жеңген болатын. Ал 25 қарашада ширек финалда олар Кристина Куцова (Словакия)/Рената Воракова (Чехия) жұбымен ойнауы керек еді. Куцова жекелей сында ресейлік Виталия Дьяченкоға қарсы ойнап, жеңіске жетті. Жекелей сында жеңіске жету үшін біраз күш сарпыған Кристина Куцова жұптық сайыста ширек финалдық кездесуге шығудан бас тартты.

Нәтижесінде Данилина мен Кузьмова бірден жартылай финалға жолдама алды. Олар бүгін, 26 қараша, Нұр-Сұлтан уақытымен 13:00-де Пеангтарн Плипыч (Таиланд)/Алдила Сутьяди (Индонезия) жұбымен ойнайды. Индонезиялық-таиландтық жұп биыл басқа әріптестерімен бірге ITF сериялы екі турнирде жеңіске жеткен болатын. Сондықтан Данилина мен Кузьмованың жартылай финалдағы қарсыластары айтарлықтай мықты.

Сонымен қатар тағы бір қазақстандық Екатерина Дмитриченко Каирде өтіп жатқан, жүлде қоры 15 000 АҚШ долларын құрайтын турнирде италиялық Франческа Пейспен кездесіп, екінші айналымнан кейін жарыстан шығып қалды. Бірінші сетте Пейс брейк-пойнттың арқасында екі ұпай айырмашылығымен алға шықты және бұл басымдылығын кезеңнің соңына дейін сақтап қалды – 6:4. Екінші сетте италиялық теннисші басымдығы одан әрі арттырып, ол Дмитриченкоға бірде-бір гейм бермеді. Есеп 0:6.

Жекелей сында көп күш жұмсағанына қарамастан Дмитриченко осы турнирде жұптық сайыста тамаша нәтиже көрсетті. Ол неміс қызы Антония Шмидтпен бірге жарысқа қатысуда. Ширек финалда қазақстандық-германиялық жұп қытайлық Жонгу Ли/ Юми Жума жұбымен сынға түсті. Бірінші сетте Дмитриченко мен Шмидт қарсыластарына қатарынан төрт гейм берді. Тек бесінші ойында есепті өзгертті. Осыдан кейін қытайлық теннисшілер тағы екі гейм алып, 6:1 есебімен алғашқы кезеңді өз еншілеріне жазды.

Бірақ екінші сетте қазақстандық-германиялық теннисшілер басымдықты өз қолдарына алды. Нәтижесінде партияда 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ал соңғы үшінші сет тай-брейк ережесі бойынша өтті. Дмитриченко мен Шмидт алдымен қарсыластарынан екі ұпай айырмашылығымен алға шықты. Бірақ қытайлықтар есепті теңестіріп үлгерді. Есеп 8:8 болғанда қазақстандық-германиялық жұп тағы екі ұпай еншілеп, жартылай финалдық жолдамаға  ие болды. Олардың келесі қарсыластары индонезиялық Пришка Нугрохо мен қытайлық Джэй Вонг жұбы.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу