Іздеген инвестор Қытайдан табылды

2635

Павлодар облысының билігі қант қызылшасын өсіріп, қант шығаратын кәсіпорын салуға дайын инвесторды біраз уақыт іздеді.

Іздеген инвестор Қытайдан табылды

Үкімет белгілеген әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тізіміндегі өнімдердің екеуі ғана – қант пен пияз Павлодар облысында өсірілмейді. Белгіленген нормаға сәйкес, бір адамға жылына 17 келі қант қажет десек, тұтас облыстың сұранысы 10 мың 977 тоннаны құрайды. Бұл көлемдегі қанттың барлығы еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізіледі. Бүгінгі күні облыстық тұрақтандыру қорына өзге өңірлерден 250 тонна қант сатып алынды.

Өнімді сырттан тасымалдамас үшін облыс билігі қант қызылшасын өзімізде өсіріп, өңдеуді қолға алу керек деген байламға келді. Сөйтіп, былтыр инвестор іздей бастады. Тіпті, суармалы алқап аумағынан жер беріп, инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтуға әзір екенін білдірді. Бірақ, мұндай ұсынысқа келісе қояр кәсіпкер таба алмады. Ал таяуда қытайлық "CNOOD Asia Limited" компаниясы зауыт салуға ниет білдіріп, екіжақты меморандумға қол қойылды.

Қант зауытына лайық жер Ақсу қаласына жақын аумақтан берілді. Мұнда жалпы аумағы 1000 гектар болатын агропарк ашылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар салынбақ.

"Аталмыш аумақ кәсіпкерлерге қолайлы. Себебі, логистика жақсы, теміржол жақын. Бастысы қуаттылығы 4,9 мегаватт болатын электр беру желілері іске қосылады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жобаның құны – шамамен 1,4-1,5 млрд теңге. Бюджеттік қаржы есебінен жарық желілері мен қосалқы станция салынады", – дейді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Монтай Мусин.

Келесі жылы дәл осы аумақта қант зауытының іргетасы қаланады.  Қытайлық инвесторлар бұл жобаға 37 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.

"Жылына 750 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, одан 100 мың тонна қант алады. Республика бойынша 500 мың тоннаны құрайтын қажеттіліктің 20 пайызын, облыс сұранысын толықтай өтейді", - дейді "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Ернар Әбілқасов.

Зауыт жергілікті шикізатпен қамтылатын болады. Биыл "Павлодар" ауыл шаруашылық – тәжірибелік станциясында сынақтан өткен қант қызылшасының бірнеше тұқымы суармалы алқапқа себіле бастайды. Біздің өңірдің климатына шыдас беріп, жақсы өнімділік көрсеткен тұқым түрлері кейін жаппай себілетін болады.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться