Палестинаның құрылуына алғашында Араб елдері қарсы шыққаны рас па?

2110

Таяу Шығыстағы қақтығыстың шиеленісін шешуде Түркия басты рөл атқарады, өйткені араб елдері қазір дәрменсіздің күйін кешіп отыр. 

Палестинаның құрылуына алғашында Араб елдері қарсы шыққаны рас па? Фото: middleeasteye.net

Израиль-Палестина қақтығысында Араб елдерінің үнсіз қалуына басты себеп – дәл осы елдердің Палестинаның мемлекет ретінде құрылуына қарсы шығуы. Оған қоса Палестинаның араб елдерінің басым көпшілігінің негізгі жауы – Иранмен етене араласуы да оның шарасыз күйде қалуына ықпал етті. Араб елдері ат-тонын ала қашса, енді бұл соғыста шешуші рөлді кім атқарады? Оның салдары қандай болмақ? Оның бір кесірі Украинаға тиіп кетпей ме? Сұрақтардың жауабын сарапшы, политтехнолог Дина Шайхисламмен анықтап көрдік, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Ираиль-Палестина қақтығысында араб елдері қандай рөл атқарады? Олардың ара-қатынасы қандай? Уақыт өте келе қалай өзгерді?

– Араб-израиль қақтығысы талай жылдар бойы жалғасып келе жатқан, тарихы тамырын тереңге жайған құбылыс, бірақ тоқсан ауыс сөздің тобықтай түйіні – "Палестина" мемлекетінің құрылуына о бастан дәл осы араб елдері қарсы шығып келген. Иә, сіз қағыс естіген жоқсыз, әсіресе, Палестинаны Трансиорданияның (Иордан өзенінің шығысындағы ресми шекарасы жоқ ірі аумақ) бір бөлігі ретінде көретін Иордания үшін жаңа елдің ту тігуі мүлдем жағымсыз жаңалық еді. Екі ел арасындағы араздықты түсіну үшін 1970 жылы болған "Қара қыркүйекті" еске алсақ жеткілікті,ол кезде Иордания қарулы күштеріне өздерінің патшасы Хүсейн ибн Талалды қанды шайқаста Ясир Арафаттың Палестинаны азат ету ұйымы содырларынан қорғауға тура келді. Сол жылдары Ливанда да тура сол жағдай – содырлармен қарулы қақтығыстар жүріп жатты, Мысыр мен басқа араб елдері де талай соққыға қалған.  

– Жалпы араб елдерінің қазір Палестинаға қатысты көзқарасы қандай? Олардың қандай стратегиялар мен әрекеттері Палестинаны қорғауға бағытталған? Әлде қолдау тек сөз жүзінде ме? Ең бастысы, араб елдері қақтығысқа араласуы мүмкін бе?

– Қазір араб елдері тарапынан ауыз толтырып айтарлықтай бір іс-әрекет, қолдау байқаған жоқпын. Иордания, Сауд Арабиясы, Мысыр, Йемен – жалпы араб әлемі (Иран мен Түркияны бірге алғанда) үнсіз. Олар мұсылман болғандықтан ел алдында сөз сөйлеп, қолдағандай сынай танытқанымен, іске келгенде өз шекаралары мен өткізу бекеттерін жауып, Палестина босқындарын қабылдауға құлықсыз болып отыр. Қарапайым халық ашынып, көшегі шығып жатса да, билік басындағылар қақтығысқа араласып, басын дауға қалдырғылары келмейді, сондықтан олардың арасынан Палестинаға шын мәнінде жаны ашып, қол ұшын созған біреуін де көрмейсіз. Ал енді оның себебін түсіну үшін әр елге жеке тоқталу керек, өйткені әрқайсысының жағдайы әртүрлі.

Біріккен Араб Әмірліктері – Хамастың Израильге соққысын "шиеліністі ушықтыру амалы" деп айыптап, еврейлердің кепілге алынғанына қарсылық білдірген жалғыз араб елі.

Мысыр

Бұл жерде бәрі айдан анық. Израильдің қауіпсіздігі – Мысырдың тыныштығы. Мәселе Израильдің кезінде Мысыр Президенті Ас-Сисидің билікке келуін қолдағанында ғана емес. Мысырлықтардың ығырданын шығарып, бас ауруына айналғандар – Синай аралында (Мысыр аумағы) тұратын палестиналықтар мен бәдеуилер. Кедейшілік тамырын жайған бұл аймақта лаңкестік топтардың дәурені жүріп тұр. Олардың арасында ең танымалы – ИГИЛ мен ХАМАС қаржыландыруы есебінен өмір сүретін әрі олардың серіктесі "Вилаят Синай". Дәл осы қылмыстық топ Мысырда жүзден аса теракт ұйымдастырған, оның ішінде жұма намазы кезінде мешітті жарып жіберіп, одан қалды сыртқа жүгіріп шыққандарды аямай атып, 300-дей адамды қырған қаралы күн әлі де ел есінде. Сол кезде Мысыр көмек сұрап Израильге жүгінеді. Еврейлер мысырлықтардың өтінішін жерге қалдырмай, террористерге қарсы операцияны ұйымдастыруға қатысып, қару-жарақ, барлау қызметімен қамтамасыз етеді.

Сауд Арабиясы

Мұнда жағдай күрделірек. Алдымен саудиялықтарға мықты Израиль керек пе әлде күшінен айырылған Израиль тиімді ме деген сұрақтың басын ашып алу керек. Менің ойымша, билігі әлсіреген Израиль Сауд Арабиясына тиімді емес. Әрине, екі елді бір-біріне жанашыр дос, тіпті, бір деңгейлі серіктестер деуге келмейді, бірақ саудиялықтарға ең бастысы – Иранның күшейіп кетуіне жол бермеу. Ал Израиль – Иранды ұстап тұрған қарсы күш.

Осы жылдың көктемінде Сауд Арабиясы Иранмен дипломатиялық байланысты қайта орнатты (Қытайдың делдалдығымен), алайда саудиялықтарға әлі күнге дейін шапқыншылық жасайтын хуситтерді (әскери йемендік топ) кім қаржыландырады? Иран. Олардың мұнай нысандарын кім шабуылдайды? Иран.

– Жақында ғана, қазан айының соңында хуситтер тағы да саудиялықтарға шабуыл жасады. Хуситтер зымыран ұшырғаннан кейін, Сауд Арабиясы өз әскеріне ұрысқа дайын отыруға бұйрық берді. Оған қоса, бұл елдің басты әскери серіктестерінің бірі АҚШ екенін ұмытпаған абзал. Араб елі америкалықтардан Patriot (америкалық зенитті зымыран кешені) сынды түрлі қару-жарақ түрлерін сатып алады, ал бұған дейін қытайлықтардан алынған дрондардың сапасы төмен болғанын ескерсек, екі ел арасындағы серіктестік жалғасын табары анық, яғни тек АҚШ қана Сауд Арабиясына хуситтерден қорған бола алады. Ал иран-саудиялықтар арасындағы "жылылық" ұзаққа созылмады.

Негізі Сауд Арабиясы мен Иран атам заманнан бері ислам әлеміндегі үстемдік үшін күресіп, бастары бір қазанға сыймайтын қарсыластар: БАӘ, Мысыр, Иордания, Кувейт, Бахрейн саудиялықтардың тұрақты жақтастары, ал Сирия, Ирак, Ливан мен Палестина – Иран ықпалындағы елдер. Билік үшін бітпейтін күрес. Тоқетерін айтсам, саудиялықтарға мықты Иран керек емес!

Таяу Шығыстың басқа елдері Ливан, Ирак, Сирия, Йемен – орталық үкімет билігін жоғалтқан failed states (құлаған мемлекеттер) мемлекеттер, яғни билік түрлі шет елдердің ықпалындағы тероррлық топтардың қолында. Шын мәнінде Ирак пен Йеменді (хуситтер арқылы), Ливанды (Хезбола арқылы) Иран басқарып отыр. Ал Сирияның батысын Ресей мен Иран бөлісіп алған, ал шығысында Түркия күрттермен соғысып жатыр. Сондықтан Ливан, Ирак, Сирия, Йеменді сөз етпесек те болады.

Иранның өзіне келер болсақ, олар да құр сөзбен үркітуден ары аспай отыр, тіпті, Хезболланың (Иран қаржыландыратын ливандық топ) өзі Хамасқа қосылған жоқ. Бір-екі рет Израильге зымыран жіберіп, минометпен атқаны болмаса (қалыпты жағдай), шындап соғысқа қатысар ойы жоқ сияқты, әйтпесе, бір ай бұрын басталған қақтығыста өзін көрсетер еді, өйткені Хамаспен салыстырғанда олардың әскери әлеуеті әлдеқайда биік. Олардың қолында өзін-өзі жарып жіберетін дрондар, зымырандар (Хамастың су құбырларынан қолдан жасаған "кассамалар" емес, 200 мыңнан астам қуатты оқтұмсығы бар зымырандар) және зенитті зымыран кешендері тұр.  

Дегенмен Хезболланың ат-тонын ала қашқанын түсіндіретін екі алғышарт бар. Біріншіден, АҚШ Жерорта теңізінің шығысына екі авиатасымалдаушыны жіберіп, Иранның мысын басты. Авиатасымалдаушыдан неге ирандықтар сонша қорықты? Өйткені "авианосец" дегеніміз – ашық теңіздегі мобильді авиабаза. Авиатасымалдаушының екі қанаты болады, ал әр қанатында 70-75 ұшақ бар, оның 60-сы соққы беретіндер – зымыран жібереді, бомбалайды және т.б., қалған 10 ұшақ барлау қызметіне арналған (радиоэлектронды күрес). Бір ұшқанда ұшақтар 100 рет соққы бере алады, ал бір күнде оларды 2-3 рет ұшыруға болады. Оған қоса әр авиатасымалдаушы жанында қосымша кемелер жүзеді: зымыран крейсері мен 4-5 эскадралы мина тасығыш (эсминец). Бір ғана эскадралы мина тасығышта 100 зымыран ұшыру қондырғысы бар. Яғни бір күннің ішінде бір ғана эсминец Хезболланың жүзден астам нысанының күлін көкке ұшыра алады. Ондай жағдай болса, сосын Иран Ливанды немен басқармақ? Өзінің сөзін қалай өткізеді, билігін қалай жүргізеді? Қайтадан әскери қорды қалпына келтіріп, нысандардың кірпішін қалауға тура келеді. 

Екінші мәселе – Иран тікелей өзі соғысқа бас сұқпайды (АҚШ пен Израильге күші жетпейді, ал жеңіліс оның аймақтағы беделіне орасан нұқсан келтіреді), сондықтан оларға үшінші күштер арқылы (террорлық топтар) отқа май құю анағұрлым тиімді. Естеріңізде болса, 2020 жылы АҚШ-тың бастамасымен (Трамп әкімшілігі) Авраам келісіміне қол қойылды – Израиль Мысыр мен Иорданиямен ғана емес, БАӘ, Марокко, Бахрейн мен Суданмен тіл табыса бастады. Сауд Арабиясымен, тіпті, БАӘ-Сауд Арабиясы-Иордания-Израиль құрылық маршрутын салу мәселесі талқыланды. Бұл бағыт Израиль арқылы Шығыстан Батысқа қарай жүк тасымалын жеңілдетіп, оның бағасын 20%-ға арзандатар еді. Одан бөлек туристік жаңа бағыттардың пайда болуына жол ашуы тиіс болған. Израиль мен араб елдерінің қарым-қатынасының түзелуі айналып келгенде АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ықпалын нығайту керек деп жоспарланды. Алайда қазіргі жағдай көпшіліктің Ираильге қарсы, жалпы Америкағы қарсы наразылығын оятты, енді келісімнің жабылуы әбден мүмкін. Араб елдеріндегі билік басындағылар Израильмен достасқысы келгенімен, көшеге шыққан көпшілікке қарсы шыға алмайды. Сондықтан Израиль мен АҚШ-ты тығырыққа тірейтін кез-келген қақтығыс – Иранның басты тілегі мен арманы, себебі оның араб әлеміндегі түбегіндегі ықпалына кедергі келтірушілер уақытша болса да, дәрменсіз күй кешеді.

Түркия

Таяу Шығыстағы қақтығыстың ең бір қызық ойыншысы – Түркия. Кейінгі кездері Әзербайжанның араласуымен Түркия мен Израиль арасы түзеліп келеді. Түркі елдері арасында Әзербайжан Хамастың шабуылын айыптаған жалғыз ел, оның да бірнеше себебі бар. Олар баяғыдан ауыз жаласқан серіктес елдер. Біріншіден, Израиль Әзербайжан мұнайының басты импортерлерінің бірі (Еуропалан кейінгі екінші), екіншіден, әсіре, Қарабақ шайқасы кезінде Әзербайжан Түркия мен Израильдің арқасында өз әскерін күшейте алды (Израиль Әзербайжанға қару-жарақ жібереді), ал үшіншіден, Палестина кеңес заманынан (Қарабақ шайқасына да қатысты) Арменияны қолдап келді. Осы жерде Палестина автономиясының бұрынғы Президенті Ясир Арафаттың: "Біз бен армяндар – бір халық" деген танымал сөзі ойға оралады. Оған қоса Әзербайжан Иранмен үнемі қырылысатынын ескерсек (Иран үнемі еврейлерді жақтаушы Әзербайжанды құртамын деп қорқытады), Әзербайжан мен Израильдің достығына еш күмән келтіре алмаймыз.

Сол Әзербайжанның қоштауымен орнатылған Түркия мен Израиль байланысы одан әрі дамып, екі ел Израильдегі "Левиафан" атты ірі газ орнын бірге игеруді, Түркиядан Еуропаға өтетін газ құбырын салуды сөз ете бастаған. Осы айда Түркия Энергетика министрі Байрактар осы мәселені шешу үшін Израильге сапар шегуі керек еді. Яғни Израиль аймақта үстемдігін орнатып, ең ірі газ өндіруші атағаны ие болуды көздеді, тіпті, араб елдерінің мұнай нарығындағы ықпалына қарсы күшке айналғысы келді. Оған қоса, Израиль газы Еуроодақ пен Түркияны ресейлік газ шырмауынан босатар еді. Сондықтан Ердоған қазір "былай тартсам, өгіз өледі, бұлай тартсам арба сынады" күйін кешіп отыр. Ол Израильді қолдауға бар, бірақ оған дауыс берген халық еврейсүйгіш әзербайжандар емес, мұсылман бауырлары үшін жаны ашитын түріктер.

Оған қоса Түркияның жылдан-жылға Израильмен алыс-беріс мөлшерін арттырып жатқанын да назардан тыс қалдыруға болмайды (қазір көрсеткіш – 8 млрд доллар). Түркия, тіпті, Израиль Газаға қарсы "Теңіз бризі" операциясын жүргізіп, дипломатилық байланыстың күрделенген 2010 жылдары сауда-саттықты тоқтатпаған. Қазір де халықтың наразылығына қарамастан, түріктер Әзербайжаннан (Әзербайжан мен Қазақстан мұнайы Израильге келетін мұнайдың 60%-ын құрайды) Израильге мұнай жеткізетін Джейхан портын жапқан жоқ, бірақ ел алдында Палестинаға бірінші қолдау білдіргендей болды. 

Ал қазір Ердоғанның көңілі батысқа қарай ауғанын көруге болады – Швецияға НАТО құрамына кіруге рұқсат берді, НАТО-ның Қара теңіздегі ықпалын арттыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр, Израиль жайында да кейінгі кездері қатты сөйлемеуге тырысып жүр. Енді ол бар кінәні жалпы Израильге емес, нақты Нетаньяхуге артуға кірісті. Осыдан бірер апта бұрын ғана түрік басшысы "Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты бар жауапкершілік премьер-министр Нетаньяху мойнында" деген болатын. Ердоған неге Нетаньяхуға көз тікті? Өйткені оның жақын арада тақтан құлайтыны белгілі, Хамас шабуылынан кейін премьер-министрдің беделі түсті, тіпті, Байденнің өзі Politico-ға берген сұхбатында Нетаньяху дәуірі аяқталуға жақын екенін ашық айтты. Сондықтан соғыс аяқтала салысымен Нетаньяху қызметінен кетеді деп күтілуде. Ал бұл өз кезегінде Ердоғанға жаңа үкіметпен келісімді қайта бастауға мүмкіндік береді. Тағы бір айта кететін Түркия мен АҚШ-тың бұл жерде ойы бір жерден шықты – Байден мен Нетаньяху арасында талай келіспеушіліктер болған. Сондықтан Байденге де оның биліктен кеткені жақсы.

Израиль де бұрынғыдай Түркияның алқымынан алып, сөз таластырмайтын болды, керек десеңіз, түріктерге аймақтағы қақтығысты шешуге рұқсат беріп отыр. Оған Түркия, Израиль мен Мысырдың Газа аумағындағы жарақаттанған адамдарды шығару бойынша бірлескен жұмысы дәлел. Яғни Түркияға басқа араб елдері қол қусырып отырғанда өзінің Таяу Шығыстағы беделін көтеруге тамаша мүмкіндік туып тұр. Оған қоса Түркия Нетаньяху кеткеннен кейін Еуропа үшін газдың негізгі тасымалдаушысы болатыны да Ердоған үшін үлкен жетістік болмақ. Енді Түркияның басқан әр қадамына назар аудару қажет.

– Тағы бір мәселе – Таяу Шығыстағы қақтығыс шиеленіскен сәттен бастап Украина соғысы екінші орынға түсіп қалғандай, бұрын да оларды қолдауға аса құлшынбайтын республикашыладар қазір тіпті де көмекті тоқтату керек деп жатыр. Осы жерде Украинаның жағдайы не болмақ? Расымен де, Украина басты серіктесінен айырылуы мүмкін бе?

Біреуге мал қайғы, біреуге жан қағы демекші, қантөгістен Иран ғана емес, Ресей де ұтып отыр, өйткені бәрінің назары Украиндағы соғыстан Таяу Шығысқа ауды. Расымен де, республикашылдардың көбі Украинаны қолдаудан шаршады, бірақ әзірге Байден өз ұстанымына берік. Біріншіден, Байден Украина мен Израильге 105,85 млрд көлемінде ортақ әскери көмек пакетін сұрады, оның ішінде 14,4 млрд доллар Израильге, 61,4 млрд Украинаға берілуі керек. Алайда Өкілдер палатасы тек Израильге көмекті мақұлдады. Оған жауап ретінде АҚШ Сенаты Израильге Украинасыз көмек көрсетілмейтінін басып айтты. Бұл не дегеніміз? Яғни көмек мүлдем көрсетілмеуі мүмкін, бірақ менің ойымша, мұндай жағдай болуы мүмкін емес, АҚШ қалай өзінің бұрыннан келе жатқан серіктесі Израильге қиын жағдайда қол ұшын созбайды? Не демократтар Украинаға бөлінетін қаражатты қысқартуға келіседі – мен осы нұсқаға көбірек сенемін. АҚШ (Байденнің билік құрып тұрған кезінде) Украинаны тастап кетпейді,  өйткені Шығыс Еуропа олар үшін үлкен маңызға ие аумақ. Азар болса, бюджетті (әсіре гуманитарлық көмек) қысқартар, бірақ бәрібір де әскери көмектен жалтармайды. Себебі "америкалық әскери көмектің" астарында АҚШ-тың өз экономикасына кіріс кіргізу мәселесі жатыр. Себебі АҚШ жіберетін қару-жарақтың барлығын америкалық Lockheed Martin, Boeing, Northrop Grumman, RTX сынды компаниялар өндіреді, яғни көмекке кеткен әр доллар салық, жұмыс орны түрінде Америка экономикасына қайтып келеді. Доллар АҚШ-тан ешқайда кетіп жатқан жоқ, қайта олардың экономикасына қайта құйылып жатыр. Сондықтан АҚШ Украинаны жарты жолда қалдырады деген қисынға келмейді, бірақ Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты қысқартуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу