Израиль Байденнен бас тартып, билік басына Трамптың келуін күтіп отыр

3943

Украина болса, керісінше.

Израиль Байденнен бас тартып, билік басына Трамптың келуін күтіп отыр Фото: realtribune.ru

Олар іс басындағы Президент Джо Байденнің қайта сайлануын немесе ең құрыса, оның орнын республикашыл Никки Хейлидің басқанын қалайды.

Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетанияху кешегі шұғыл баспасөз конференциясында "ХАМАС" ұсынған кепілдегілерді босату шарттарын құптаудан бас тартты. Бұл – соғыстың әрі қарай жалғасатынын білдірсе керек

Салдарынан, қырғын жалғасуда. Газаның Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сілтеме жасай отырып, израильдік Walla тәуелсіз басылымының хабарлауынша, 2024 жылғы 3 ақпандағы жағдай бойынша соғыс басталғалы бері Израильдің бомбалауына қаза тапқан Газа секторы тұрғындарының саны 27 238 адамға жеткен. Жараланған, жарымжан болған, мертіккен адамдар саны – 66 452.

Тіпті америкалық парламентшілер де мұны "геноцидке" теңеуде. Ал АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Израильге соғыс жүргізуге көмек ретінде 17,6 миллиард доллар бөлуді қарастыратын жеке заңды бұғаттап тастады. Бұл туралы кеше, 7 ақпан түні белгілі болды.

Бұл құжатты трампшыл конгресмендер енгізген болатын. Олар Израильді қолдауды Украинаға көмектен ажыратып алуға күш салды.

Трампшыл депутаттардың заңнамалық топтамасын жақтап, Конгрестің 249 мүшесі дауыс берді. Бірақ заң жобасы жеделдетілген тәртіппен қабылдануы үшін Өкілдер палатасы мүшелерінің үштен екі бөлігі мақұлдауға тиіс. Яғни, 40 дауыс жетпей қалды. Себебі, 179 конгрессмен, негізінен демократтар қарсы шықты.

Өйткені АҚШ Президенті, демократ Джо Байден Республикалық партияның Украинаны шеттетіп, тек Израильге ғана 17,6 миллиард доллар көмек беруді көздейтін жаңа топтамасын қатаң сынға алды.

Соның алдында Демократиялық партияның өкілдері сәл басым Сенат Украина мен Израильге көмекті қарастыратын ортақ, қос партиялық заң жобасын құптаған болатын. Онда Израильге – 14,1 миллиард доллар, Газа секторына – 10 миллиард доллар көмек белгіленген. Сенаттық заңға республикашыл депутаттардың да қолдауын алу үшін Байден тіпті шекараны бекітіп, мигранттар легін тоқтатуға мүмкіндік беретін қатаң шараларды құптауға дейін барды.

Сонда ең бастысы, Украинаға 60,06 миллиард доллар, Мексикамен шектес шекаралардың қауіпсіздігін күшейтуге – 20,23 млрд доллар бағытталар еді. Байден Конгрестің қос палатасы да тездетіп қабылдаса, бұл қоспартиялық заңға дереу, сол күні қол қоятынын жариялады.

Алайда Республикалық партияның шекараға қатысты талабы ескерілгеніне қарамастан, Өкілдер палатасының спикері, трампист Майк Джонсон Украинаны шет қалдыру үшін ол құжаттың төменгі палатадан өтпейтінін кесіп айтты. Бұған жауап ретінде Джо Байден егер тек Израильге көмектен ғана тұратын заң өз үстеліне қойылса, оған қол қоймайтынын мәлімдеді.

Осы кезде Израиль тарапы Дональд Трамптың кандидатурасын ашықтан ашық қолдай бастады.

Мұнда халықаралық сарапшылар бір қайшылыққа назар аудартады. Республикалық партия атынан праймеризде сынға түсіп, Трамптың басты қарсыласына айналған Оңтүстік Каролинаның бұрынғы губернаторы, Американың БҰҰ-дағы елшісі, Украинаның досы Никки Хейлиді АҚШ-тағы еврей қауымдастықтары қызу қолдайды. Ол Америкадағы израильшіл истеблишментпен тығыз байланысты. Тиісінше, еврей және израильшіл демеуші-донорлардың фавориті болып отыр.

"Никки Хейли – глобалистер мен демократтардың кандидаты. Ол "Америка басты орында" қозғалысын тоқтатып, жою үшін бәрін істейді", – делінген Трамп штабының мәлімдемесінде.

Америкада шығатын еврей басылымы Jewish Telegraphic Agency трампистердің "глобалист" деген терминді антисемиттік коннотацияда қолданатынына және бұл еврей халқына қарсы бағытталған "астыртын сөз байласу теорияларымен" (теория заговора) тығыз қабысып жатқанына назар аудартады.

Бірақ Израильде тұратын еврейлердің керісінше, Дональд Трампты қолдайтыны анықталды. Бұрын өзара әңгімеде ғана отыз екі тістің арасын сығалайтын бұл сыр енді ашық мәлімдемеге айналды.

Израильдің Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир The Wall Street Journal басылымына сұхбатында "бұрынғы президент Дональд Трамп қайта сайланады және содан кейін АҚШ Израильге көбірек қолдау көрсетеді" деп үміттенетінін жариялады.  

Бұл ресми мәлімдеме палестиналықтардың және бірқатар израильдік оппозиция өкілдерінің сынына ұшырады.

Бен-Гвирдің дәйектеуінше, қазіргі Президент Джо Байден "Газа секторына гуманитарлық көмек пен отынды қалай жеткізуге" көбірек бас қатырады. Ал "Америка билігінің тізгінін Трамп алса, палестиналықтарға кез келген көмекті лезде доғарады және Израильге Газа секторында не істеймін десе де, кез келген әрекетіне карт-бланш, мүмкіндік береді".

Израильдік Detaly басылымының байламынша, Бен-Гвир сөзінің мәні бар.

"Құрама Штаттардың президенті лауазымындағы бірінші мерзімі барысында Трамп өзін Израильдің нағыз досы ретінде көрсете білді. Біріншіден, Израиль өз астанасын Иерусалимге (әл-Құдысқа) көшіргенде, Трамп бұл қаланы Израильдің астанасы деп таныған тұңғыш америкалық президентке айналды. Екіншіден, мойындаумен шектелмей, тіпті Американың Израильдегі елшілігін де бұрынғы астанасы Тель-Авивтен Иерусалимге көшірді. Үшіншіден, Трамп тұсында АҚШ Голан жоталарын "израильдікі" деп таныған екі елдің біріне айналды. Төртіншіден, Трамп Иорданның Батыс жағалауын жайлай бастаған еврейлік қоныстардың өркен жаюына тосқауыл қою үшін Израиль үкіметіне қысым жасаудан бас тартты", – деп термеледі басылым.

Президент ретінде Дональд Трамп Американың Таяу Шығыстағы саясатын толығымен Израильдің мүддесіне иліктірді. Салдарынан, АҚШ-тан араб әлеміндегі біраз серіктестері теріс айнала жаздады.

Израиль Премьері Нетанияхудың сұрауымен, Америка Трамп тұсында Батыстың Иранмен арасындағы ядролық мәмілесінен біржақты шықты.

Ақыр соңында ол бірқатар араб елдеріне қысым жасап, оларды Израильмен ынтымақтасуға бас игізді. Трамптың ықпалымен "Авраам келісімі" бекітіліп, Біріккен араб әмірліктері, Бахрейн, кейін Марокко және Суданның Израильмен қатынастары қалпына келтірілді.

"АҚШ-тың өзге президенттерінен айырмашылығы сол, Дональд Трамп Америка лидері болғанда, Палестина халқының өзіне де, мүдделеріне де ешқандай аяушылық, түсіністік білдірген емес. Оның Иерусалимді Израильдің астанасы деп тануы палестиналықтардың осы тарихи қаланы өз орталығы етіп, жеке, тәуелсіз республикасын құру ұмтылысына жойқын соққы берді. "Авраам келісімі" арабтарға, палестиналықтарға ешқандай жеңілдікті қарастырмады", – дейді израильдік саяси шолушы Александра Аппельберг.

Дегенмен, сарапшы екінші президенттік мерзімі қарсаңында Трамптың риторикасы шамалы өзгергенін қаперге салды. Енді экс-президент Израильдің Премьер-Министрі Нетанияхуға қатысты өкпе-шағымын айтып жүр. Мысалы, Израиль лидерінің төрт жылдай бұрын Байденді сайлаудағы жеңісімен құттықтауға асыққанын, дауыс беру қорытындыларына Трамптың қарсылығын ескермегенін бетіне басты.

Дональд Трамп Fox News телеарнасына таяудағы сұхбатында өзі қаншама өбектеген Израильдің жеме-жемге келгенде, өзін жалғыз тастап кеткеніне ренжіді.

2020 жылғы 3 қаңтардың таңында Америка президенті Трамптың тікелей бұйрығымен Ирак астанасы Бағдадтың халықаралық әуежайына бара жатқан автоколоннаға америкалық дроннан соққы берілді. Салдарынан, Иранның 63 жасар генералы Касем Сулеймани қаза тапты. Генерал Сулеймани Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусының құрамындағы "Кудс" ("Құдыс") элиталы арнайы бөлімшесінің қолбасшысы болатын. Бұл арнайы күштер ел сыртында, әлемнің әр жерінде Иранның әскери операцияларын жүзеге асырумен айналысады. К.Сулеймани бүкіл дүниежүзіне танымал ірі стратег, Таяу Шығыстағы ең бір көрнекті әскери тұлға болатын.

Fox News-ге сұхбатында Трамп сол арнайы операцияны қалай іске асырғандарын әңгімелей келе, Нетанияхуды сынады.

"Біз Сулейманиді өлтіргенде, Израиль мұны бізбен бірге жасауға тиіс еді. Бірақ өлтіруге екі күн қалғанда, олар маған шығып: "Біз бұлай жасай алмаймыз!" деп тайқып кетті. Мен айран-асыр болып, себебін сұрадым. "Жоқ, біз мұны жасай алмаймыз" деуден танбады. Бұл жаумен күрес алдымен, Израильге керек еді. Ендеше Биби (Биньямин Нетанияху) осының бір бөлігіне айналуға тиіс еді. Бізде бәрі алдын ала жоспарланып қойылған еді", – деп опынды Д.Трамп.

Тағы бір сұхбатында Трамп кекшілдігін көрсетіп, сол оқиғаны тағы еске түсірді.

"Биби бізді қапы қалдырып, алдап кеткенін мен ешқашан ұмытпаймын!", – деді ол.

Израильдік сарапшылар Трамптың былтырғы 7 қазандағы қайғылы оқиғаға қатысты Израильге көңіл айтпағанын, "Хезбалланы" "өте ақылды жігіттер" деп мақтағанын еске салды.

Бірақ адамды сөзіне қарап емес, ісіне қарап таныған жөн. Дональд Трамптың іс-әрекеттері қазіргі кезде тек қана Израильге көмекке бағытталған. Ол Ресейдің шапқыншылығына ұшыраған Украинаны және Израильдің қырғынына тап болған палестиналықтарды жермен-жексен етуге даяр. Америка тізгінін қолына алса, Киевті қолдау атаулыдан толық қағып, Мәскеу алдында тізе бүктіретінін, сөйтіп, соғысты бір күнде тыйатынын жеткізді.

Трамп президент болғаннан кейін мұсылмандарға АҚШ-қа кіруге тыйым салатынын, ал Газа секторының босқындарын "мұсылмандардың келуіне қойылатын жоспарлы, кеңейтілген, жетілдірілген жаңа тыйымына" қоса салатынын хабарлады.

"Бізді шошынтатыны, Трамп қайтадан АҚШ лидері атанса, Таяу Шығыстағы сын-қатерлерді қалай жүйелі жоюға тырысатынын бірде бір рет айтпады. Ол тіпті сайлауалды тұғырнамасына ұқсайтын ештеңені де ұсынған жоқ: кандидаттың сыртқы саясат бойынша да, ішкі саясат бойынша да түрлі мәселедегі саяси ұстанымы белгісіз. Сайлауалды үгіт науқаны кезінде Трампты алға сүйрегені, есіл-дертін алып еліктіргені – өткеннен қалған ұсақ-түйек өкпе және "жанына жара" салғандардан өш алу ниеті. Бар аңсағаны, арманы – кезінде "қолында тұрған" жеңісін "алаяқтық жолмен" суырып алғандарды аяусыз жазалау, қазіргі президент Байденнің жетістіктерін жоққа шығарып, оның серіктестерін, соның ішінде Украинаны жау санап, жаппай жарға жығу ғана", – деп түңіле жазады израильдік сарапшы Александра Аппельберг.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу