Израиль-Хамас соғысы мұнай нарығына қалай әсер етуі мүмкін?

1437

Бұл дағдарысқа Иранның қатысы дәлелденсе, АҚШ Тегеранға қарсы санкцияны қатаңдатуы ықтимал, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Израиль-Хамас соғысы мұнай нарығына қалай әсер етуі мүмкін? Фото: reuters.com

Былтыр Ресей Украинаға басып кіргеннен бері мұнай нарықтарына ең үлкен геосаяси қауіп төндіріп отырған жағдайлардың бірі - исламшыл Хамас тобы мен Израиль арасындағы соғыс. 

Әлемдегі жетекші мұнай және газ өндірушілердің бірі Ресейден айырмашылығы – Израиль энергия өндіруден сондай маңызды ел емес. Бірақ бұл соғыс Таяу Шығыстағы ірі шикізат экпорттаушыларға таралып, дүниежүзілік нарыққа мұнай мен газ тасымалдауға кері әсер етуі мүмкін.

Әзірге ондай әсер байқалмайды. Дегенмен, кейбір сарапшылар мен нарық бақылаушылары қақтығыс шиеленіссе, бұл мәселеде бірнеше үлкен қиындық туындауы мүмкін екенін болжап отыр.

Біріншіден, Хамастың Израильге шабуылына Тегеранның қатысы дәлелденсе, АҚШ  Иранға қарсы санкцияларды күшейтуі мүмкін. Бұның нәтижесінде, онсыз да мұнай тапшылығын сезініп отырған энергетикалық нарықтағы жағдай одан әрі нашарламақ. Ал Иран Америкаға жауап ретінде ОПЕК-тегі көршілерінің Ормуз бұғазы арқылы мұнай экспорттауына тосқауыл қоюы ғажап емес.

Екіншіден, Вашингтон Сауд Арабиясы мен Израиль қатынастарын қалпына келтіргеннен кейін Саудияда мұнай өндірісі артады деген жоспар жүзеге аспай қалады деген болжам бар.

Мұнай нарығы қалай жауап береді?

7 қазанда Хамас Израильге тосын шабуыл жасағаннан кейін Brent маркалы мұнай баррелі бірден 5 долларға қымбаттап, 90 доллардан асып кетті.

Сарапшылар мен сала мамандары жағдайдың 1973 жылғы мұнай дағдарысынан өзгеше екенін мойындап отыр. Ол кезде Сауд Арабиясы "Ақирет күні" соғысы кезінде Израильді қолдаған елдерге мұнай эмбаргосын жариялап, бағаның шарықтауына себеп болды.

Сауд Арабиясы мен Ресей 2023 жылдың соңына дейін өндірісті қысқартып, мұнай бағасын қыркүйек айының соңында 10 айлық максимумға дейін көтеріп жіберді.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің халықаралық энергетика жөніндегі бұрынғы арнайы өкілі Дэвид Голдвиннің айтуынша, соғыстан гөрі  іргелі факторлар бағаның үлкен драйвері болып қала береді.

Tortoise Capital компаниясының өкілі Роб Таммелдің пікірінше, әлемдік мұнайдың бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазында Иранның немесе кез келген елдің әрекетінен тасымал тоқтаған жағдайда ғана мұнай бағасы айтарлықтай көтерілмек.

Бұл қақтығыс Иранның мұнай экспорты үшін нені білдіреді?

АҚШ-тың санкцияларына қарамастан, Иранның шикі мұнай экспорты биыл айтарлықтай өсіп, әр-Рияд пен Мәскеудің ерікті түрде тәулігіне қысқартқан 1,3 млн баррелдің орнын толықтырды.

Хамастың қолдаушысы Иран бұл топтың Израильге жасаған шабуылына қатысы жоқ екенін айтып отыр. Ал АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен Иранның Таяу Шығыстағы оқиғаларға қатысы дәлелденбейінше, Америка Құрама Штаттарының Тегеранға қарсы жаңа санкциялары жайында ештеңе айта алмайтынын мәлімдеді.

Иранның Мұнай министрі Джавад Оуджи болса, жұма күні "Таяу Шығыстағы соңғы оқиғаларға байланысты" мұнай баррелінің құны 100 долларға дейін көтерілетінін атап өтті.

Тағы бір айта кететін жайт, АҚШ-тың Тегеранға қатаң санкциялары шикі мұнай жеткізіліміне қауіп төндіріп, әлемде және Американың өз ішінде энергия бағасының өсуіне әкеп соғар еді. Сондықтан, президент Джо Байден 2024 жылғы сайлау алдында бұндай жағдайға жол бермеуге тырысады.

"Ресей-Украина соғысы қызып тұрған кездің өзінде, ресейлік мұнай ағыны нысанаға алынбағанын ескере отырып, біз Иран мұнайының экспорты да шектеледі деп күтпейміз", - дейді Австралияның Macquarie жаһандық қаржылық қызметтер  тобының сарапшылары.

Өзге бір бақылаушылардың ойынша, Сауд Арабиясы ирандық мұнайдың орнын толтыруға келіспесе, АҚШ-тың Ислам Республикасына қарсы санкцияларды күшейтуі екіталай.

Саудия-Израиль келісімі не болады?

Сауд Арабиясы Израильмен қатынастарын қалпына келтіру жоспарларын доғарады, деп хабарлады Эр-Риядтың пікірімен таныс ақпарат көздері жұма күні Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

Айта кетсек, екі елдің байланыстарын жалғастыруға соңғы кездері АҚШ күш салып, делдалдық еткені белгілі. Бұл әрекеттер нәтижесінде Саудия Вашингтонмен қорғаныс келісімін жасағаны үшін еврей мемлекетімен достасуы керек болады. 

Wall Street Journal өткен аптада хабарлағандай, Ақ үймен бұндай келісім жасалса, Сауд Арабиясы келесі жылдың басында мұнай өндірісін арттыруға дайын.

Вашингтон бұл бағыттағы әрекеттерін жалғастыру қажеттігін мәлімдеп отыр. Бірақ АҚШ-та орналасқан Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының қызметкері Бен Кэхиллдің ойынша, Таяу Шығыстағы жағдайларға байланысты келіссөздер енді тоқтап, АҚШ-Саудия ынтымақтастығының маңызды жолы жабылуы мүмкін.

ОПЕК+ қалай жауап беруі мүмкін?

Таяу Шығыста соғыс басталғаннан кейін жасаған мәлімдемесінде Сауд Арабиясының Энергетика министрі ханзада Абдулазиз айтқандай, ОПЕК пен ОПЕК+ бұған дейін де көптеген қиындықтарды бастан өткерді және олардың мүшелері бір-бірімен "байланысты" сақтап отыр. Сонымен қатар, олардың "ынтымақтастығы күмән тудырмауы керек".

Ирактың Мұнай министрлігінің баспасөз хатшысы 12 қазанда хабарлағандай, ОПЕК+, яғни, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мен оның Ресей бастаған одақтастары нарықтағы қиындықтар алдында тізе бүкпек емес.

Ресей президенті Владимир Путин болса, өткен аптада ОПЕК+ "мұнай нарығын алдын-ала болжау үшін" күш жұмылдыруды әрі қарай жалғасатыра беретінін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу