Израиль-Палестина соғысы Қазақстанға қалай әсер етеді

1745

Кейінгі күндері бүкіл әлемнің назары Ресей мен Украинадан Таяу Шығысқа ауды.

Израиль-Палестина соғысы Қазақстанға қалай әсер етеді Фото: bbc.com

Бұл жолы Хамас қозғалысы бастаған соғыстан екі жақтан да бейбіт тұрғындар қырылып, тараптар бір-бірімен бітіспес шайқасқа түсті. Адам жанын түршіктіретін фото-видео материалдар әлемді шарлап, Палестина мен Израильді қолдаушы елдер өзара топтасып, сарапшылар бұл жолғы шайқастың ұзаққа созылатынын болжайды. Ал осы соғыстың Қазақстан, экономикасына әсері қандай? Inbusiness.kz тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрді.

Қазақстан Үкіметі не дейді?

Аптаның әр сейсенбісінде өтетін Үкімет отырысынан кейін осы сұрақ вице-премьер әрі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа қойылған. Қаржы министрі қақтығыс шиеленіскенге дейін мұнай бағасы барреліне 90 долларға жеткенін еске салады.

"Сондықтан мен мұндай шамалы ауытқуды біздің экономикамызға аса қатты әсер етеді деп санамаймын. 8 ай ішінде мұнай бағасы төмен болды. Сондықтан, қазір қалыптасқан баға жыл соңына дейін белгілі бір төлемдерді жабуға мүмкіндік береді. Бағамға келер болсақ, оған әсер ететін басқа факторлар бар. Мұнай бағасы өссе, мұнда келетін доллар ағыны артады. Бұл өсімге ықпал етіп, теңге аздап нығая түседі", - дейді Ерұлан Жамаубаев.

Ал Әлібек Қуантыров алдымен Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстанмен тікелей байланысты емес екенін атап өтеді. Десе де, жауабында басқа елдегі соғыстың Қазақстан үшін экономикалық оң әсері болатынын болжайды.

"Егер теңге аздап әлсіресе, ол біздің дәліз аясында болса, онда бұл бюджетке, Ұлттық қорға түсетін түсімдерге оң әсер етеді. Барлығы экономикалық жағдайға оң әсер етуі керек. Бұл қақтығыстың Қазақстанмен тікелей байланысы жоқ, бізде ортақ шекара жоқ. Ең бастысы, жағдай тезірек реттелсін деп тілейміз", - деді Қуантыров.

Қазақстан Таяу Шығысқа қанша алыс десек те, мемлекеттер арасында, әсіресе Қазақстан мен Израиль арасында бірлескен жобалар баршылық. "Олардың келешегі не болады?" деген сұраққа Қуантыров нақты жауап бермейді. "Соғыстың басталғанына бар-жоғы 2-3 күн болды, сол себепті алдын ала бірдеңе деу қиын" дейді ол.

Жағдай ушықса, арты үлкен дағдарысқа апарып соғады

Жамаубаев пен Қуантыров айтқандай, соғыс шеңберінде мұнай бағасында өсім байқалады. Brent және WTI маркалы мұнай 4% қымбаттаған. Сарапшылардың пайымдауныша, бұл жағдай инфляцияға қысымды күшейтуі мүмкін. Оған қоса Федералды резервті жүйе ақша-несие саясаты алда жеңілдеуі де мүмкін деп тұспалдайды.

Әлем нарықтары қазірдің өзінде Палестина мен Израиль арасындағы әскери қақтығыстарға реакция білдіріп жатыр. Мұнай бағасының өсуімен бірге, акциялардың фьючерстері сәл төмендеген. Алтын шамамен 1% қымбаттаған. "Әзірге экономикалардың реакциясы айтарлықтай байқалмайды" дейді сарапшылар. Себебі бұрын да Таяу Шығыс қақтығыстары нарықтарды осылай алай-дүлей ететін. Ескі әдетімен инвесторлар әзірге сабыр сақтап отыр.

"Нарықта байқалған төменгі рефлексінің реакциясы жалғасады немесе күшейеді деп айтуға әлі ерте. Бұл қақтығыстың қаншалықты тез және қаншалықты таралатынына байланысты", - дейді FE International инвестициялық банкинг бөлімінің басшысы Рэндал Стивенсон.

Әйтсе де сарапшылар мұнай бағасының қазіргі өсімін ресми Тель-Авив пен Хамас тобы арасындағы қақтығысқа байланысты уақытша реакция деп санайды. Сарапшылардың пікірінше, соғыс действий қимылдарының орналасуына байланысты қара алтынды жеткізудің кез-келген ірі көзіне тікелей қауіп төндірмейді. Бірақ солай болса да, әлемдік инвесторлар америкалық қазынашылық міндеттемелерін қолдайды. Сонымен қатар, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі ставкаларды төмендету ықтималдығы да өскен.

"Сонымен, Федералды резервті жүйеде қандай жаңалық бар? Израиль мен Хамас арасында жалғасып жатқан соғыста мөлшерлемені көтеру ықтималдығы жыл соңына дейін төмендеп қалды. Нақтырақ айтқанда, тек 25% көтерілуі мүмкін. Бір апта бұрын ғана бұл көрсеткіш 39% еді", - дейді WealthWise Financial Services бас директоры Лорин Гилберт.

Халықаралық банк Палестина-Израиль соғысының әлемдік экономикаға әсері әлі де шектеулі екенін атап өтеді. Бірақ егер қақтығыс бүкіл Таяу Шығысқа таралса, оның салдары болжас білмейтін жағдайға апаруы мүмкін.

"Жағдай сол ушықса, ойға келмейтін ауқымдағы дағдарысқа апарып соғады. Қазір әлемдік экономика тым нәзік жағдайда. Соғыс іс жүзінде тегістеу жол табуға тырысатын орталық банктер үшін пайдасыз. Яғни, рецессияны тудырмай, жылдам инфляцияны бәсеңдетуге тырысады", - деді Дүниежүзілік банк президенті Аджай Банга.

Қазақстанға қарулы күштерді нығайту керек

Қазіргі уақытта Израиль мен Палестина арасындағы жағдай айтарлықтай "экономикалық күйзеліске жеткізбейді" дейді экономистер. Атап айтқанда, Қазақстанға әлі ештеңе сезілген жоқ. Отандық сарапшылар біздің экономикамызға мұнай бағасының өсуі ғана әсер ететінін атап өтеді. Бастапқы кезеңдерде бұл ел үшін тіпті қолайлы жағдай. Бірақ "қара алтынның" өсіп келе жатқан бағасы әлемдік экономикаға қысым көрсетіп, артынша оның салдары Қазақстанға да ықпал етуі мүмкін.

"Екінші жағынан, қақтығыс жаппай үлкен сипатқа ие болып кетті. Мыңдаған адам қаза тапты. Бұл әлемнің қауіпті бола бастағанын көрсетеді. Тиісінше, Қазақстанға қарулы күштерді нығайту қажет. Себебі бүкіл әлемдегі осындай қақтығыстардың аясында бұл жайттар қауіпсіздікке деген сұранысты арттырады", - деді экономист Марат Қайырленов.

Әзірге сарапшылардың бәрі Таяу Шығыс қақтығысы Украина мен Ресей арасындағы соғыс сияқты үлкен сипатта әсер ете ме деп қауіптенеді. Украина мен Ресей арасындағы соғыс мұнай мен азық-түлік бағасының күрт өсуіне апарып соққан еді. Ресейдің энергия өндіруші ретіндегі рөлін және Украинаның астық пен тыңайтқыштардың ірі экспорттаушысы ретіндегі мәртебесін ескере отырып, әлемдік нарық дүр сілкінген. "Осыған байланысты Таяу Шығыс энергия нарығында да маңызды рөл атқаратынын ұмытпаған жөн" деп есептейді сарапшылар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу