Израиль палестиналықтарға қарсы тағы бір жорық бастады

132

Биыл қыркүйекте Палестина мемлекетінің құрылуына қатысты позитивті сарындағы жаңалықтар көбейген еді. 

Израиль палестиналықтарға қарсы тағы бір жорық бастады Фото: AP Photo / Abed Khaled

Еуропаның ірі елдері де қарулы шабуылдардан зардап шегіп отырған халықты қолдады, Ұлыбритания, Канада, Аустралия Палестинаны ел ретінде таныды, БҰҰ мінберінде Израильді айыптаған баяндамалар оқылды.

Осыдан кейін Таяу Шығыс, нақтырақ, Газа cекторындағы қарулы қақтығыстар сәл саябырсығандай болған. Алайда Израиль Палестина мемлекетінің құрылуына қарсы екендерін ашық жеткізді және сол мақсаттарын іс жүзінде іске асырып жатыр.  

Осы аптада Израиль Министрлер кабинеті оккупацияланған Батыс жағалауда 19 жаңа еврей қонысын салу жөніндегі ұсынысты мақұлдады. Бұл әрекет Палестина мемлекетін құру бастамасына үлкен кедергі болмақ.

Израильдің Қаржы министрі Бецалель Смотричтің айтуынша, кейінгі бірнеше жылда салынған жаңа қоныстардың жалпы саны 69-ға жетіп, рекорд орнатқан. Олардың қатарында 2005 жылғы бөліну жоспары аясында бұрын эвакуацияланған екі қоныс та бар.

Осылайша, Биньямин Нетаньяху үкіметі билікке келгеннен бері Батыс жағалаудағы құрылыс қарқыны 50 пайызға артқан. Peace Now ұйымының дерегінше, 2022 жылы бұл аумақта 141 қоныс болса, Израиль үкіметі бекіткен кейінгі жоспардан кейін олардың саны 210-ға жеткен.

Яғни, Израиль бұрын Палестина тиесілі болған, басып алған жерлеріне елдімекендер тұрғызып, оған еврейлерді қоныстандырып, жергілікті халықты ығыстырып жатыр. Негізі халықаралық құқық тұрғысынан еврей қоныстары заңсыз деп есептеледі. Дегенмен Израиль билігі заңдастыруға күш салуда.

Бұл елдің үкіметі заңды мәртебе Кадим мен Ганимге берілгенін хабарлады. Осы жерлер 2005 жылы Израиль Газа секторынан шыққан кезде таратылған Батыс жағалаудағы төрт қоныстың екеуі саналады. 2023 жылғы наурызда Израиль үкіметі 2005 жылғы заңды жойып, аталған төрт форпосттан эвакуациялау туралы шешімді және израильдіктердің бұл аумақтарға қайта кіруіне тыйым алып тастап, қайта қоныстандыру әрекеттерін бастады.

Бұл шешім туралы жаңалықтар АҚШ Газа секторында 10 қазанда күшіне енген "атысты тоқтату жөніндегі келісімге" сәйкес, Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысты реттеудің екінші кезеңін бастауға қол жеткізуге тырысып жатқан тұста белгілі болды.

Трамп әкімшілігінің арағайындығымен әзірленген жоспар Палестина мемлекетін құруға жол ашатын іспетті көрінген, бірақ қоныстандыру әрекеттері кедергі етеді.

Израиль 1967 жылғы соғыс кезінде Иордан өзенінің Батыс жағалауын, Шығыс Иерусалимді және Газа секторын басып алды. Бұл аумақтарды палестиндіктер болашақ мемлекетінің жері деп санайды. Қазір Батыс жағалауда 500 мыңнан астам, ал Шығыс Иерусалимде 200 мыңнан астам еврей қоныстанған екен.

Израиль үкіметінде қоныстандыру саясатын қолдайтын әсіре оңшыл күштер үстемдік етіп отыр. Олардың қатарында Смотрич пен елдің күштік құрылымдарын бақылайтын ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир бар.

Қоныстандыру жұмыстары жүргізілген сайын Батыс жағалауда еврейлер мен палестиналықтар қақтығысып жатыр. Кейінгі айларда кішігірім даулар көбейгені айтылды.

Мәселен, қазан айындағы зәйтүн жинау маусымы кезінде палестиндіктерге күніне орта есеппен 8 шабуыл жасалған. Ал қарашада тағы 136 шабуыл болғаны хабарланды. Еврейлер көбіне көліктерді өртеп, мешіттерді бүлдіріп, кәсіпорындарды тонаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі – осы.

Ал Израиль билігі керісінше плестиналықтардың өздері бірінші болып шабуыл жасайтынын алға тартып жүр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы дегеннен шығады, бірлестік қанша жерден мәселе көтеріп, үндеулер мен қарарлар арқылы еврейлерге шүйліккенімен, іс жүзінде ештеңе бітіре алмай отыр. Биыл күзде қабылданған "Нью-Йорк декларациясының" ықпалы аз секілді.

Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, көптеген батыс елдерінің Палестинаны ресми қолдауы Израильге қысым түсіріп, гуманитарлық жағдайды жақсартуына, атысты тоқтатуына, тұтқындарды босатуына сәл ғана ықпал еткен.

– Бірақ декларацияның өзі Израильге белгілі бір міндеттер жүктемейді. Сондықтан іске асыруда қиындықтар болады. "Күштінің арты диірмен тартатын" реализмді ешкім әлі жоққа шығара алмас. Израильдің қауіпсіздік параноясы мен оның артында тұрған Американың мүдделері Палестина мемлекетінің құрылуына кедергі. Яғни, бұл ел құрылуы үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынымы, АҚШ-тың ұстанымы өзгеру керек. Оның үстіне ірі державалардың ықпалы арқылы ғана іске асуы мүмкін, – деді сарапшы.  

Алайда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің ықпалы қазір аса оңтайлы болмай тұр. Ірі державалар өзіне жаққан, белгілі бір салалардан қолайлы көретін елдердің ғана мүддесін ойлайды. Сондықтан Палестина мемлекеті жақын арада құрыла қояды дегенге сену қиын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу