Израиль соғыста бұрын-соңды болмаған тәсіл қолдана бастады

3739

Пейджер-апокалипсис салдарынан мыңдаған адам жан шошырлық жарақат алып, біразы қаза тапты.

Израиль соғыста бұрын-соңды болмаған тәсіл қолдана бастады Фото: Pinterest

17 қыркүйекте жер-жаһандағы диверсиялар тарихында ешқашан болмаған, айтса адам нанғысыз оқиға халықаралық қоғамдастықтың төбе шашын тік тұрғызды. Sky New жазуынша, израильдік арнайы қызметтер Ливанда, ішінара Сирияда бір мезгілде мыңдаған пейджерді жарды. Жарылыстар 30 минут бойы жүзеге асырылған.

Смартфондар үстемдік еткен дәуір туғалы тарих қойнауына кеткендей көрінген бұл құрылғыны адамдар әдетте мықынына, белбеуіне іледі, немесе қалтасына салады. Тиісінше, оның жарылуы салдарынан құрбандардың сан артериялары, қарындары жарылған, ішкі органдарын ұсақ жарықшақтар тіліп, жан шошырлық жара салған.

Көшелердегі бақылау камералары пейджерлердің көптеген жарылыстарын видеоға түсіріп алды. Роликтердің бірінде сауда орталығында тұрған адамның қалтасындағы құрылғысының жарылғаны бейнеленген.

Би-Би-Си Ливанда пейджерлердің бір уақытта жарылуынан кем дегенде шамамен 3 мыңдай адам жараланғанын, 200-ден аса адам ауыр халде жатқанын хабарлады. Халықаралық ақпарат құралдары Ливанның денсаулық сақтау министрі Фирас Абиадқа сілтеме жасап, алдын ала мәлімет бойынша 8 адамның қаза тапқаны туралы жазды.

Зардап шеккендер арасында Израильдің қас жауы "Хезболланың" мүшелері жетерлік. "Хезболла" екі содырының мерт болғанын ғана растады. Сарапшылар басты нысана да солар болғанын болжады.

Ливанның мемлекеттік ақпарат агенттігі басқасы сыртында, жарылыстардың Бейруттың оңтүстік аудандарында болғанын жеткізді. Ол өңір аталған қарулы топтың тірегі саналады. "Хезболланың" атын атамаған өкілі Reuters-ке сұхбатында ішкі тергеу басталғанын және "ұйымның қауіпсіздік қызметінің ойсырай ұтылғаны туралы айтылып жатқанын" мәлім етті.

Ливанның әр өңірінде жаралыларды ауруханаларға жеткізу жалғасып жатты. Ауыр халдегілер, жаралылар саны арта беруі мүмкін. Жергілікті дәрігерлер зардап шеккендерді қабылдап, медициналық көмек беріп үлгермей жатқандарын жеткізді. Олар жергілікті халықты қан тапсыруға шақырды. Ливандықтар әлеуметтік желілерді жарылыстан быт-шыты шыққан мобильді құрылғылардың суретіне толтырды.

"Израильдік арнайы қызметтер бұл сұмдық, сұрапыл операцияны қалай ұйымдастырған?" деген сұрақ туындайды. Newsader-ге сұхбат берген Vilnius University қызметкері, радиотехника маманы Иван Суздалдің пікірінше, мұның ықтимал үш нұсқасы бар.

Мұнда былайғы жұрт бірінші нұсқа туралы ойлаған болар, алайда маман оны "неғайбыл" деп санайды. Бұл жерде әңгіме голливудтық фильмдерде көрсетілетіндей, әлдебір майталман хакерлердің мобильді құрылғыға қашықтан қосылып, оны жарып жіберуі жайында.

"Кинода керемет көрініп, таң-тамаша қалдырғанымен, өмірде хакерлердің құзыр-машығы сонша мықты емес. Егер израильдік хакерлер түпнұсқалық аккумуляторы бар оригиналды пейджердің жұмысына қашықтан қол сұқса, оны толық қуатында жұмыс істеуге мәжбүр етсе, әрі кеткенде батареясын қыздырып жібереді, немесе отырғызып тастайды. Бұл шағын құрылғылардың аккумуляторлары ұсақ, жарылуға жарамайды. Ия, смартфондардың жарылғаны туралы ақпараттар бар, бірақ пейджерлерге қарағанда, заманауи айфондардың аккумуляторы қомақты", – деді Иван Суздаль.

Екінші нұсқа – "бұл құрылғылар жарылғыш заттың бір компоненті ретінде орнатылып жатқан кезде жарылуы мүмкін". Яғни, әлдебір бомбаға бекітіп жатқанда іске қосылып кетіп, жарылғыш механизмі іске қосылған-мыс. Бірақ бұл нұсқа сын көтермейді. Reuters  тілшісі көшеде жүрген он шақты адамның пейджерлері жарылғанына куә болған. Олар "Хезболланың" мүшесі болғанның өзінде, жарылғыш заттарға қатысы болмаған. Өйткені денесіндегі, немесе сөмкесіндегі бомбасы жарылса, жай жараланбай, орнында дымы қалмас еді.  

Мамандар үшінші нұсқаны сенімді санайды. Арнайы қызмет өкілдері аккумуляторлары алдын ала шағын жарылғыш затқа айналдырылған пейджерлердің партиясын әзірлеп, оны "Хезболла" тобының өкілдеріне табыстауға қол жеткізген. Бәлкім, тегін үлестірген. Қанауға құныққандар ақысыз-пұлсыз нәрсеге құмар келетіні мәлім. Израильдік хакерлер құрылғылардың бағдарламаларын модификациялап, ішіне вирус енгізіп, пейджерді қашықтан жаруға бейімдеуі ықтимал.

Wall Street Journal содырларға таяуда таратылған жаңа партиядағы пейджерлердің жарылғанын хабарлады. Жарылыстар негізінен ел астанасы Бейрутте, Ливанның бірқатар аудандарында орын алған.

Би-Би-Сидің қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тілшісі Фрэнк Гарднер британдық армияның анонимді экс-қызметкеріне сілтеме жасап, пейджерлерге 10-нан 20 грамға дейінгі әскери, күшті әсер ететін жарылғыш зат жасырылуы мүмкін екенін хабарлады. Жарылғышты жалған электронды бөлшектің ішіне жасырса керек. Содан кейін жарылғыш зат арнайы әріптік-цифрлық коды бар хабарлама көмегімен қашықтан активациялануға тиіс болған.

"Осы хабарлама түскеннен кейін пейджерді пайдалана бастаған бірінші адам құрылғыны іске қосады. Салдарынан жарылыс болып, ол жараланады. Біздің тілшінің бағалауынша, жарылған пейджерлердің 1%-дан азы иесін өлтірген. Бірақ мыңдаған адам салмақты жараланды. Бұл инцидент "Хезболлаға" елеулі психологиялық соққы болды", – деп жазады ВВС.

Қалай болғанда, егер пейджерлерде жарылғыш заттар болса, оның ізі қалады, демек, тергеушілер оны анықтайды. Тек "мұны шынында кім жүзеге асырды?" деген сауал жауапсыз қалуы ғажап емес. Сарапшылар мұны жүзеге асырған арнайы органдар құпияларын ондаған жыл өткеннен кейін ғана ашық жариялауы мүмкін деп болжайды. Ендеше әзірге топшылап, сырттан тон пішу ғана қалады.

Бір анығы, мұндай операция адамзат тарихында болмаған. Сондықтан пейджер иелерін шошынтты. Мысалы, Америкада бір ғана Spok пейджинг компаниясы 800 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді.

The Wall Street Journal мәліметінше, "ескінің қалдығы" саналатын бұл құрылғыны АҚШ-та ауруханалардың медициналық персоналы қолданады: пациенттердің жай-күйі туралы шұғыл хабарламалар дәрігерлердің, мейірбикелердің пейджерлеріне жолданады.

Spok Құрама Штаттарда 2,2 мыңнан астам медұйымға қызмет көрсетеді. Мысалы, Ливанда да дәрігерлердің пейджерлері жарылып, жаралаған.

Сондай-ақ Ливандағы Иранның төтенше және өкілетті елшісінің де пейджері жарылды. Иран телеарналары оның өміріне еш қауіп жоғын, жарасы жеңіл екенін жариялады. Елші өте құпия ақпараттармен жұмыс істейтіндіктен, тіпті тегін сыйласа да, әлдебір сенімсіз жерден, қолдан пейджер алып, оны жұмысында қолданбасы сөзсіз.

Сол себепті, бұрын ешкім естіп көрмеген бұл зұлмат оқиға бүкіл әлемде пейджер қолданушылардың зәресін ұшырды. Өз кезегінде ливандық "Хезболла" қарулы тобы өз жақтаушыларына пейджерлерден тез арылуды жүктеген.

Би-Би-Си сарапшысы Пол Адамс "Хезболланың" өз ұяшықтары мен топтары арасында байланысты сақтау үшін пейджерлерге өте-мөте тәуелді екенін айтады.

"Олардың арасына үрей сеуіп, дүрбелеңге түсіру үшін бұдан асқан соққыны ойлап табу қиын. Хезболла ұялы телефондардан біраз бұрын бас тартты. Өйткені кез келген мобильді телефонның осал екенін сонау 1996 жылғы оқиға паш етті: сонда Израильдің арнайы қызметтері ХАМАС-тың жарылғыш заттар бойынша бас инженері Яхья Айяшты оның үлкен мобильді телефонына тығылған бомбаның көмегімен жарып өлтірді. Бірақ өлтіру үшін шағын пейджердің де жарайтыны анықталды. Бұл жолы "Хезболла" мүшелері супермаркеттерде, көшелерде, көлігінде, үйінде, тіпті шаштаразда қырылды. Оқиғалар туралы хабарламалар Бейруттан бастап, Бекаа алқабына дейінгі Ливанның әр өңірінен, тіпті көрші Сириядан түсіп жатыр", – деді Пол Адамс.

Жарылыс шағын болғанымен, оның салған жарасынан жан тапсырғандар жетерлік екен.

Қазіргі кезде Израиль мен "Хезболла" күн сайын қан майданда кезігіп, қан-қасап соғысып жатқан жоқ, бірақ арагідік шайқасып, шекісіп тұрады. Пол Адамстың пікірінше, Израильдің бұл шабуылы хезболлалықтардың қатарын сиретіп, адами ресурстарын шығынға ұшыратты, байланыс жүйесіне және моральдық рухына соққы берді. Ендігі мәселе: бұл алдағы ірі шабуылдың бастамасы, прологы ма?

Израиль оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді, бірақ Батыстың ақпарат құралдары да бұл операцияны соның жасағанына күмәнданбайды. Осыдан бір күн бұрын ғана Израильдің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-тың арнайы өкілі Амос Хохштейнге өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Израильдің енді ештеңеден тайынбайтынын ашық айтқан болатын.

Оның үстіне Ливан мен Сириядағы пейджер жарылысынан бірер сағат бұрын Израиль Үкіметі отырыс өткізіп, әскерилерге арнайы тапсырма берді. Армияға елдің солтүстік аудандарында, Ливан жақта тұратын 60 мыңдай израильдікті қауіпсіз жерге көшіру жүктеліпті.

Ливан-Израиль шекарасында әзірше ірі соғыстан, Ливанның өңтүстігіне кең ауқымды шапқыншылық жоспарынан хабар беретіндей әскер мен беренді техниканың шоғырлануы байқалмайды. Соған қарамастан, "пейджер-апокалипсис" салмақты эскалацияға айналып отыр. "Хезболла" бұған қалай жауап береді, әлде үнсіз қала ма? Оны уақыт көрсетеді. "Хезболла" ресми мәлімдемесінде болған оқиғаға Израильді айыпты санайтынын жария етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу