Израильде де "Путиннің досы" жеңіске жетті

2366

Ұзақ жылдар бойы еврейлер елі Парламентінің төрінен орын алып келген араб партиясы бұл жолы жеңіліс тауып, кіре алмады. 

Израильде де "Путиннің досы" жеңіске жетті Фото: news.sky.com

Израиль халқы сайлауқұмар болып алды: айналдырған 3,5 жыл ішінде 5-ші рет сайлау өтіп отыр. Бұл өзіндік рекорд саналады. Салыстыру үшін айтсақ, 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылғалы 25 рет қана сайлау тағайындалған екен.

9,5 миллионнан астам тұрғыны бар бұл мемлекетте 6 миллион 788 мыңнан астам адам дауыс беру құқығына ие. Бұл жолғы доданың ерекшелігі сол, ол бір жағынан Украинадағы соғыс жағдайында ұйымдастырылды.

Израильде Кнессетке сайлау нәтижесінде Биньямин Нетаньяху басқаратын ұлтшылдар мен консерваторлар күштері даусыз жеңіске жетті. Осылайша, қария Нетаньяху қайтадан Премьер орынтағына жайғасып, елді басқаратын болады.

Халықаралық ақпарат агенттіктері тағы бір тосын жағдайға назар аудартады: бір жылдан астам уақыт бұрын ғана Биньямин Нетаньяху елде өршіген коррупциялық жанжал аясында, сондай-ақ мемлекетті тиімсіз басқарғаны туралы айыптарға бола, жоғарғы билігінен айырылған болатын.

Оның үстінен қозғалған сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс әлі тергелуде. Егер израилдік тәуелсіз сот оны кінәлі деп тапса, Нетаньяху ел басшысы орынтағынан бірден темір торға аттанбақ.

Назар аударатын жайт, бұл жолғы сайлаудың күн тәртібіне Ресей және Украина арасында соғыс тақырыбы баса-көктей енді. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, израильдіктердің 75–76%-ы Украина жағында. Соған қарамастан, Ресеймен ынтымақтастықты жақтайтын, бұрындары ұлттық мүдделерді жан сала қорғайтын лидер ретінде Путинді үнемі үлгіге келтірген саясаткердің жеңіске жеткені бірқатар сарапшыны қайран қалдырды.

Дегенмен жергілікті ақпарат құралдарының түсіндіруінше, жақтаушылары "Биби" деп еркелететін Биньямин Нетаньяху кез келген мәселеде еврейлердің мүддесін бірінші орынға қояды. Сонысы үшін оны бұқара қызу қолдайды.

Оның үстіне әзірге іс басындағы Премьер Яир Лапидтің де Украинаға көмектесіп жарытқаны шамалы. Оның билігі соғыс жүріп жатқан 8 айдан астам уақыт бойы ресми нейтралитет сақтап келеді. Украинаға озық қару-жарағы мен әскери техникаларын жеткізбейтінін ресми мәлімдеді. Тек гуманитарлық көмекпен және солдаттарға арналған қорғаныш заттарын, киімдер мен экипировкаларды берумен шектелді. Сондай-ақ ЗСУ-дың жаралы жауынгерлерін өз клиникаларында қабылдап, емдеуге рұқсат еткен. Бірақ украиналық әскери шолушылар жасырын, астыртын көмек барын, мысалы, Израиль Иранның дрондарын құлататын техниканы жеткізіп, украиналық мамандарды үйреткенін хабарлады. Бұл ақпаратты Киев ресми растамады.

Өз кезегінде "Биби" Ресейді қолдамайтынын білдірді. Ол үшін Батыспен серіктестік қымбат, сондықтан Украинаға гуманитарлық көмек көрсету жалғасады деп күтілуде. Бұған қоса, Нетаньяху қазан айының соңында USA TODAY басылымына сұхбатында Израильдің қаруларын Украинаға жеткізу мәселесін "зерделейтінін" жеткізді. Яғни үзілді-кесілді бас тартпады. Сонымен қатар ол Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөздерге араағайын болуға дайындығын паш етті.   

"Биби бұрынғы премьерлік дәуірлерінде Путинмен дос екенін анық көрсетіп жүрді. Бірақ бұл жолы оның атақты прагматизміне үлкен үміт артуға болады. Нетаньяхуды Путиннің айырылыспас досы деп атауға келмейді. Ол циник адам, әрі прагматик саясаткер. Ол саясаттағы достар деген ұғымды мойындамайды. Израилді басқарған жылдары Ресей басшылығымен тығыз қарым-қатынаста болды. Бірақ оның бәрі еврей мемлекетін нығайту үшін қажет еді. Мысалы, Израильмен ортақ шекарасы жоқ Иран Сирияға билігін жүргізіп, сол жақтан Израильге шабуылдау қаупі туды. Ал Сириядағы Башар Асад билігін өзіне тәуелді еткен Ресей бұл қауіпті жойды. Израилдің дамуына және ауқатының артуына үлес қосқан осы және басқа да өңірлік уағдаластықтарға Нетаньяху тұсында қол жеткізілді. Алайда ол үшін Путин досқа айналмады", – дейді Таяу Шығыс бойынша украиналық халықаралық сарапшы Илья Куса.

Мысалы, Италияның билеуші күшінің лидері Берлускони Мәскеудің соғысын айыптағанымен, В.Путинмен жеке байланыстарын үзбегені, туған күнінде, түрлі мереке-мерейтойларда бір-бірін құттықтап, бір біріне сыйлық ретінде арақ-шарап жолдап тұратыны әшкереленді.  

Нетаньяхудың Кремль басшысымен ондай байланысы жоқ көрінеді.

Былтырғы жазда Премьер-министр лауазымынан айырылған Нетаньяху елді ауыр күйде қалдырды. Бюджеттік тапшылық өсті, жұмыссыздық жоғары деңгейге жетті, экономикада рецессия басталып, өркендеу орнына кері кетті.

Бірақ Би-Би-си талдауынша, сайлау қарсаңында, бірнеше апта ішінде ахуал өзгеріп сала берді: тұрақсыздық жайлаған Иран билігі өз халқын алаңдату, алдарқату үшін "қас жаулар қоршады" деп келетін диктаторлардың ұранына басты. Иран Ресейдің ірі қару жеткізушісіне айналды. Сириядағы қимылын өрістетуге қамданды. Тіпті батыстық басылымдар Иран Сауд Арабиясына соққы беруі мүмкін деп жорамал жасауда. Іргедегі Палестинадағы ХАМАС қозғалысы Сирия басшысы Асадпен келіссөздер жүргізуде. Осы мазасыз шақта еврейлер қайтадан ел тізгінін берік ұстайтын "қуатты қолды" іздей бастады. Израильде де мұндай тұлғалар тапшы көрінеді. Сондықтан ел таңдауы саяси сайыстарда әбден ысылған, талай халықаралық сын тезінен елді аман өткізе алған Бибиге түсті.

"Тіпті қоғамның жеккөрініші шырқау шегіне жеткен кезеңде де израилдіктердің басым көпшілігі мемлекеттің сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Нетаньяхудан асқан қас шебер, майталман маман жоқтығын мойындауға мәжбүр. Сол себепті халық қазір оны тағы да атқа қонғызып отыр",  – деген байлам жасады Би-Би-Си.

Шынында, халықаралық жағдай ушыққанға дейін әлеуметтанушылар Нетаньяхудың "Ликуд" (Топтасу) ұлтшыл-либералды партиясы әрі кетсе Кнессеттегі 120 депутаттық орынның 30-ын иеленеді деп жорамал құрған. Ал енді оның соңынан ерген оңшыл-діншіл саяси лагердегілер Парламентте 65 мандатқа ие болды. Яғни бұл блок өзгелермен коалиция құрмай-ақ, санаспай-ақ ел басшысын (Премьер) өздері тағайындауға құқылы. Осы лагерге тиетін мандаттардың көбін – 32-сін "Ликуд" партиясы алады.

Екінші тұғырға іс басындағы Премьер Яир Лапидтің "Еш атид" (Болашақ бар) партиясы шықты, ол заң шығарушы биліктегі 24 депутаттық орынды қанжығалайды. Айта кететін жайт, Лапид араб сайлаушыларды өз жағына тарту үшін Палестина тәуелсіз мемлекетін құруды жақтайтынын хабарлады.

Ал Бецалель Смотрич пен Итамар Бен-Гвирдің ультраоңшыл "Діни сионизм" партиясы 14 депутаттық мандатқа қол жеткізді және Кнессеттегі үшінші ірі күшке айналады. Израиль Парламентіне жергілікті араб партиясы өте алды, бірақ оның дауысы ештеңе шешпейді. Бұрындары ірі күш болған тағы бір араб партиясы ("Араб Балад") тым аз дауыс жиып, табалдырықтан аса алмады.

Электоралдық кедергіні еңсеру үшін партияларға сайлаушылардың кем дегенде 3,25%-ының дауысын жинау қажет еді. Аламанға 40 партия қатысқан.

Өзін жан-жақтан анталаған жаудың қамауындағы мемлекет санайтын Израиль елі болашағына, халықаралық ахуалға қатты алаңдайды, сондықтан жұртшылық ел үмітін ақтамаған билеушілері мен саяси күштерін жиі ауыстыра бастады. Бұл ел қазынасына ауыртпалығын түсіреді: 2019 жылғы сәуірден бері өткен алдыңғы 4 сайлау 15 миллиард шекелге (4 млрд доллардай) түсіпті. Сол себепті әр тиынның қадірін білетін еврейлер бұл жолы таңдауда жаңылыспау, жеті рет өлшеп, бір рет кесу үшін мұқият ойланып, үлкен дайындықпен келді. Орталық сайлау комиссиясының бас директоры Орли Адэстің мәліметінше, дауыс беруге сайлау құқығы бар азаматтардың 72 пайыздайы қатысқан. Бұл – қырық жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Израиль Президенті Ицхак Герцогқа сайлаудың түпкілікті қорытындылары туралы 9 қарашада баяндалады. Содан кейін ол 16 қарашаға дейін Үкіметті қалыптастыруды қандай тұлғаға тапсыратынын жариялайды. Халық пен сарапшылар ол мәртебе Биньямин Нетаньяхуға беріледі деп күтіп отыр. Өйткені бұрын елді басқарған либералдардың, оңшыл мен солшылдардың коалициясы жеңіліс тауып, 25 шақырылымдағы Парламентте енді ультраоңшылдар, ұлтшылдар, консерваторлар салтанат құрмақ.

Жаңа Премьерге Үкіметті құруға 28 күн беріледі.

73 жасар Биньямин Нетаньяху Израиль тарихында елді ең көп уақыт билеген тұлға саналады, бұл жөнінен онымен ешкім теңесе алмайды. Израилде кім Үкіметті басқарса, ел билігі соның қолында. Президенттің құзыры шағын. Нетаньяху Үкіметті 1996–1999 жылдары, содан соң 2009 жылдан 2021 жыл аралығында басқарды.

Еврейлер елінде де "алыптарға деген сұраныс" туғаны байқалады. Осы жолда халық ол тұлғаның қолы жемқорлықпен былғанғанына да көз жұма қарауға дайын сияқты. Бірақ мұны принципшіл еврей судьялары елеусіз қалдырмауы мүмкін. Deutsche Welle хабарлауынша, егер алдағы уақытта сот сыбайлас жемқорлыққа, алаяқтыққа және мемлекетке опасыздыққа айыпталып отырған Нетаньяхуды кінәлі деп таныса, ол он жылға бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Олай болса, Израиль мемлекетіндегі дүрбелең қайта жалғасуы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу