2023 жылдың қазан айында басталған Израиль шабуылдары салдарынан Газа секторында қайтыс болғандардың саны 70 112 адамға жеткені хабарланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Газа Денсаулық сақтау министрлігі жазбаша мәлімдемесінде Израиль шабуылдары салдарынан болған адам шығыны жөніндегі соңғы деректермен және үйінді астынан шығарылған жаңа мәйіттер туралы ақпарат берді.
Министрлік соңғы 24 сағатта үйінді астынан 9 палестиналықтың мәйіті шығарылғанын, тағы 1 жараланған адамның ауруханаға жеткізілгенін мәлім етті.
– Бітім күшіне енгелі бері шабуылдар барысында 356 адам қаза тапқан, 909 адам жараланған, ал үйінді астынан 616 адамның мәйіті табылған.
2023 жылдың қазан айында басталған Израиль шабуылдары салдарынан Газа секторында қаза тапқандардың жалпы саны 70 112 адамға, жараланғандар саны 170 986 адамға жетті, – делінген жазбаша мәлімдемеде.
Еске салайық, 9 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС Газадағы бітімнің алғашқы кезеңін мақұлдағанын айтты. Мысырда қол қойылған бітім келісімі Израиль үкіметінің қолдауымен 10 қазанда күшіне енген еді.
Газада бітім жарияланса да, Израиль әскері әртүрлі айыптауды алға тартып, палестиналықтарға жиі-жиі соққы жасауда.