Израильдің Иранға қатысты басты міндеті белгілі болды

Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху айтты.    

Израильдің Иранға қатысты басты міндеті белгілі болды Фото: un.org

Оның сөзінше, Ирандағы қазіргі билікті құлату – елінің алдағы кезеңдегі басты міндеті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Anadolu-ға сілтеме жасап.

Израиль премьер-министрінің кеңсесі таратқан мәліметке сай, Нетаньяху Тель-Авивтегі “Кирия” Қорғаныс министрлігі кешенінде қорғаныс министрі Исраэль Кац, Бас штаб бастығы Эяль Замир және басқа да әскери қолбасшылармен кездескен.

Жиын барысында Израиль премьер-министрі Ираннан төнетін қауіпті кейін шегіндіре алғанын мәлім етті. Оның пікірінше, қазіргі уақытта Тегеран билігінің позициясы айтарлықтай әлсіреген.

– Алдымызда тұрған басты міндет – Иран режимін құлату. Бұл мәселеде өз мүмкіндіктерімізге сенімдіміз. Бұл Израиль үшін негізгі міндеттердің бірі және оны жүзеге асыруға болады. Тіпті, оған жақын болашақта қол жеткізу мүмкін деп есептейміз, – деді Биньямин Нетаньяху.

Ол Иранның “Израиль тарапынан жауап соққысы болуы мүмкін” деген қауіпке байланысты шабуыл жасаудан тартынып отырғанын баса айтты.

Anadolu мәліметінше, бұл мәлімдеме Израильде 27 қазанға белгіленген сайлау қарсаңында жасалған.

Басылым Нетаньяхудың рейтингі төмендегенде оның сыртқы саясатқа қатысты риторикасы мен басқа мемлекеттерге бағытталған мәлімдемелері күшейгенін еске салады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу