Израильдің "Темір күмбезі" мен "Жебесі" жайлы не білеміз?

441

Әскерилердің сөзінше, олар Ираннан жеткен жүздеген дрон мен зымыранның көбін құлатты. 

Израильдің "Темір күмбезі" мен "Жебесі" жайлы не білеміз? Фото: Reuters.com

Израиль Иранның жаппай дрондық және зымырандық шабуылына тосқауыл қою үшін көп қабатты қорғаныс қалқанын пайдаланды. Оның қорғаныс кешенінде қысқа қашықтыққа арналған "Темір күмбез" және ұзаққа ұшатын "Жебе-2", "Жебе-3" зымырандары бар.

Израиль 1991 жылы Парсы шығанағындағы соғыста Ирак "скадтары" соққысының астында қалғаннан бері өзінің әуе қорғанысы жүйелерін жетілдіріп келеді.

"ЖЕБЕ"

Израиль Ираннан төнген зымырандық қауіпті ескере отырып, "Жебе-2" және "Жебе-3" жүйелерін әзірледі. Олар жер атмосферасынан тыс кеңістікте баллистикалық зымырандарды ұстауға арналған. Және де бұндай ракеталардың оқтұмсығы негізгі бөліктен ажырап кетіп, нысанаға тиеді.

Мемлекеттік Israel Aerospace Industries - осы жобаның негізгі мердігері, ал америкалық Boeing бұл аулағыштарды шығарумен айналысады.

Израиль әскерилері "Жебе" қорғаныс жүйесін Қызыл теңізде атылған "жер-жер" зымырандарын құлату үшін қазанның 31-де алғаш рет қолданғанын жариялады.

28 қыркүйекте Германия Израильден 4 миллиард еуроға (4,2 миллиард доллар) "Жебе-3" зымырандық жүйесін сатып алу туралы міндеттеме хатқа қол қойды.

"ДЭВИД БЕЛДІГІ"

Орташа қашықтыққа арналған "Дэвид белдігі" жүйесі 100-200 шақырым жерден атылған баллистикалық зымырандарды атып түсіруге арналған.

Израильдің мемлекеттік Rafael Advanced Defence Systems және АҚШ-тың Raytheon Co компаниясы бірлесіп әзірлеген және жасаған "Дэвид белдігі", сонымен қатар, ұшақтарды, дрондарды және қанатты зымырандарды ұстауға арналған.

"ТЕМІР КҮМБЕЗ"

Қысқа қашықтыққа ұшатын "Темір күмбез" әуе қорғаныс жүйесі болса, Палестинаның "Хамас" исламдық қозғалысы Газадан жіберген зымырандарды ұстау үшін жасалған.

АҚШ-тың қолдауымен мемлекеттік Rafael Advanced Defence Systems компаниясы әзірлеген бұл жүйе 2011 жылы іске қосылды. Радиолокациялық бағыттаушымен жабдықталған "Темір күмбез" ракеталарды, минометтерді, дрондарды әуеде жаруға арналған.

 "Рафаэль" 2020 жылы осындай екі батареяны АҚШ армиясына бергенін жасырмайды. Ресеймен соғысып жатқан Украина да оған қол жеткізгісі келеді. Бірақ Израиль Киевке гуманитарлық және азаматтық қорғаныс саласында көмектесумен шектелген.

2017 жылы "Темір күмбездің" теңізге арналған нұсқасы да жасалды. Ол кемелер мен мұхиттағы базаларды қорғауға арналған.

Айта кетсек, бұл жүйе жау зымыранының қандайда бір елді мекенге соққы берейін деп жатқанын тез арада анықтайды.

ЛАЗЕРЛІК ЖҮЙЕ

Израильде елге қауіп төндірген ракеталар мен дрондарды атып түсіру жүйесін жасауға ондаған мыңнан жүздеген миллион долларға дейін қаражат жұмсалып жатыр. Сонымен қатар, Израиль жаудың ракеталары мен ұшқышсыз аппараттарын залалсыздандыруға арналған лазерлік жүйе жасауға кірісті. Оның бір нысанды құлату шығыны небары екі доллар ғана болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу