Қ.Тоқаевтың Президенттігі анағұрлым арзанға түспек

18765

Ел бюджетіндегі Мемлекет басшысының қызметін қамтамасыз ету шығындары айтарлықтай қысқартылатын болды. 

Қ.Тоқаевтың Президенттігі анағұрлым арзанға түспек

Осы мақсатта қолданыстағы биылғы бюджетке өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Оған сәйкес, Қазақстан Президентінің Әкімшілігі бойынша бюджеттік шығыстар 865 млн 440 мың теңге сомаға азайтылды. Соның ішінде жалақыларды азайту көзделген.

"Бұл ретте "Мемлекет басшысының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер" еңбекақы төлеу бойынша бюджет қаражатының үнемделуіне байланысты 800 млн теңгеге, "Мұрағат қорының, баспа басылымдарының сақталуын қамтамасыз ету және оларды арнайы пайдалану жөніндегі қызметтер" 65 млн 440  мың теңгеге қысқартылады", – делінген "2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңжобасына түсіндірме жазбада.

Ел Президентінің қызметіне арналған қаражаттың тағы бір ауқымды бөлігі басқа мақсаттарға қайта бөлінгелі отыр. Мәселен, "ҚСЗИ" (КИСИ), Ортком және ҚХА қызметкерлерінің жалақысы артады.

Нақтылай кетсек, "Мемлекет басшысының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер" деп аталатын 001-ші бюджеттік бағдарламадан еңбекақы төлеу бойынша бюджет қаражатының үнемделуіне байланысты 215 млн 511 мың теңге шығыстар өзге бағдарламаларға аударылады.

Соның ішінде 75 млн 226 мың теңге Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қызметкерлерінің еңбекақы қорына беріледі. Бұл "мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының стратегиялық аспектілерін болжамды-талдамалық қамтамасыз ету" үшін қажет екен.

Бұдан бөлек, мұрағат қорының, баспа басылымдарының сақталуын қамтамасыз ету және оларды арнайы пайдалану үшін 2 млн 500 мың теңгеге негізгі құралдарды штрихкодттау қызметтері сатып алынады.

Оның үстіне биылдан бастап, "Орталық коммуникациялар қызметі" Президент Әкімшілігінің құрамына кіргені белгілі. Мәртебенің жоғарылауы ортком қызметкерлерінің жалақысына игі әсер етіпті. Нақтылай кетсек, ОКҚ қызметкерлерінің еңбекақы қоры және қазіргі әкімшілік шығыстары 56 млн 919 мың теңгеге ұлғаяды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметкерлерінің де жалақысы жоғарыламақ. ҚХА-ның басты органы-"Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің еңбекақысына 80 млн 866 мың теңге қосымша бөлінуде.

Ал Үкімет басшысының қызметі, керісінше, қымбаттай түспек. Қазақстан Премьер-министрі Кеңсесінің шығыстары жалпы алғанда, 212 млн 129 мың теңге сомасына ұлғайтылды.

Оның ішінде 209 млн теңге ел Үкіметінің және Премьер-министрдің қызметін қамтамасыз етуге жұмсалмақ.

Бұған қоса, 3 млн 129 мың теңге Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік фельдъегерлік  қызмет басқармасының қызметкерлеріне экологиялық өтемдерді төлеуге бағытталады деп күтілуде.

"Мұндағы мақсат – арнайы жөнелтілімдерді, оның ішінде өте маңызды, өте құпия, құпия, үкіметтік, дипломатиялық және мемлекеттік органдардың қызметтік хат-хабарларын жедел жеткізуді қамтамасыз ететін және хат-хабарларды дереу жеткізу бойынша арнайы сипаттағы тапсырмаларды орындайтын үкіметтік курьерлік байланысты жүзеге асыру", – делінген түсіндірме жазбада.

Үнемшілдік бойынша Елбасы да үлгі көрсетуде.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Кеңсесі бойынша еңбекақы төлеу қаражатының үнемделуіне байланысты "Елбасының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер" бюджеттік бағдарламасының шығыстары 75 млн 600 мың теңге сомаға азайтылды.

Жанат Ардақ

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться