Қай министрлік қанша миллиардты игере алмай отыр?

17442

Министрлер мен олардың орынбасарлары үйіп-төгіп уәде берді. 

Қай министрлік қанша миллиардты игере алмай отыр?

Үкімет басшысы Асқар Мамин бюджет қаражатын тиісінше жұмсай алмаған  министрліктер мен әкімдіктерге қатысты шара қабылданатынын мәлімдеді.

Асқар Маминнің айтуынша, ішкі істер министрлігі 9 млрд теңгені игермеген.

Министр Ерлан Тұрғымбаев өзі басқарып отырған мекеме қолда бар қаржыны неге игере алмай отырғанын түсіндірді. Оның сөзінше, министрлік мемлекеттік сатып алулар комитеті ұйымдастырған арнайы техникаларды жеткізуге қатысты конкурсқа қатысқан. 39 автосаты мен 40 автоцистерна сатып алуға 3,5 млрд теңге бөлінген. Бұлардың барлығы Семей автомобиль құрастыру зауытынын шығарылады екен. Мәселе орындаушының жеткізу мерзімін кешіктіруі салдарынан туған көрінеді. 

"3,5 млрд теңгеге қатысты мәселе 1 қазанға дейін шешіледі. 2,6  млрд теңге әскери бөлімшелерге қатты-сұйық отын жеткізуге бөлінген. Отын жеткізу  Қазақстан бойынша жүріп жатыр. Қаражат қыркүйектің соңына дейін игеріледі", – деді министр.

Премьер-министрдің сөзінше, қорғаныс министрлігінің де бюджет қаражатын игеру көрсеткіші көңіл көншітпейді. Мұндағылар 10,3 млрд теңгеге ие бола алмай отыр.

Қорғаныс министрінің орынбасары Мүсілім Алтынбаев 9 айдың қорытындысында бюджет қаражатының 99%-ы игерілетініне уәде берді.

Белгілі болғандай, экология, геология  және табиғи ресурстар министрлігі де 10 млрд теңгені қайда жұмсарларын білмей отыр екен. Қорғаныс министрінің орынбасарынан қалсын ба, экология, геология  және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев үкімет басшысына берген жауабында: "Жыл соңына дейін қаржыны 100% игереміз", – деді.

Мәдениет және спорт министрлігі 6,7 млрд теңге игермеген екен. Осы турасында мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов: "9 айдың қорытындысы бойынша игерілмеген 7 млрд 262 млн теңге қаражатты толық игереміз", – деді. Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр игерілмей қалған 4,9 млрд теңге Арыстағы жарылыс салдарын жою актілерінің кеш тапсырылуынан пайда болды дегенді алға тартты.

Өз кезегінде Асқар Мамин жыл соңына дейін санаулы айлар қалғанын, мемлекеттік органдар мен өңір басшылары бюджет қаражатын дер кезінде игеруді ерекше назарға алуға тиіс екенні айтты.

"9 айдың қорытындысында бюджет қаражатын игермеген мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге қатысты нақты шешім қабылданады", – деді үкімет басшысы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу