Қай өңірде бензин арзан?

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5735

АИ-92-нің бағасы төмендеп келеді – Қанат Бозымбаев.

Қай өңірде бензин арзан?

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың сөзінше, АИ-92 бензинінің бағасы арзандап келеді. Ол бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында айтты.

"АИ-92 бензинінің бағасы төмендегені байқалады. Ең төменгі баға – Батыс Қазақстан облысында. Бұл өңірдегі бензиннің 1 литрі – 139 теңге. Дизель отынының ең төменгі бағасы Түркістан облысында тіркелді. Оның 1 литрі – 175 теңге", – деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, 7 маусымдағы жағдай бойынша АИ-92 бензинінің орташа бағасы 148,7 теңгені, дизель отынының орташа бағасы 192 теңгені құраған.

Қанат Бозымбаев ішкі нарықта жанар-жағармай қоры жеткілікті деп сендірді. Айтуынша, қоймада АИ-92 бензинінің 192,4 мың тоннасы, сондай-ақ дизель отынының 96,4 мың тоннасы сақтаулы тұр. 

Сондай-ақ осы айдың екінші жартысынан бастап Қазақстан шетелде бензин экспорттауды бастайды.

"Қазақстандық жоғары октанды бензинді экспорттау үшін заңнамалық база толығымен дайын. Жақын арада ашық түсті мұнай өнімдеріне экспорттық кеден мөлшерлемесін төмендету бойынша ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы қабылданады. Маусым айының екінші жартысында бензин экспортын бастау жоспарланып отыр", – деді Қанат Бозымбаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Деректерге сүйенсек, соңғы бес айда 5 млн тоннадан астам мұнай өнімдері өндірілген. Оның ішінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бензин өндірісі 114 пайызға, авиокеросин өндірісі 300 пайызға, дизель отыны өндірісі 113 пайызға жоғары.

"Жалпы мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты. Жанар-жағармай тапшылығы жоқ", – деп нақтылады энергетика министрі.

Министр баяндағандай, қаңтар-мамыр аралығында мұнай және конденсат өндіру көлемі 36,5 млн тоннаны құраған. Үш ірі жоба (Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ) мұнай өндіру көлемі 21,7 млн тоннаға тең болды.

"Дәлірек айтсақ, Қашағанда 4 млн тоннадан астам, Қарашығанақта 5 млн тонна шамасында және Теңізде 12,5 млн тонна мұнай өндірілді. 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мұнай өндірісі төмендеді. Бұл Қашағандағы бірінші жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты. Осы жылдың 14 сәуір мен 19 мамыр аралығында Қашағандағы өндіріс толығымен тоқтатылды. Жөндеу жұмыстары 45 күнге жоспарланған еді. Жұмыстарды мерзімінен он күн бұрын аяқтадық. Алғашқы жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды", – деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің сөзінше, қазіргі таңда Қашағандағы мұнай өндірісі рекордтық деңгейге жеткен. Мұнда тәулігіне 400 мың баррельге жуық мұнай өндірілуде.

Фархат Әміренов

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться