Қайғылы оқиғалардың көбіне көлік айдауды "өз бетінше үйренгендер" себеп

Орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады. 

Қайғылы оқиғалардың көбіне көлік айдауды "өз бетінше үйренгендер" себеп

Ішкі істер министрі Марат Ахметханов Үкімет отырысында жыл басынан бері елімізде жол апаттары бойынша барлық көрсеткіштің өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 9 429 жол көлік оқиғасы тіркелген. Қара жолда қан жұтқандар саны қаншама. Биылдың өзінде 1 478 адам қаза тапты. Жарақат алғандар саны да аз емес – 12 394 адам. 

Бұл орайда ІІМ арнайы талдау жүргізген. 

"Талдау нәтижесі автомектепте оқымай, көлік айдауды "өз бетінше үйренгендер" адам өліміне алып келетін ЖКО-ның 50%-на жауапты екенін көрсетіп отыр", – деді министр. 

Статистика бойынша, Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы жолдар аса қауіпті болып есептеледі. Қазақстан бойынша барлық ЖКО-ның 56%-ы, жарақат алғандардың 55%-ы және қаза тапқандардың 41%-ы осы өңірлерде болған. Жалпы 4,5 млн-ға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі анықталса, 17,5 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталып, 20 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды.

Жол-көлік оқиғалары санының артуына техникалық тексеру орталықтарынның жалған талондар беруі де себеп болуы мүмкін. Министр мұндай орталықтар ашуға қойылатын талаптар төмендегеннен кейін, осындай фактілердің көбейгенін жеткізді. 

"Мәселен, 106 мың жүргізуші техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін көлікті басқарғаны үшін жауапқа тартылды, тағы 80 мың жүргізушіге жалпы техникалық тексеруден өтпегені үшін айыппұл салынды", – деді Марат Ахметханов.

Еліміз әлемдік уран мен мұнай өндіру, цифрландыру бойынша рейтингтердің басында болса, жол қауіпсіздігі бойынша артта қалды – 107-орында тұр. Оның себебі де түсінікті. Дамыған елдерге қарағанда, бізде жол апаттарынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары. Бұл ретте Үкімет басшысы елімізде жүргізушілер арасында көлік жүргізу мәдениеті өте төмен екенін атап өтті. Жол ережесіне жиі бағынбайтын 71 мың жүргізуші анықталды. Олардың кейбірі биыл жол ережесін 150 рет бұзған. 

"Жалпы біздің елімізде жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай өте күрделі: 8 айда жол апаттарының саны 14%-ға, қаза тапқандардың саны 18%-ға көбейді. Орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады. Бұл өте ауыр жағдай", – деді Әлихан Смайылов. 

Бұған қоса елімізде жүргізушілерді даярлау сапасы да күмән тудырады.

Үкімет басшысының айтуынша, автомектептер жұмысындағы тәсілдерді өзгерту қажет, себебі бүгінде оларды бақылап жатқан ешкім жоқ, лицензия берілмейді. 

Тағы бір мәселе – елдегі жолдардың сапасы. Бұл да көлік апаттарының негізгі себебі екені анық.

ІІМ дерегінше, көлік апатарының 75%-ы жарығы жоқ, жолы нашар елді мекендерде орын алады. 

Осыған орай, Әлихан Смайылов жол апаттарының көбеюіне қатысты жан-жақты талдау жасап, жол апаттары жиі болатын учаскелердегі қозғалысты қадағалау жұмыстарын күшейтуді, жол инфрақұрылымын жасау бойынша қосымша шаралар қабылдауды, сондай-ақ жолдағы камераларды көбейтуді тапсырды.

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться