Қазақстан Премьер-Лигасының 4-туры аясында алматылық "Қайрат" өз алаңында елордалық "Астананы" 4:0 есебімен тас-талқан етті.
Алаң иелері ойынның алғашқы минуттарынан-ақ қарқынды өнер көрсетті. Есеп 10-минутта ашылды. Эдмилсон жасаған қауіпті пастан кейін Жоржиньо дәл соққымен көзге түсті. Араға 12 минут салып "Қайрат" есепті еселеді. Бұл жолғы голдың авторы алматылықтардың жұлдызды ойыншысы - Дастан Сәтпаев.
Бірінші таймның ортасына қарай алматылықтар ірі есепке қол жеткізді. 33-минутта Сәтпаев нәтижелі пас беріп, Жоржиньоны қақпашымен жеке-дара шығарып, португалиялық ойыншы дубль жасады. Ал бірінші таймға қосылған уақытта команда капитаны Александр Мартынович есепті 4:0-ге жеткізді.
Екінші таймда "Қайрат" ойын тізгінін толық бақылауда ұстап, қарсыласқа гол соғуға мүмкіндік берген жоқ.
Нәтижесінде осы жеңістен кейін "Қайрат" 10 ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.