Алматының "Қайраты" Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінде черногориялық "Сутьеска" клубын жеңіп, екінші айналымға өтті. Матч Никшич қаласында өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты 1bol.kz спорт порталына сілтеме жасап.
Бірінші таймда жанкүйерлер соғылған гол көре алмады.
Есесіне, екінші таймда қонақтар екі бірдей гол соғып, черногориялық клубқа еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Алдымен Исмаил Бекболат 68-минутта есеп ашса, 80-минутта Жоржиньо ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 2:0, "Қайраттың" пайдасында.
Айта кету керек, 79-минутта "Сутьеску" қорғаушысы Андрия Разнатович қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Осылайша, "Қайрат" екі ойынның қорытындысы бойынша екінші айналымға жолдама алып отыр.
Алматыда өткен матчта Уразбахтин шәкірттері 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ендігі қарсыласы – кипрлік "Омония".