"Қайрат" "Шахтерды" жеңді, "Астана" көшбасшылықты сақтап қалды

1006

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты 12-тур аясында өтуі тиіс екі кездесу кейінге шегерілді.

"Қайрат" "Шахтерды" жеңді, "Астана" көшбасшылықты сақтап қалды

Алматының Орталық стадионында "Қайрат" қарағандылық "Шахтерды" жеңді. Бұл алматылықтардың соңғы алты ойындағы алғашқы жеңісі. Кездесу барысында қорғаушы Виктор Васин есеп ашса, үзілістен кейінгі пенальтиден кейін кейін Жоао Пауло (2:0) гол соқты. Осы жеңістің нәтижесінде "Қайрат" 16 ұпай жинап, "Шахтерді" қуып жетті. Бәсекелес командалар турнирлік кестеде алтыншы-жетінші орындарға жайғасты.

Сонымен қатар "Астана" "Атыраумен" тең түсіп, турнирлік кестенің көшбасшысы "Таразды" қуып жетті. Екі клубтың ұпай саны бірдей, бірақ "Тараз" 12-турдағы матчын 22 мамырда өткізеді. Екі командада да 21 ұпай бар.

"Астана" мен "Атырау" арасындағы матч 1:1 есебімен аяқталды. Кездесу соңына қарай елордалық команда 10 ойыншымен қалды. Екінші таймда француз легионері Жереми Манзорро екі сары қағаз алып алаңнан қуылды. Кездесуде тоғыз голмен сұрмергендердің көшін бастаған хорватиялық Андрия Филипович алғашқы болып есеп ашты. Матчтың қосымша уақытында қарымта голды Станислав Басманов соқты.

Ал "Тұран" мен "Ақтөбе" арасында 12-тур аясында өтуі тиіс кездесу басқа күнге ауыстырылды.

"Ауа райының қолайсыздығына байланысты - шаңды боран және дауылды жел, ойынның бас төрешісі Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының Әкімшілігімен бірлесіп, XII турдың "Тұран" - "Ақтөбе" кездесуін басқа мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдады. Ойынның жаңа өту мерзімі кейін анықталады", - деп хабарлады ҚКФЛ баспасөз қызметі.

Шымкентте 12-туры аясындағы "Ордабасы" – "Ақсу" кездесуі тоқтатылды. Сегізінші минутта Карам Сұлтанов стандартты жағдайда гол соқты. Алайда бірнеше минуттан соң кездесу үзілді. Матчтың алғашқы таймында стадионға қарасты ғимараттың шатыры ұшып кетті. Ойын дереу тоқтатылып, қажетті шаралар жүргізілді.

"Ауа райының қолайсыз жағдайына, яғни дауылды жел мен нөсер жаңбырға байланысты, ойынның бас төрешісі Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының Әкімшілігімен бірлесіп, XII турдың "Ордабасы" - "Ақсу" кездесуін тоқтату туралы шешім қабылдады. Ойын ҚКФЛ Әкімшілігі анықтаған басқа күні өткізіледі", - делінген ҚКФЛ-дың ресми парақшасында.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу