"Қайраттың" кежегесі кейін тартып барады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3026

Инфрақұрылымдық жүйесіне Азия тұрмақ, Еуропаның өркениетті елдері қызыға қарайтын Алматы клубының шалт басуы жиілеп барады.

"Қайраттың" кежегесі кейін тартып барады

Кеше Қазақстан премьер-лигасында тоғызыншы турдың ойындары өтіп, Алматының "Қайраты" өз алаңында Қостанайдың "Тобылынан" ұтылып қалды. Есеп – 0:1. Сөйтіп, алматылықтар ел чемпионатының биылғы маусымында төртінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Әрі соңғы үш турда бір-ақ ұпай еншілеп, жанкүйерлерін жерге қаратты.

Өз алаңында "Тобылға" есе жіберіп алуы Қазақстан премьер-лигасының турнир кестесіндегі жағдайына айтарлықтай әсер етті. "Қайрат" осы жеңілісінен соң екі саты төмен сырғып, 5-орынға ығысты. Командалардың көбісіне қарағанда, бір ойын артық өткізсе де, қоржынында 16 ұпай ғана бар.

Негізі, құрамы осал емес. Материалдық жағдайының өзгелерден көш ілгері екендігі мен қаражаттан қағажу көріп жүрмегендерін айтпасақ та болады. Жылда "Астанамен" жағаласып жүретін осындай азулы клубтың биыл "Жетісудан" ойсырай ұтылатындай (0:3) халге жетуіне не себеп, сонда?!

Футболда, жалпы спорт саласында, "егер команда ұтылып қалса, кінәлі – бас бапкері" деген еш заңда жазылмаған қағидат бар. Осы қанатты сөздер "Қайраттың" бүгінгі жағдайына дөп келетіндей. Өйткені Алматы клубының 31 жастағы белоруссиялық жас бапкері Алексей Шпилевский шежіресі мол команданы өрге сүйрей алмай жүр.

Шпилевский "Қайратқа" өткен жылғы қараша айында келді. Содан бері команда құрамын екшеп, қайта жасақтап алатын мүмкіндігі болды. Қарамағындағы ойыншыларды спорттық баптарына келтіруге де уақыты жетсе керек еді. Алайда Алматы клубының ойыны әлі жетіле түскен жоқ. Кежегесі кейін тартып барады.

Рас, Беларусь маманы негізінен жас ойыншыларға сенім артып жүр. Команданың ойынын үйлестіруші серкесі, яғни Бауыржан Исламхан әлі алаңға шықан жоқ. Естуімізше, жарақатынан толық айығып кетпеген. Ал Ғафуржан Сүйімбаев, Георгий Жуков сынды тәжірибелі ойыншыларына бірден сенім арта қоймағандай. Біраз ойыншылары Бірінші лигада доп тебуге мәжбүр болды.

Мәселен, маусым аралығында "Ордабасы" клубынан қалап алған Еркебұлан Тұңғышбаев та шетелдік жас бапкердің сеніміне ие бола алмай жүргендей. Ал Шпилевскийдің өзінің тартқан легионерлері былтыр күзде командаға "қажет болмай" қалған, бес жылдай "Қайраттың" намысын абыроймен қорғаған Исаэлдің тырнағына да татымайтындай.

Шпилевский "Қайратпен" Қазақстан суперкубогында "Астанадан" ұтылып, ел чемпионатында да сүріне бастағанда, отандық жанкүйерлер мен журналистер оған "бапкер емес, дене тәрбиесі мұғалімі" (физрук) деген айдар тақты. "Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің" демекші, қызықтың көкесі Алексейдің анасы және агенті Елена Шпилевская сұхбат бергенде басталды.

Елена Шпилевская өз еліндегі by.tribuna.com басылымына көлдей сұхбат беріпті. Онда ұлының Қазақстандағы жағдайына егжей-тегжей тоқталған. Сонда "Қайрат" футбол клубы Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаевтың немістің "Ред Булл" клубының жұмыс жүйесіне қызыққандығын да тілге тиек еткен.

"Ред Булл" философиясын "Қайратқа" енгізіп, сіңіре алатын маман іздеп, Лейпцигке барғандығын да тәптіштеп айтып шыққан. Сонда Ральф Рангниктің көмекшісі "бізде ондай адам бар, Академиямызда 5-6 жыл ысылды, орыстілді" деген көрінеді. Алматы клубының басшысына оның орыстілділігі ұнап қалған секілді.

Жалпы, "Қайрат" 2012 жылдан бері негізінен орыстілді мамандарға сенім артып жүр. Бұл ретте Владимир Вайсс, Александр Бородюк, Кахабер Цхададзе сынды бапкерлерді атап өтуге болады. Бұл тізімге Сергей Лабодовский мен Андрей Карповичті де қосуларыңызға болады. Тек Карлос Алос Феррерді ғана бұл санатқа жатқыза алмаймыз.

Енді, міне – Шпилевский. Алайда словак Вайсстан басқасы Алматы жанкүйерлерінің сүйіспеншілігіне бөлене алмады. Жалпы, "Қайраттың" басшысы шетелдік ойыншыларды таңдағанда да, әуелі Ресейде, яғни орыс тілді ортада бейімделген, жерсінген футболшыларға басымдық беретіндігін байқап жүрміз. Жерар Гоу мен Исаэл да көрші ел арқылы келген.

Өкінішке қарай, "Қайраттың" қазіргі орыстілді бапкері де Алматы клубын түлете алмай жүр. Шежіресі мол ұжым басты бәсекелестерінен осылай өз алаңында да ұтыла берсе, үштікке де ілігуі екіталай сияқты. Ал клуб басшылары жас бапкерді отставкаға жібере ме? Елена Шпилевскаяның сөзіне сүйенсек, әзірше мүмкін емес сияқты. Келісімшарты – үш жылдық.

Айтпақшы, Елена Шпилевская ұлын сынап-мінеушілер туралы біраз ойын жайып салыпты. Сынайтындар негізінен жұмыссыз адамдар көрінеді. Қазақстандағы жасы келген бапкерлердің бәрі Алексейді, әсіресе оның айлығын көре алмайды-мыс. Қазақстан жолдарындағы ең мәдениетсіз жүргізушілер екен. Тағысын тағы...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу