"Қайсар" клубына жаңа директор тағайындалды

1938

60 жастағы маман бұған дейін футбол айналасында жұмыс істемеген.

"Қайсар" клубына жаңа директор тағайындалды

Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының келісімімен Жұмахметов Жағыппар Насрадинұлы "Қайсар" футбол клубының директоры қызметіне тағайындалды. Жағыппар Насрадинұлы 1961 жылы 21 наурызда Арал қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді. 1978-1983 жылдары Қазақстан политехникалық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын 1983 жылы Ақтөбе облысында "ЗапКазГеология" бірлестігінде бұрғылау шеберінен бастап, бас инженер лауазымына дейін көтерілген. Бұған дейін футбол айналасында емес, тек өндіріс саласында ғана жұмыс істеген. 

Сонымен қатар күні кеше "Қайсарға" жаңа бас бапкер де тағайындалды. Қызылорда өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық футбол федерациясының вице-президенті Болат Елеуұлы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Жаманқұл команданың бас бапкерін таныстырды. Қызылордалық "Қайсарды" жаңа маусымда жергілікті маман Сұлтан Әбілдаев жаттықтырады. Футбол клубы қазақстандық маманға тағы бір мүмкіндік берді.

Сұлтан Әбілдаев 1970 жылы 21 наурызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Кәсіби футболшы. Алаңда жартылай қорғаушы қызметін атқарған. Мансабының басым бөлігін "Қайсар" футбол кубында өткізді. Сұлтан Әбілдаев – "Қайсар" футбол клубының тарихында ең көп ойын өткізген футболшы. Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған. 2005 жылы мансабын аяқтаған соң, бапкерлік қызметке ден қояды. 

Алдымен футбол орталығында шәкірт тәрбиелеумен айналысса, 2009 жылы "Қайсар" командасын жаттықтырады. 2010 жылы бас бапкердің көмекшісі қызметін абыроймен атқарды. 2016 жылға дейін клубта түрлі бағытта қызмет атқарып, 2016 жылы "Қайсар" футбол клубына бас бапкер қызметіне тағайындалып, команданы Бірінші лигадан Премьер-лигаға шығарады. Сол жылы Бірінші лига арасында ең үздік бапкер атағына ие болды.

Айта кетейік, жаңа маусымда "Қайсар" футбол клубына Премьер-лига жолдамасын жеңіп алу мақсаты қойылды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу