Қайсар клубының ішкі ахуалы мәз емес

Клубта қазір қос директор бар деуге болады.

Қайсар клубының ішкі ахуалы мәз емес

Қызылорда футболы қыл көпірдің үстінде тұр. Жергілікті Қайсар футбол клубындағы ішкі араздық өршіп кеткен-міс. Басшылық құрам мен клубтың 51%-на ие болып отырған тұлғалар бір бітімге келе алмауда. Жауаптылардың айтуынша, алаң сыртындағы факторлар дала қасқырларының өткен жылғы ойынына да әсер еткен. Дау-дамайдан арылмаған клубтың ендігі тағдыры не болмақ? Жергілікті команданы шын мәнінде кім басқарып отыр?

Қайсар футбол клубының өткен жылғы көрсеткіші тым нашар болып, футболшылар сүреңсіз ойынымен бірінші лигага түсіп қалды. Жайкүйерлердің жанына батқан нәтижелерге клуб айналасындағылардың ешбірі нақты жауап бере алмады. Осыған байланысты өткен маусымнан кейін басшылық құрам толық өзгерді. Алайда бұрыңғы басшылықта клубтан алыстай қоймапты. Қысқаша айтқанда, өңірдің жалғыз клубында қазір қос директор бар деуге болады.

"Былтыр 6 қаңтарда Қайсар клубын сенімгерлік басқаруға берді. Шынболатов Наурызбай деген азамат 51%-на иелік етеді. Енді қазір Досманбетов деген азамат Шынболатовтың сенімхатымен жұмыс жасаймын деп жүр. Ол енді заңға қайшы емес. Бірақ бұл жерде, жарғы бойынша директор мен. Енді ұжымның өзі екі директорға қарап түсінбей жүр. Бірақ клуб директоры болғандықтан құжатқа да, қаржыға да, келісім-шартқа да қол қойып отырған менмін. Өйткені устав бойынша атқарушымын. Мен сенімгершілік басқарушының алдында жылына бір рет есеп беремін, одан кейін 49%-ке ие әкімдікке есеп берем. Ал Досманбетовтың басқарушылық жағында жүрем дегені, түсініксіз. Маған келіп, менің тәжірибем көп, анауым бар, мынауым бар дейді. Мен айттым сенің тәжірибең керегі жоқ, өйткені менің командам бар деп", – дейді "Қайсар" ФК директоры Жағыппар Жұмахметов.

Айта кетер жайт, сенімгерлік 2026 жылға дейін созылады.

Клуб директоры биылғы маусымдағы команданың жаңалығы мен мақсатына да тоқталды.

"Қайсар" футбол клубы Премьер-лигаға қайта оралуға тыңғылықты дайындалды. Үш оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Оның екеуі Қызылорда қаласында өтсе, біреуі Түркия елінде жүргізілді. Жиын барысында 50-ге жуық футболшыны қаралымнан өткізіп, 25-ін іріктеп алдық. Жаңадан бапкерлік штаб бекітілді. Спорт директоры қызметіне Серік Сағындықов тағайындалса, бас бапкердің көмекшісі ретінде Марат Еслямов таңдалды. Екеуі де тәжірибелі мамандар. Сонымен қатар дене және қақпашылардың жаттықтырушысы болып жергілікті мамандар  Қанат Алиев пен Артур Ким бекітілді", – деді Жағыппар Насрадинұлы.

Команданы жаттықтыруға қайта келген бапкер Сұлтан Әбілдаев өткен жылғы сәтсіз ойынның негізгі себепкері болғанын мойындайды. Айтуынша, өткен маусымдағы ойыншылардың ешқайсысы оның қалауымен алынбаған. Сондай-ақ алаң сыртындағы өзге де факторлар жүйелі ойын өрнегін көрсетуге кедергі келтіріпті.

 "Команданың былтырғы сәтсіз ойынына жауапты екенімді білемін, нәтиже нашар болды. Басынан бастап команданың селекциялық жұмыстарына толық араласуға мүмкіндік бермеді. Ішкі араздастық болды. Бапкерлер штабында да, басшылық құрамда да. Бірлік пен бітім болмады. Ал биылғы құрамды толық өзім жасақтадым. Маған берілген тапсырма Премьер лигага қайта шығу және мен бұл тапсырманы соңына дейін жеткізуге толықтай жауаптымын", – деді "Қайсар" ФК бас бапкері Сұлтан Әбілдаев.

Бас бапкер бұдан бөлек команда құрамын толықтырған жаңа футболшылардың әлеуеті мен біріншілік барысындағы негізгі қарсыластары туралы айтып берді.

"Қызылорда қаласында ұйымдастырылған екі жиында жергілікті футболшыларға іріктеу жүргіздік. Өздерін жақсы көрсеткен 11 футболшыны таңдап алдық. Команда құрамы жаңарғандықтан бізді біршама жұмыстар күтіп тұр. Сондай-ақ, Түркияда тәжірибе жинақтау барысында 4 командамен жолдастық кездесу ұйымдастырдық. Қарсыластар Швеция, Дания, Ресей, Украина елінің командалары болды. Биыл команда құрамында 2 легионер, 3 экономиналық одақтың футболшылары болады. Жаңа футболшылар бапкерлік штабтың ақыл-кеңесімен таңдалды. Мақсат Байжанов, Руслан Сахалбаев, Елжас Алтынбеков секілді тәжірибелі ойыншыларымыз "Қайсардың" жаңа мақсаттарын орындауға септігін тигізеді. Тек бразилиялық Жоау Педро мен Мамаду Диалло виза мәселесіне байланысты елімізге келе алмауда. Аталған футболшылар осы айда қосылады. Биылғы біріншілікте негізгі қарсыластарымыз "Оқжетпес", "Жетісу" және "Қыран" командасы", – деді бас бапкер.

"Қайсар" 6-сәуірде Қазақстан Olimpbet кубогының аясында "Оқжетпеспен" кездеседі, ал 17-сәуірде бірінішліктің маусымашар кездесуінде "Оңтүстік академияны" қабылдайды.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу