Қайтыс болған БҚО-лық курсанттың анасы болған жайды баяндап берді

3245

Соңғы үш айда жақындары Саламатқа 630 мың теңге ақша аударыпты. 

Қайтыс болған БҚО-лық курсанттың анасы болған жайды баяндап берді

Алматыдағы ІІМ академиясының басшысы Өмірбай Смайылов 3 курста оқитын курсант Саламат Өтегеновтің өлімінен кейін қызметінен босатылды. Қазіргі күні қалалық полиция департаменті ҚР Қылмыстық Кодексінің "өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізуді" қарастыратын 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі таратқан ақпаратта 23 желтоқсанда академияға тексеріс жүргізілгені, оқу орнының 16 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны айтылады. Сондай-ақ министр Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен 2021 жылдың бірінші тоқсанында ІІМ-ге қарасты барлық оқу орны тексерілмек екен.

Қайтыс болған 19 жастағы курсант Саламат Өтегенов – Батыс Қазақстан облысының тумасы. Оның денесі 15 желтоқсан күні жеткізіліп, ертесіне БҚО Ақжайық ауданы Шабдаржап ауылындағы зиратқа жерленеді. Марқұмның анасы Бекзат Иманғалиева баласының жетілік кәдесін бергеннен кейін жергілікті журналистерге оның өліміне қатысты мән-жайды түгел баяндап берген. Айтуынша, Саламат жастайынан техникаға бейім болғандықтан, ІІМ Алматы академиясының бағдарламалау, техника және радиобайланыспен байланысты техникалық факультетіне оқуға түседі. Содан бері үй-іші аталған оқу орнының "жылуынан" көз ашпай келеді екен. Ең алдымен   курста оқу басталысымен ата-аналардан 50 мың теңгеден жиналады. Балалар каникулға келгенде шыттай киініп, қалталарына ақша салып кететініне, бюджет есебінен оқитынына қарамастан, казармадағы үтік сияқты тұрмыстық техникаға, тіпті қар тазалайтын күрекке дейін өздері сатып алады. Стипендия демекші, ол түсіп тұратын кәртішкелері курсанттардың қолына берілмейді де. Су жаңа киімдер киіп кеткен балалар болса, каникулда үйлеріне әркімнен қалған, алба-жұлба киімдермен келеді.

Ата-анасынан ақша сұрай беруге қысылған жігіт 2019 жылы микрокредиттік ұйымнан жылдам несие алып, оны қайтара алмай өсіп кеткесін, әке-шешесі жауып береді. Ал биыл елдегі пандемияға қарамастан, олар оқуын жалғастыра береді. Соңғы келгенде Саламат оқуына қайтып барғысы келмейтінін аңғартыпты. Бірақ академиядан шығу үшін ақша төлеуің қажет екен. Ол бір ай үшін 100 мың теңгені құрайды. Яғни, Саламат Өтегенов ондай жағдайда өзі оқыған екі жарым курс үшін 2 млн теңге төлеуге тиіс. Кейін анасы ұлының достарына оқып жатқан жерінен кетіп, Орал педагогикалық институтының физика-математика бөліміне ауысатына ниеті барын айтқанын біледі. Ол соңғы кеткенінде соны пысықтап, біржақты қылып келмек болыпты. 

Қайтыс болғанға дейінгі соңғы үш айда Саламат ата-анасынан, оны қойып, жақын-туыстарынан да ақша сұрауды күшейтеді. Енді ол тікелей бопсалайтынды шығарады. Мәселен, "тура қазір 100 мың теңге салмаса, кешке дейін ол 200 мың теңге болатынын" айтады. Ата-анасы балаларына соңғы рет 5 желтоқсан күні 10 мың теңге салады. Ал жалпы ол көз жұмғанға дейінгі үш жарым ай ішінде туған-туыстары оған 630 мың теңге аударған. Сондай-ақ, әке-шешесі ұялы телефонның Саламаттың қолында болғанына да сенімді емес. Себебі ол бұрын-соңғы болмаған қылық шығарып,  жақындарын боқтап жазатын болған.

Бекзат Иманғалиеваның айтуынша, олар Саламатқа 25 желтоқсанға Алматыдан Орал қаласына дейін онлайн-билетін рәсімдейді. Өздері "осы жолы келсе ешқайда жібермейміз" деп шешеді. Бұған дейін балаларына бірнеше рет академия басшылығына шығатынын, жағдайды анықтайтынын айтқанмен, ол мұның өміріне қауіпті болуы мүмкін екенін айтып, ондай қадам жасамауларын өтініп келген.

Саламат қайтыс болардан бір күн бұрын үлкен ағасынан ақша сұрап, "егер сен қазір маған ақша аудармасаң, онда мен қолсыз қалуым мүмкін немесе аяғымнан айырыламын" деп жазады. Ал өзіне қол жұмсайтын күні оған сағат 11.00-ден бастап Алматы уақыты бойынша сағат 17.00-ге дейін 300 мың теңге жіберуін сұрап, хабарлама жібере бастаған. Бірақ ол күні қолы тимеген ағасы ватсап хабарламаларын қарамаған, ал кешке телефонын қолға алған кезде інісінің соңғы жазбасын көреді. Ол сағат 16.31-де "Мен кеттім" деп жазған екен. Ал Алматы уақытымен 16.52 сағатта оның қайтыс болғаны тіркеледі. Курсантты асханадағы қосалқы бөлмелердің бірінде асылып қалған жерінен шешіп алғанда ол әлі тірі болыпты. Бірақ  іле-шала келген жәдел жәрдем бригадасы қыршын өмірді құтқарып қала алмаған.

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу