Қала болатын Қосшыны қандай өзгерістер күтіп тұр

3970

Елордадан он бес-ақ шақырым жердегі Қосшыда айына, кейде тіпті аптасына бір рет шу шығып тұрады. Неге десеңіз, ауылдың проблемасы шаш етектен.  

Қала болатын Қосшыны қандай өзгерістер күтіп тұр

Суы мен жарығы, жолы мен қоғамдық көлігі дейсіз бе, мәселесі шешілмей зәрезап болған халық көп мұнда. Шыдамы таусылған халықтың наразылыққа шығып, топтасып, көліктерді өткізбей, көшелерді жиі жауып тастайтыны да сондықтан.

...Кейінгі кезде дәл осы Қосшының қала болатыны туралы әңгіме жиі айтыла бастады. Мұның шын-өтірігін inbusiness.kz ауылдағы жергілікті билік басшылығын сөзге тартып білмек болған.Сұхбаттан ауыл әкімі Ержан Мақсұтұлы бас тартқаннан кейін, мәселенің мәнісін Қосшы ауылы қоғамдастығының төрағасы, Целиноград аудандық мәслихатының депутаты Айдын Төребаевтан сұрап білген едік.

– Айдын Берісбайұлы, Қосшыға облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру процесі қалай жүріп жатыр?

– Біздің ауылда ресми тіркелген халықтың саны – 19 990 адам. Ал бейресми деректерге сүйенсек, 80 мыңға тарта адам тұрады. Жалпы проблема бюджетте болып тұр, өйткені қанша адам тіркелсе, Үкімет тарапынан сонша адамға ғана қаржы бөлінеді. Ауылда 6 түрлі салық түрінен бюджетімізге бар-жоғы 63 млн теңге қаражат түседі. Қосшының қажеттілігін есептесеңіз – бұл тиын. Ауылдағы үлкен кәсіпорындардың салығы аудан бюджетіне кетіп жатыр. Ал ол салықтың ақшасы айналып Қосшының пайдасына жарамайды. Облыстық маңызы бар қала болсақ, біздің салығымыздың өзінен-ақ 1,5 млрд теңге түседі екен. Оған облыстан түсетін тікелей трансферді тағы қосыңыз. Сол қаражатқа ауылымызды едәуір көркейтіп алар едік.

16 сәуірде өткен жергілікті қоғамдастықтың жиналысында осы мәселені көтердік. Шаруашылық кітапшасы деген бар. Оған біздің ауылда қанша үй, оның қанша малы бар дейсіз - бәрі есептеліп, тіркеледі. Сол кітапшада Қосшыда 25 мың үй бары жазылған. Бір ғана Лесная полянада 35 мың адам тұрады. Халықтың көбі ауыл есебінде тіркелмеген. Пәтерді жалдап тұрады. Қалада жұмыс істейді. Адамдарды таяуда ауылға уақытша тіркеуге тұруға шақырдық. Ондайда ешкім қаладағы үй кезегінен айырылып қалмайды. Сонымен шаруашылық кітапшасында өткенде шамамен 50600 адам барын тіркеп, Президентке хат жолдадық. Ал қыркүйек айындағы санақ Қосшыда нақты қанша адам тұратынын айқындап беруі керек.

 – Қосшының қалаға айналуының артықшылықтарын айтып жатырсыз. Кемшіліктерінің бары анық қой?

– Ауыл қала атанған соң мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығынан 25 пайыз үстемақы алынып тасталады. Қосшыда бұл санатта шамамен 1 мыңға жуық адам бар. Қалай десек те, Қосшының қала болуының кемшілігінен артықшылығы мол. Ең бастысы, Қосшының өз бюджеті артса, жол проблемасын шешіп, коммуналдық проблемаларды шешер едік.

Қосшыда қазір жер телімі мен үй арзан. Қала мәртебесі берілсе, Қосшыға екінші деңгейлі банктер келе бастайды. Банктер келе бастаса, жер мен үйдің өтімділігі артады. Жаңа жұмыс орындары да ашылады. Кәсіпкерлердің де мүмкіндігі молая түседі.

– Яғни Қосшыда алдағы уақытта үй қымбаттауы мүмкін бе?

– Әрине. Міндетті түрде қымбаттайды. Жер салығы да 4 есе өседі ғой. Қазір жер үшін салық 1,5 мың көлемінде болса, қала жағдайында 6 мың теңге төлеуге тура келеді.

– Қосшы нақты қашан қала мәртебесін алады? Мерзімі белгілі ме?

– 16 сәуір күні тиісті хаттаманы Целиноград ауданының мәслихатына жолдадық. 19 сәуірде аудандық мәслихат қарастырып, ары қарай облыстық мәслихатқа жіберді. Олар қолдап, хаттаманы Үкіметке бағыттады. Үкімет ары қарай өз тарапынан Президент Әкімшілігіне жолдады. Президент Әкімшілігі осылайша, Президент Жарлығының жобасын шығарды. 15 мамырға дейін жалпы халықтық талқылауына жіберген. Ол мерзім өтті...

– Қазір ауылда бар-жоғы үш мектеп пен бір емхана тұр. Яғни ауылға әлеуметтік нысандар жетпейді. Бұл мәселенің шешімі қандай? Байқасақ, ауылда біршама құрылыс жүріп жатқан сияқты..

– Ауылда қазір отбасылық "Жанұя" атты емхана бар. Ал Республика көшесінің бойында 100 орындық емхана салынып жатыр. Бұйырса, келесі жылы пайдалануға беріледі. Одан бөлек салынып жатқан 3 мектеп бар. Үшеуі де – 1200 орындық. Біреуі Лесная полянада, екіншісі Абай, үшіншісі Сейфуллин көшесінде бой көтереді.

– 80 мың халық бар десек, меніңше, қосымша үш мектептің салынуы да орын жетіспеушілігі мәселесін шеше алмайтын секілді ме, қалай?

– Егер үш мектеп жұмыс істеп кетсе, ол біздің үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешер еді. Жалпы балалардың саны екі есе көп болып тұр. 25 балаға арналған сыныптарда 40 баладан оқиды. Сол себептен үш мектептің салынуы мәселені едәуір шешуге тиіс.

 – Қосшыда су, жарық проблемасы өте өзекті. Апта демесек те, халықтың ылғи шулап жататынына куәміз. Жарық сөнсе, судың да келмей қалатынын қалай түсінуге болады?

– Су жинайтын станса бар. Бүгін де біздің ең үлкен проблемамыз сол боп тұр. 2018 жылы тиісті қаражат бөлініп, жоба бойынша ішінде резервті желілер салынуы керек еді. 1,8 шақырымдық сол желі жоқ. 2010 жылы салынған электр желілері тұр. Жердің астында. Қосшының жері ойнамалы. Желі 19 жерден үзілген. Сондықтан жарық болмаса су да тоқтайды. Өйткені сорғылар тоқпен ғана істейді. Осыған байланысты комиссия құрдық. Электр желісін тез арада салу керек. Екіншіден, су жүйесінде мембранды тазарту болуға тиіс. Негізі оның үшеуі болуы керек. Алайда екеуі ғана істеп тұрған секілді. Біздің судың сапасы сондықтан төмен. Комиссия осы мәселені шешу үшін қаражат бөлу жағын қарастырып жатыр.

– Қосшыда қыдыратын саябақ жоқтың қасы. Ауылда алдағы уақытта саябақ салынуы мүмкін бе? Бір қарасақ, маңайда бос жер де қалмаған секілді.

– Ауылда саябақтың жоқтығын аудан әкімінің алдында көтердік. Сұрап отырмыз. Қазір мектептің жанына, орталықтағы Қалдаяқов көшесі де саябақ салуға сұранып тұр. Дұрыс айтасыз, проблема – ауылдың ішінде бос жердің қалмауында. Одан бөлек Қосшы ауылының әкімдігінде 10 қызметкер бар-ма, жоқ па – білмеймін. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы болсын, басқа болсын – қызмет жоқ. Ал қала болсақ, ауылдың өзекті мәселелерін бақылайтын қызметтер пайда болар еді. Ал дәл қазір саябақты салғаннан кейін оны қарап, ағаштарды суару керек. Оған кім қарайды?

 – Білуімізше, өзекті мәселелердің көбі Қосшыдағы жауапсыз мердігерлерден келіп отыр. Алтын орда, Даймонд парк тұрғын үй кешендерін бір компания салғанын естиміз. Ал сол үйлерде суы мен жарығынан бастап проблема жетіп артылады. Халықтың шағымы өте көп. Осы жүгенсіздік қашанғы жалғаса береді?

– Бұл расында да, салмақты проблема болып тұр. Өйткені кезінде бұл үйлердің құрылысын басқа адамдар бастаған. Одан кейін олар салып жатқан күйде үйлерді басқа біреуге сатып жіберген. Қазір салып жатқан жігіттер сол басында шыққан проблемаларды білмей қалған. Кейіннен туындаған ғой бәрі. Былтыр қараталақ деген шықты. Кезінде малдың өлексесі көмілген ғой ауылға. СЭС-тың талабы бойынша өлексе көмілген орыннан радиусы бір шақырым жерге ештеңе салуға болмайды. Сол радиустың шеті Шоколад пен Даймонд парк тұрғын үй кешендеріне тіреліп тұр. Үй салынып жатқан кезде тиісті органдар осы жайды ескертіпті.

Ол бір мәселе. Проблеманы облыстың деңгейіне көтеріп, СЭС-ті іске қостық. Прокуратура бәрі кірісіп жүріп, әйтеуір тұруға рұқсатты берді, себебі үй түсіп қойған. Адамдар тұрып жатыр. Сондықтан мәселе шешілді. Десек те салушының қаражаты жоқтығы турасында проблемасы бар негізі. Әкімдіктің немесе басқа органдардың араласа алмайтын себебі – бұл азаматтық қарым-қатынас. Үйді әкімдік салса – сол жауапты болар еді. Заң бар. Заңды ешкім бұза алмайды.

– Сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рақмет!

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу