Қалауын тапсаң қож да алтын

Бек Темір Бек Темір
4170

Ақсу ферроқорытпа зауыты алдағы бес жылдың ішінде 4 млн тоннадан астам өндірістік қожды қайта өңдеуді жоспарлап отыр. 

Қалауын тапсаң қож да алтын

Индустриалды аймақ саналатын Павлодар облысында шоғырланған ірі өндіріс орындары қалдықты қайта өңдеп, кәдеге жаратуды мықтап қолға ала бастады. Жалпы қалдық жартылай өнім екендігі белгілі. Оны қайта өңдеп, пайдаға жарату білікті мамандардың ғана қолынан келеді. Бүгінгі таңда  Ақсу ферроқорытпа зауыты металлургия мен құрылыс саласының кластері үшін  соңғы тауарлық өнімдердің алынуымен 4 млн тоннадан астам ағымдағы және жинақталған қожды қайта өңдеп, ел игілігіне ұсынбақ. Ол үшін жаңа кешеннің  құрылысы  жүргізілуде. Атап өтерлігі жаңа нысанның  қуаттылығы жылына 130  мың тоннаны құрайды.  

"Қалдықты екінші рет қайта өңдеу – бұл елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялауымен төртінші өнеркәсіп революциясының бір аспектісі және Еуразиялық топтың бір мегатренді. Сондықтан осы салаға Ақсу ферроқорытпа зауытында ерекше назар аударылады. Осы бірлескен инвестициялық жоба АқсФЗ қожды қайта өңдеу цехында бар қызметтер мен қолданылған технологияларды қайталамайды деп айта кеткім келеді", – дейді зауыт директоры Сергей Прокопьев.

Бұл өндіріс орнында бұған дейін де қайта өңдеу кешені ашылған болатын. Ал аталмыш қож өңдейтін жаңа өндірістік кешен ұсақ фракцияларды қайта өңдеуге бағытталған. Бүгінгі күні алып зауытта осы құрылымдық бөлімше ғана жетпей келгенін  тілге тиек еткеніміз артық болмас.  Ұсақ түрдегі қожды  тұндыру кешенінің жұмыс технологиясы металл концентратпен және соңғы қалдықтардың әрі қарай фракциялық бөлінуімен шығарылатын субөнімді (қождың) тұндырудағы ағынды, үздіксіз тұндырылуымен бекітіледі. Техникалық құжаттамаға сәйкес пайдалы металдың шығару үлесі 85%-ды құрайды. Қоқыстарды ішкі сүзгіден өткізетін, яғни қоршаған ортаның ластануын болдырмайтын тұйық су контуры қолданылатын болады. Бұл экологиялық тұрғыдан тиімді.

Жаңа нысанның іске қосылуымен, Ақсу қаласында  қосымша 400-ге жуық жұмыс орны пайда болады. Ең қажетті мамандықтар: концентраторшы, дәнекерші-реттеуші, пісіруші және шебер. Бұл мамандық иелері арнайы біліммен қаруланып, тәжірибеде өз шеберліктерін шыңдамақ. Екі қолға бір күрек іздегендер үшін жаңа нәпақа табудың көзіне айналады.

Айта кету керек, қалдықтарды екінші рет қайта өңдеуге Ақсу ферроқорытпа зауытына кәсіпорын аймағында осы жобаның жүзеге асырылуымен айналысатын Еуразиялық топтың әріптесі "Казрудпром" өндірістік компаниясы қол ұшын бермек.

"Біздің өнеркәсіптік топқа екі компания енеді. Бұл "Минерал Индастри Тобы" және "Казрудпром" ӨК. Соңғы компания жоғарғы көміртекті феррохромнан қожды байыту қызметтерін көрсету бойынша аутсоринг Еуразиялық топ ұсынған теңдер жеңімпазы болды. Біздің мамандардың өндірістік тәжірибесі, өңірдің маңызды экологиялық әсерімен, Ақсу ферроқорытпа зауытының базасында қождық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жобаны жүзеге асыруға ықпалын тигізеді деп есептейміз",  – дейді топтың директоры Станислав Головкин.  

Ақсу қаласында қайта өңделген шикізаттан құрылыс және отқа төзімді қоспаларды, тауарлық қиыршық тас пен құм өндіру жоспарланып отыр. Осы жобаның шарттарын жүзеге асыру мақсатында қазіргі уақытта барлық деңгейде Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарымен келіссөз жүргізілуде. Жаңа кешеннің құрылысы аяқталғаннан кейін отандық түрлі салалар жергілікті өнімнің қызығына кенеледі деген сенім бар.

Бек Темір

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу