banner

Қалталылар "Қазақстан халқына" көмектесе ала ма?

Қор басшылары қоғам тарапынан қойылып жатқан сұрақтарға жауап берді. 

Қалталылар "Қазақстан халқына" көмектесе ала ма?

Президент тапсырмасымен құрылып, алғашқы күндері-ақ 12 млрд теңгеден астам қаржы жиналған "Қазақстан халқына" қоры туралы соңғы күндері сауал, пікір көбейіп кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Кім қаржы салуы керек, қарапайым адамдар, мысалы мұғалімдер ақша аударуы керек пе? Қомақты соманы кім бақылайды? Қаржы кімдерге беріледі? Әлеуметтік желі осындай сауалдарға толы. Мұны қоғам белсенділері де айта бастады. 

"Atameken Business" телеарнасына сұхбат берген журналист Гүлмира Әбіқай қорға қатысты сауал көп, ең бірінші қамқоршылық кеңеске қатысты, дейді. 

"Қор құрылады, қамқоршылық кеңес құрылатыны хабарланды. Сол кезде біз халықтың талқысына салатын шығар деп ойладық. Кеңеске әр саладан, әр аймақтан өкіл сайлануы керек еді. Әр өңірде сыйлы, көшбасшылары бар. Біз соны әлеуметтік желіде талқылап жатқанда, "мүшелері осы" деп тізім шыға келді. Айналдырған 12-15 адам, соның ішінде, мысалы Қайырбек Сүлейменов керек пе еді? Жас, қызметте жүрген, әділ, адал жастар тұрғанда зейнеткер атамызды ертіп келу керек пе?", – деген қоғам белсендісі қамқоршылар кеңесінде қазақтілділер жоқ деп отыр. 

"Оқиға кезінде қиын жағдаға тап болған адамдар шалғай ауылдардан хат жазды. Мына қор қамқоршылық кеңестің ішінде бір қазақтілді маман жоқ. Көбі Аружан Саинның қорына көмектесіп, қаржы құйған. Қазір де айналып келіп бір адамның қорына қаржы құятын сияқты болып қалды. Қазақстан халқына емес, Аружанның қорына деген сияқты. Мұны Қазақстан халқына емес, атауын да асықпай әдемі қылып өзгерту керек еді. Қорға қатысты шу көп, мүмкін әлі де өзгеріс болатын шығар", – дейді журналист. 

Бұдан бөлек, ол қордың қазір, бірден іске кірісіп кеткенін қалайтынын айтты.  

"Қор дер кезінде құрылды. Бірақ енді қазір төтенше жағдайдан қиындық көріп жатқан, азап шеккендер, жоғалып кеткендер қиналып қалғандар бар ғой. Неге соларға көмекті бірден іске асырмасқа? Миллиардтап, қордың салымын жинағанша ол адамдар жазылып кетеді. Қиналып жатқаны өліп кетуі мүмкін. Мысалы: анасы оққа ұшып мерт болған 4 бала. Оның кішісі 7 айлық. Ертең қор өзі-өзіне келіп, "ал, балам саған көмектесейік дегенде, ол бала өсіп, жүріп кетеді ғой. Дәл қазір оған сүт, памперс керек", – деді спикер. 

Қоғам белсендісінің ойынша қорға қаржы әу баста айтылғандай қарапайым адамдардан емес, қалталы адамдардан жиналуы керек.

Мемлекет қоғам пікіріне құлақ асты ма? Осы ретте қор басшысы Болат Жәмішев бірқатар сұрақтарға жауап берді. 

Алдымен қамқоршылар кеңесі туралы

"Қордың қамқоршылық кеңесіне қатысты да көп сұрақ туындап жатыр. Кеңес мүшелерін кім сайлады, неге халық талқысына салмады деген секілді. Қор Мемлекет басшысының бастамасымен құрылды. Әрине, қорға қаржы аударған қоғамдық ұйым немесе жеке тұлға оның қайда жұмсалып жатқанын білуге құқылы. Жиналған қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысы Үкіметке де әлеуметтік жауапкершілік жүгі артылады. Сондықтан кеңес мүшелерін Үкімет бекітіп, бізге ұсынды. Өз басыма келсем, қор төрағасы ретінде қамқоршылық кеңес құрамында мен де бармын. Маған қор жұмысын ұйымдастыру, жүргізу міндеті жүктелген", – деді Болат Жәмішев "Хабар 24" арнасының "Ошакбаев LIVE" бағдарламасының эфирінде.

Қорға түскен қаржы қайда сақталады? 

"Қорға түскен қаржы 7 банкте болады. Барлығы да отандық банктер. Яғни қайырымдылық жасаған адам немесе ұйым қаржыны қай банк арқылы жібереді, ақша сол банкте болады. Қор ашыла сала алғашқы қаржы Halyk Bank арқылы түсті. Одан кейін Kaspi.kz және тағы 5 банкке қайырымдылық қаржысы түсе бастады. Қаржыға біз жауапты болғандықтан, халық сеніміне кірген, несие жүйесі оң жолға қойылған банктер таңдалды. Одан әрі отандық ірі кәсіпорындармен тікелей жұмыс істейтін боламыз. Ал орта және шағын кәсіпорындармен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы меморандум жасаймыз", – деді қор басшысы. 

Қаржы қалай бақыланады? 

"Қазақстан халқына" қорының өз сайты болады. Сайтта жиналған және жұмсалған қаржыға қатысты деректер ашық көрсетіледі.

"Өз сайтымызды әзірлейміз. Қорға түскен әр теңге және оның қайда жұмсалғаны туралы есеп беріледі. Ол есеп сайтқа жарияланады. Қазір осы жұмысты ұйымдастырумен айналысып жатырмыз", – дейді Жәмішев.

Сондай-ақ қор басшысы қаржыны бақылау үшін қатысушылар кеңесінің құрылатынын алға тартты. Ол қамқоршылар кеңесінен бөлек бола ма, ашып айтпады. Құралатын болса, құрылып қойған кеңеске қатысы жоқ шығар. 

Халықтың еркінен тыс ақша жинала ма?

"Біз еркінен тыс қайырымдылық жасауға қарсымыз. Біреуден қинап ақша жиналмауын талап етеміз. Бұл – ақылға сыймайтын жайт. Жеке өз басым, қор басшысы ретінде де еріксіз қаржы жинауға қарсымын", – деп түсіндірді Жәмішев. 

Қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ирина Смирнова дәл осындай пікір білдірді. 

"Мен халықтан қаржы жинауға қарсымын. Маған мектеп кезінен бастап ақша жинау деген ұнамайтын. Қарапайым адамдардан ақша жинау қордың жұмысына абырой бермейді. Мемлекет басшысы қор жұмысына қатысты нақты айтып өтті, байып, масайған адамдардың халыққа көмек көрсететін уақыты келді деді. Қорға қаржыны еркінен тыс аудартып жатыр деген шағым да түсіп жатыр. Мен мәжбүрлеуге қарсымын. Қор жұмысы аяққа басып, ел игілігін көре бастағанда қайырымдылық көрсеткісі келген жандар өздері-ақ түсінеді. Сондықтан біреуді қинаудың қажеті жоқ. Еріксіз аударылған қаржыны қайтарып беру керек", – дейді депутат. 

Демек қарапайым адамдардың негізсіз, еріксіз ақша жинамайды. Тіпті жиналған күннің өзінде қайтарып алуына рұқсат. 

"Егер қорға қаржы аударылып, кейін аударған адам белгілі себеппен ақшасын қайтарып алғысы келсе, мәселе жоқ. Қаржы иесіне қайтарылады", – деді Болат Жәмішев.

Қордың құрылтайшылары кімдер? 

"Бірнеше қоғамдық бірлестік бірігіп "Қазақстан халқына" қорының құрылтайшысы болып отыр. Атап айтқанда 4 қоғамдық ұйым. Неге ол 4 ұйым деген сұрақтар да қойылып жатыр. Аталған ұйымдар осыған дейін де мемлекеттік органдармен бірлесіп, денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік салада қайырымдылық шарасымен тұрақты айналысып келеді. Және сол 4 қоғамдық ұйым жоғарыда аталған сала министрліктерінің ұсынысымен таңдалды. Осы тұста ерекше айтып өткім келеді, құрылтайшылардың қатысушылар секілді құқығы жоқ. Оларға арнайы құқық берілмейді. Олар тек қор жұмысының басталуына серпін берді, қайырымдылықты алғашқы болып бастады. Қор аз уақыттың ішінде құрылды. Сондықтан осындай шешім қабылданды", – деді Болат Жәмішев.

Қайырымдылық көмек бірінші кезекте кімдерге көрсетіледі?

Қордың алғашқы қайырымдылық жобасы – жаппай тәртіпсіздік кезінде қызмет барысында қаза болған құқық қорғау және әскерилердің отбасына көмек. Және ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек көрсету. Бүгінде жұмыс осы бағытта жүріп жатыр.

Болат Жәмішевтің айтуынша қордың штаты үлкен емес, бар-жоғы 25 адам еңбек етеді.

"Ескеретін жайт, қорға күніне елдің түкпір-түкпірінен қаншама қаражат түсіп жатыр. 25 адам оның бәріне есеп жүргізе алмайды. Сондықтан біз өңірлер бойынша қоғамдық қайырымдылық ұйымдарымен бірігіп жұмыс істейтін боламыз. Біз оларды қаржыландырмаймыз, тек серіктес ретінде жұмыс істейміз", – деп қорытындылады ұйым басшысы.

Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша қордың шоттарына 12 млрд теңгеден астам қаржы түскен. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу