Қамданған қарап қалмас

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
3876

Мамандар биыл егін жинау науқаны қиын әрі күрделі болуы мүмкін екенін айтып отыр.  

Қамданған қарап қалмас

Ақмоладан жыл сайын шамамен 1,8 млн тонна астық алыс және жақын шет елдерге экспортталады. Ал 800 мың тоннадан астам бидай республиканың 7 облысына таратылады.

Биыл облыс бойынша 4,7 млн  гектар жерге дән түседі деген жоспар бар. Оның ішінде 4,3 млн гектарға дәндi дақыл, 241,5 мың гектарға майлы дақыл, 591,7 мың гектарға мал азықтық дақыл егіледі.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,5 мың гектарға көп. Алайда Астрахан, Аршалы, Ерейментау және Жарқайың аудандарынан басқа барлық аудандарда мал азығы дақылының алқабы өткен жылмен салыстырғанда біршама кеміген.

Өңір шаруашылықтары негізінен астық және мал өсірумен айналысқанымен, ауыл шаруашылығына тән басқа салаларды да дамытып, оның ішінде көкөніс егуді молайтуды көздеп отыр.

"Көкөніс алаңдарын мамандандырылған ауыл шаруашылығы құрылымдарының есебінен ғана ұлғайта аламыз. Астана маңындағы азық-түлік белдеуінде біздің облыстың негізгі бағытын, жеткізетін өнім көлемін ұмытпаған абзал. Алдымызда әрбір ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындайтын қожалықтарды ашу міндеті тұр", – дейді  Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Мұрат Балпан.

Өңірде жемшөп қорын дайындау ойдағыдай емес. Биыл облыста 820 мың тонна шөп дайындау межеленген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге төмен.

Егістік аумағының басым көпшілігін майлы дақылдар құрап отыр. Облыста майлы дақылдарды өңдейтін 6 зауыт, 13 сүт зауыты және 12 ет өнімін өңдейтін орын бар. Олар өңделетін өнімнің  аздығынан өзінің 30-50 % қуатын ғана пайдаланып тұр.

Мал өнімдерін дұрыс өндірудің негізі берік жемшөп қорында жатыр. Соған қарамастан егіс алқаптарының үлес салмағында екпе шөптер 400 мың гектарды ғана құрайды.

Биылғы егіс науқанына шамамен 16 мың трактор, 16,8 мың бірлік тұқым сепкіш және 1145 бірлік өнімділігі жоғары егін егу кешендері жұмылдырылады. Алайда бірқатар аудандардағы машина-трактор паркінің техникалық жағдайы  төмен. Әбден тозығы жеткен техника заман талабына сай емес. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы жұмыстары межелі мерзімінде аяқталмай жатыр. Мәселені оңтайлы орайластыру үшін биыл агротехника паркін жаңарту жұмысы қолға алынбақшы.  Облыс жыл басынан бері жаңа 56 трактор және 30 егіс кешенін сатып алды. Бірақ осының өзі аздық етіп отыр.

"Тап қазіргі уақытта облыс бойынша ауыл шаруашылығы техникаласының  тозу көрсеткіші 66 % - ды құрайды. Осыған орай, біз әр жыл сайын машина-трактор паркін кем дегенде 8 % - ға жаңартуды жоспарлап қойдық", – дейді Мұрат Балпан.

Биыл облыста 522 мың тонна тұқым тексеруден өткен. Оның 86 %- ы І-ІІ санатты тұқым деп танылған. Бүгінгі таңда облыстық бюджеттен минералдық тыңайтқыш сатып алуға 1 млрд 600 мың теңге бөлініп отыр. Осы қаржымен 700 мың гектар жерді тыңайтуға болады.

Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексенбай Қасқарбаевтың сөзінше, өңірде биыл да ауа райы құбылмалы болады. Сондықтан қолдағы қорды нәтижелі және тиімді пайдалану қажет. 

"Астық өсірумен айналысатын аудандар үшін ылғал жеткілікті  деп айтуға әзірше ерте. Бұған дейін қар тоқтату жұмыстары барлық астық егетін аудандарда жүргізілді. Өткен жылдардың  кемшіліктерін ескере отырып, биыл барлық  технологиялық талаптарды  сақтауға мән берілуі тиіс.  Себебі жоғары өнімділік кепілі – сапалы тұқым мен сайлы техника", – деді Жексенбай Қасқарбаев.

Мамандар алдағы егін жинау науқаны күрделі болатынын ескертіп отыр.  Сондықтан жергілікті атқарушы органдар қазірден бастап жіті қимылдауы керек. Күннің күрт жылынуы арқаны кеңге салғызбайды. Дәнді уақытында егу, тыңайтқыш себу және  өзге де технологияны толыққанды жүзеге асырудың  арқасында ғана көл-көсір өнімге кенелуге болады.

Әсем Ұланқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу